«Астана» ХҚО Jumore электрондық сауда алаңымен ынтымақтастықты нығайтпақ

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Бүгін «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) мен «Zhejiang «Jumore» E-commerce Co. Ltd» компаниясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Қытайдағы меншікті тілшісі.

Тараптар  «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасы аясында  іске асырылатын жобаларға тікелей инвестициялар тарту және қор нарығын дамыту бойынша бір-біріне қолдау көрсетуге уағдаласты.

«Астана»  қаржы орталығы басшысы Қайрат Келімбетовтің сөзіне қарағанда, АХҚО үшін  әлемнің 130 елімен әріптестік қарым-қатынас орнатқан «Jumore» тәжірибесі аса маңызды.

«Астана» ХҚО Jumore электронды сауда алаңымен ынтымақтасуға дайын.

«Қазақстандық жобаларды «Jumore» электрондық коммерция алаңына қосу, сондай-ақ  аталған компанияның тәжірибесі мен технологиялық ресурстары «Астана» ХҚО қаржы хабы ретінде дамуына қосымша серпін береді», - деп атап өтті Қ. Келімбетов.

Еске сала кетейік, 2015 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру туралы заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады.