«Астана» ХҚО дер кезінде ашылғалы отыр - Ұлыбританияның сауда және инвестиция экс-министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлыбританияның сауда және инвестиция экс-министрі Френсис Мод «Астана» Халықаралық қаржы орталығының Орталық Азия аймағында алдағы уақытта алар орыны туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Расында да, қаржы орталықтарының қарқынды түрде дамып келе жатқанына куәміз. Мәселен, өткен ғасырдың сексенінші жылдары мен Маргарет Тетчердің үкіметінде министр болып, қаржы орталығы орналасқан Лондонда қаржылық нарықтардың реттелуіне жауапты болдым. Сол кездің өзінде мен адамдарға Лондонның дәл қазір ірі қаржы орталығы екенін айтқаныммен, бірақ ол кезде ХҚО-ға мұндай құқық берілмейтін. Қазіргі таңда әлемнің түкпір-түкпірінде мұндай қаржы орталықтары күннен күнге артып келеді. Нарық және қаржылық қызметтерге сұраныс мол. Жаһандық деңгейде оның келешегі де әлеуетті. Сондықтан, тиімді халықаралық қаржы орталықтарының қажеттілігі басым», - дейді ол.

Френсис Модтың айтуынша, әлем мемлекеттері инвесторлар үшін барынша жағдай жасап жатыр.

«Инвесторлар не іздейді? Олар табыс түсіретін компанияларға әуес. Олар ақшаларын табысы мол салаға жұмсағысы келеді. Олар сонымен бірге, қауіпсіздік жағына баса маңыз береді. Бұл дегеніңіз - заңның үстемдігі. Инвесторлар ең алдымен өз құқықтарының бұзылмауына мән береді. Қауіпсіз ортаны қалыптастыра білетін реттеуші жүйені іздейді. Бюрократияға ұрынғысы келмейді. Сондықтан, менің ойымша, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының дамуы - ойластырылған, стратегиялық қадам болып табылады», - деді ол.

Френсис Мод өз сөзінде Қайрат Келімбетов айтқандай, экономикалық гравитация Азияға ауысып бара жатқанына қосылды.

«Әлбетте, Дубайда, Сингапурда, Лондонда қаржы орталықтары бар. Бірақ, осы аймақта мұндай қаржы орталығы бірінші рет ашылғалы отыр. Бұл аймақта өте көп мүмкіндіктер бар болғандықтан, Орталық Азия тез дамитын аймаққа айнала алады. Астанада ағылшын құқығын ұстанып отырғаныңыз - өте пайымды қадам болды деп есептеймін. Сондықтан, Астананың географиялық орналасуы мен қаржы орталығының тура ашылу уақыты - бәрі де сәтті келіп тұр», - деді ол.