«Астана» футбол клубының басшылығы команда бюджетіне қатысты мәселеге түсініктеме берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» футбол клубының басшылығы команда бюджетіне қатысты мәселеге түсініктеме берді.

Айта кетейік, бұның алдында БАҚ беттерінде «Астана» клубы 45 миллион АҚШ валютасын сұратып жатыр деген ақпарат тарап кеткен болатын.

«Бұл сома қайдан шыққандығын түсіндіріп өткім келеді. Себебі, ол дұрыс берілмеді. 45 миллион АҚШ долларын біз «Самұрық-Қазына» қорынан сұрап жатқан жоқпыз», - деп атап өтті «Астана» клубының бас менеджері Қайсар Бекенов.

«Клубтың биылғы деңгейде сақталып қалуына осындай сома қажет деп айтқан болатынбыз. Яғни, келесі жылы да біз үлкен жетістіктер көрсеткіміз келсе, клуб шамамен 45 миллион долларды иеленуі тиіс. Дегенмен, бұл сома тек «Самұрық-Қазынадан» алынбайды, Еурокубоктардан ұтқан қаражаттан, билеттен түскен ақшадан, бизнес қауымдастықтың демеушілігінен және жарнамадан түседі. Оның үстіне атрибутика сатылымы, Чемпиондар Лигасының матчтарынан түскен билет қаражаттары бар. 45 миллионды бізге «Самұрық-Қазынадан» алу деген дұрыс емес, оның ішінде клубтың өз кірістері де бар», - дейді бас менеджер.