Елордада алғаш рет Дүниежүзілік туристік гидтер қауымдастықтары федерациясының (WFTGA — World Federation of Tourist Guide Associations) халықаралық әдістемесі бойынша ұлттық жаттықтырушыларды даярлау курсы ұйымдастырылды. Жобаны «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы іске асырды. Бұл елордадағы кәсіби туристік қауымдастықты дамыту жолындағы маңызды қадам болды.
Бағдарламаға іріктеуден өткен Астананың 12 тәжірибелі гиді мен экскурсия жүргізушісі қатысты. Үміткерлерге қойылған негізгі талаптар — жоғары білімінің болуы, кемінде екі жылдық жұмыс тәжірибесі және ағылшын тілін меңгеруі.
— Оқу екі апта бойы WFTGA ұйымының Ұлыбританиядан келген халықаралық жаттықтырушысы Виола Льюистің жетекшілігімен өтті. Бағдарлама аясында гидтерді даярлаудың халықаралық стандарттарын меңгеруге, кәсіби дағдылар мен оқыту әдістемесін дамытуға бағытталған теориялық және практикалық сабақтар ұйымдастырылды, — делінген хабарламада.
Курстың басты мақсаты — Астанада ұлттық жаттықтырушылар тобын қалыптастыру. Олар алдағы уақытта жаңа гидтерді өз бетінше оқытып, салалық қауымдастықтар жанынан WFTGA стандарттарына сай біліктілікті арттыру курстарын өткізе алады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, гид пен экскурсия жүргізушісі — туристерге көрікті жерлерді таныстыратын маман ғана емес, сонымен қатар қаланың тарихын, мәдениетін және бүгінгі тыныс-тіршілігін қонақтарға түсіндіріп беретін өкіл. Туристің қала туралы алған әсері мен оған қайта оралғысы келуі көбіне гидтің кәсіби шеберлігіне байланысты.
Астанада WFTGA халықаралық әдістемесі негізінде ұлттық жаттықтырушыларды даярлау курсы алғаш рет өткізілді. Бұл бастама қалада халықаралық оқыту стандарттарын енгізуге, экскурсия қызметінің сапасын жақсартуға және туризм саласын жүйелі дамытуға мүмкіндік береді.
Осыған дейін Солтүстік Қазақстан облысында туристік салада білікті мамандар тапшылығын азайту мақсатында гидтер мен экскурсоводтарға арналған он күндік оқу курсы өтіп жатқанын жазғанбыз.