«Астана» гольф-клубында Конституция күні мерекесіне арналған жарыс өтті

АСТАНА. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат // - Тамыздың 24-і күні «Астана» журналының жүлдесі үшін гольфтен ұйымдастырылған жарыс «Астана» гольф-клубында өтті. Аталмыш шара Конституция күні мерекесіне арналды.

Бұл «Астана» журналы мен гольф-клубтың алғашқы бірлескен жобасы. Алдағы уақытта ол дәстүрге айналмақ. Жарысқа осы жолы 11 ойыншы қатысып, ойын қызықты да тартымды болды. Турнир қорытындысы бойынша жарыстың кубогін Хуснулла Гумаров жеңіп алды. Екінші орынды Асқар Әбішев иеленді. Үшінші орын Ибрагим Тагашевке бұйырды. Сондай-ақ Димаш Досанов, Армен Хачатрян, Ален Таңатаров пен Сағи Құдайбергеновтер жарысқа арнайы дайындалған сыйлықтарға ие болды. Ойынға қатысушыларға «Famous» түнгі клубында кофе-брейк ұйымдастырылды.

Жалпы алғанда жарыстың мақсаты - гольф спортын елімізде кеңінен танымал ету. «Астана» журналының Бас редакторы Мақсат Тәжі-Мұраттың сөзіне қарағанда, «Астана» гольф-клубында осы спорт түрін дамытуға барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Ал ойыншылардың пікірлерінше, гольф дегеніңіз тұнып тұрған философия. Өйткені ол дұрыс ойлап, жағдайға дұрыс бейімделе білуді қажет етеді. Ойыншы үшін басты міндет - алдыға бір мақсат қойып, соған жетуге барын салып бағу.