Астана халықаралық әуежайында рейстер кешіктірілуде

None
АСТАНА. Желтоқсанның  20-сы.  ҚазАқпарат /Дамир  Байманов/ - Астана  халықаралық әуежайында     рейстер   кешіктірілуде. 

 Бұл туралы  ҚазАқпарат тілшісіне  «Астана   халықаралық     әуежайы»  акционерлік  қоғамының     жедел басқару  жөніндегі атқарушы  директоры Александр  Бекмұрзин   хабарлады.

Ол  сондай-ақ,  әуежайдың   жақын  арада    ұшақтар  қабылдап  және ұшыра бастайтынын     хабарлады.   Уақыттың  жоқтығына байланысты ол  басқа ешқандай   түсіндірме  берген жоқ.

Әуежайдың   өндіріс   жөніндегі вице-президенті Сейіл  Қыпшақбаев,    ұшып-қону алаңын  тазалау  жөніндегі  жұмыстар  әлі   жалғасып жатқанын     хабарлады.   «Әзірге  біз сағат 15.00-ге дейін ресми жабықпыз»,  деп  хабарлады ол.

Бүгін «Қазәуемет»  компаниясынан   желтоқсанның 20-сы   күні сағат  10.30-дан  19.00-ға  дейінгі аралықта  көктайғақ болатындығы  туралы  ескерту   жарияланды.

Сенбі, желтоқсанның  19-ында  жауған   жаңбырдан кейін     ұшып-қону алаңында  мұз  қатып,    әуежайдың     жабылғаны  бұдан бұрын хабарланған болатын. А.Бекмұрзиннің айтуынша, әзірге   ұшу сапарларына    «жексенбі күні  түске  дейін»    тыйым  салынып отыр.