«Астана» футбол клубы Түркияда алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізуде

АЛМАТЫ. 7 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін «Астана» футбол клубы Түркияның Анталия қаласында өздерінің шет елдегі алғашқы оқу-жаттығу жиынын бастады.

Ол 19 қаңтарға дейін созылмақ. Оқу-жаттығуға команданың негізгі ойыншыларынан: қақпашылар - Денис Төлебаев, Ненад Эрич, Алексей Белкин; қорғаушылардан - Қайрат Нұрдәулетов, Виктор Дмитриенко, Евгений Горячий, Александр Киров; жартылай қорғаушылар - Ұлан Қонысбаев, Марат Шахметов, Валерий Коробкин, Фокси Кетевоама, Дамир Кояшевич; шабуылшылар - Таңат Нөсербаев, Сергей Остапенко, Сергей Гридин, Филип Ивановски қатысуда. Бұдан бөлек, команданың 1993 жылғы жас тәрбиеленушілері қақпашы Римас Мартинкус, қорғаушылар Дмитрий Каминский, Павел Халезов, жартылай қорғаушы Ринат Хайруллин және шабуылшы Бимұхамед Бөкеев негізгі құрамнан орын алуға күш салмақ.

Өткен маусымда Д.Каминский «Астана-1964» командасына жалға берілсе, өзгелері «Астананың» қосалқы құрамында өнер көрсеткен болатын. Биыл сондай-ақ,Қарағандының «Шахтерінен» Александр Киров пен Сергей Гридин «Астанада» өз бақтарын сынауға келіп отыр.