«Астана» халықаралық қаржы орталығын құруға бағытталған заң жобасы мақұлданды - Мәжіліс

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заң жобасын мақұлдады.

ҚР Ұлттық Банкі Төрағасының айтуынша, заң жобасының мақсаты озық халықаралық тәжірибені ескере отырып, орталық қатысушыларының қызметі үшін қолайлы әрі тартымды жағдайларды қамтамасыз ететін «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру болып табылады. Осыған байланысты, заң жобасымен «Астана» халықаралық қаржы орталығының нақты белгіленген шекарасы шегінде ерекше құқықтық режим құру қарастырылады.

Орталықтың аумағында және оның қатысушыларына тек «Астана» халықаралық қаржы орталығы» туралы заңның және оның органдары актілерінің нормалары ғана қолданылады деп жоспарланған. Орталық органдарының актілері Англия және Уэльс құқығының қағидаттары мен нормаларына және әлемнің жетекші қаржы орталықтарының стандарттарына, бірінші кезекте Дубай халықаралық қаржы орталығының нормативтік құжаттарына негізделеді. Бұдан бөлек, «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағында Орталықты басқару жөніндегі кеңес, орталық қатысушыларының қызметін бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган, яғни Ұлттық банктің ведомствосы АХҚО қатысушыларының қызметін реттеу жөніндегі комитет, орталық әкімшілігі, соты жұмыс істейтін болады. Мұнымен қоса, «Астана» халықаралық қаржы орталығының құқығы Қазақстанның Конституциясына, заң актілеріне, органның актілеріне негізделеді. «Астана» халықаралық қаржы орталығында арнайы соты құрылады. Дубай халықаралық қаржы орталығының сотына ұқсас бұл соттың құқықтық мәртебесі тәуелсіз және Қазақстанның сот жүйесіне кірмейтін сот ретінде айқындалып отыр.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Сенатқа жолданады.