НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сербиялық маман Срджан Благоевич «Астана» футбол клубының бас бапкері қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сербиялық маман елордалық клубпен екі жылға келісімшартқа қол қойды. Ол бұған дейін екі жыл қатарынан Ақтаудың «Каспий» командасына жетекшілік жасады.
Өткен жылы және биыл «Астана» командасында ресейлік маман Андрей Тихонов бас бапкер қызметін атқарды.
Алматының «Қайрат» клубымен кездесуде ойыншылардың кездесуі бітпестен алаңнан кетіп қалуына байланысты ол екі жылға Қазақстанда футбол саласында қызмет атқара алмайтын болып шеттетілді.
Еске салсақ, «Астана» ел біріншілігінде екінші орынды қанағат тұтты. Қазақстан кубогында жартылай финалдан әріге аса алған жоқ.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.