Астана халықаралық әуежайы ЕҚЫҰ қатысушыларын қарсы алуға дайын

АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов елордалық әуежайда Астана қаласында 1-2 желтоқсанда өтетін ЕҚЫҰ Саммитін көліктік қызметпен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының қорытынды отырысын өткізді.

Отырысқа сыртқы істер, қорғаныс және ішкі істер министрліктерінің, қалалық әкімдіктің және аталған форумды өткізуге тартылатын көлік және коммуникация кешені кәсіпорындардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.

Жұмыс тобы көлік қызметінің алдағы Саммитке толықтай дайын екенін атап өтті. Атап айтқанда, келетін әуе кемелері санының көптігіне байланысты әуежай перроны 22 ұшақ тұрағына кеңейтілді. 113 арнайы техника сатып алынып, басқа әуежайлардан 29 техника тартылды. Қар үйінтектерін болдырмау мақсатында 41 41 тазалау техникасы әзірленді, сонымен қатар қаланың коммуналдық қызметімен қажетті жағдайда қосымша техника бөлу жөнінде келісілді.

Қызмет көрсетілетін әуе кемелері санының көбеюіне және басқа да қызметтердің ашылуына байланысты қосымша мамандар тартылды. Олардың қатарында басқа әуежайлар мен авиакомпаниялардан әуе кемелері қызметін қамтамасыз ететін 65 инженер мен техниктер, сондай-ақ ағылшын тілін жете білетін астаналық жоғары оқу орындардың студенттер қатарынан 42 еріктілер бар. Оған қоса, «Эйр Астана» авиакомпаниясынан 80 адам тартылды. Бүгінгі күні, барлық қатысты қызметкерлермен түсініктеме жұмыстары мен қосымша жаттықтыру өткізіліп, әуежайдың жұмыс тәртібі мен қауіпсіздік шаралары жөнінде ақпарат берілді.

Астаналық әуежайда шекаралық бақылауды уақытылы қамтамасыз етуді ұйымдастыру мақсатында халықаралық рейстер және ішкі рейстердің келу залдарында 8 жұмыс орны бар 4 қосымша кабина, сыртқы істер министрлігінің консулдық қызметіне арналған 3 жұмыс орны жасақталды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ауа райының өзгеру ықтималдығына байланысты Алматы мен Қарағанды әуежайлары мен темір жол вокзалдарында жоғарыда аталғандай әзірлік жұмыстары жүргізілуде. Авиарейстер бұл қалаларға ауыстырылған жағдайда, қонақтарды темір жол және автомобиль көлігімен жеткізу қарастырылған.