Астана ғимараттарына смайлдар жабыстырыла бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 12 мамыр күні Астанада «Жастар жалыны - 2017» гала концертінің ашылуында қаланы абаттандыру саласындағы кемшіліктерді анықтауға бағытталған жастар қозғалысы басталды.

Белсенділер Республика даңғылында орналасқан ғимараттарды қарап шықты.

Жастар кәсіпкерлік нысандарды, мәдени, спорт, білім, денсаулық сақтау мекемелерін, тұрғын үйлерді, құрылыс алаңдарын тексеріп, бағалады.

Қозғалыстың мақсаты - жоғарыда аталған нысандардың аумағында тазалықты сақтауды мониторингілеу. Ешқандай ескертулер болмаған ғимараттардың қасбеттеріне «өте жақсы» деген бағаны білдіретін смайл, ал аумағын жинауды қажет ететін немесе тазаланбаған кәсіпорындарға «бұл жерді жина» деген белгіні білдіретін қызыл смайл жабыстырылады.

Қозғалыс Астана әкімі Әсет Исекешевтің бастамасын қолдау аясында құрылды. Елорда басшысы жастарды қала бойынша қозғалыс құрып, бес жобаны қолға алуды ұсынды: «Астана - дені сау және спорт сүйетін адамдардың қаласы», «Астана - мейірімді және жүзі жылы адамдар қаласы», «Астана - таза қала», «Астана Smart City», «Ақжарқын Астана».