«Астана халықаралық әуежайы» АҚ-да мемлекеттік сатып алу заңнамасының бұзылу фактілері анықталды

АСТАНА. 15 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Астана халықаралық әуежайы» АҚ-да мемлекеттік сатып алу заңнамасының бұзылу фактілері анықталды.

Бұл туралы ҚазАқпарат Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Астана қаласының Әуе көлік прокуратурасы жеке кәсіпорынның шағымы бойынша «Астана халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамында мемлекеттік сатып алу заңнамасының қолданылуы жөнінде тексеріс жүргізген. Тексеріс жүргізу барысында «АХӘ» АҚ-ы мемлекеттік сатып алуға қатысушыны қолданыстағы заңнамада қарастырылмаған біліктілік талаптарына сай емес деп негізсіз қорытынды шығарған. Осылайша, мемлекеттік сатып алу заңнамасының бұзылуына жол берілгені анықталды», - делінген баспасөз айғағында.

Прокуратура мәліметіне қарағанда, аталмыш әрекетті жүзеге асыру арқылы кәсіпорын белгілі бір өтінім берушінің мүддесін қорғағаны байқалады. Осыған орай, прокуратура әуежай басшылығының атына заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыныс енгізіліп, әуежайдың 9 қызметкері тәртіптік жазаға тартылған. «Сонымен қатар, кәсіпорынның 7 лауазымды тұлғасына қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 167 бабы 6 тармағы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, мемлекеттік уәкілетті органның қарауы негізінде тұлғалардың әр қайсысына 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Нәтижесінде мемлекет пайдасына 1 048 500 теңге өндірілді», - делінген баспасөз хабарламасында.