«Астана» футбол командасының келесі ойынын өткізу орны талқыланып жатыр - елорда әкімі
«Біз бұл тұрғыда тиісті жұмыстарды атқарып жатырмыз. Қазіргі кезде осы мәселені ҚР Мәдениет және спорт министрімен талқылаудамыз. Стадионда өте үлкен шара жоспарланып отыр. Бүгінде оған өте үлкен дайындық жүріп жатыр, яғни ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған бұл шараға (Астана Аренада) өзге елдердің мемлекет басшылары қатысады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде тарихи оқиға және үлкен дайындықты қажет етеді»,-деді әкім тілшілерге берген сұхбатында.
Сонымен қатар әкім өз сөзінде «Астана» футбол командасы Чемпиондар лигасының іріктеу сынында финляндиялық ХИК командасымен өткен кездесудегі жеңісін айрықша қуанышпен қабылдағанын айта келе, «біз бұл жеңісті күттік. Бұл қазақстандық футболдың, Астана командасының жетістігі. Бұл айтулы оқиға. Қазіргі кезде біз осы мәселені шешіп (команда ойынын өткізу орнын) жатырмыз»,-деді.
Айта кетейік, бұқаралық ақпарат құралдарында «Астана» командасының АПОЭЛ-мен өтетін кездесуі Алматыда өтетіндігі хабарланған болатын.
Бұдан бұрын мәлім етілгендей, Қазақстан чемпионы «Астана» футбол клубы Чемпиондар лигасының плей-офф сынында кипрлiк "АПОЭЛ" командасымен болатын алғашқы ойынды 18 тамызда өз алаңында өткізеді.
Ал қарымта кездесу Кипрде 26 тамызда болады деп жоспарлануда. Айта кету керек, жеңiмпаз лиганың топтық кезеңiне өтсе, жеңiлгенi Еуропа Лигасына өтеді.
"Астана" Чемпиондар лигасына алғаш рет қатысуда. Екiншi іріктеу кезеңiнде елордалық команда словениялық "Мариборды" тiзе бүктiрген болатын. Кейiн турнирден ХИК-тi ығыстырды. Плей-офф кезеңіне өткен "Астана" 700 000 еуро табысқа кенелдi. Егер АПОЭЛ командасынан басым түссе, тағы 12 млн. еуро алуы ықтимал.