«Астана» ХҚО туралы шетелдік сарапшылар не дейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен ашылған «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі мен болашағына қатысты шетелдік сарапшы мамандар өз ой-пікірлерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана» ХҚО табысты экономика құруға үлкен септігін тигізеді» деп есептейді Ұлыбританияның сауда министрі Лорд Фрэнсис Мод.

«Мен  «Астана» ХҚО ашу идеясын қолдаймын. Мұндай қаржы орталығының әлеуеті өте зор. Жаһандық экономиканың  географиясы қазір шығысқа қарай ойысуда. Ал Қытаймен шектесіп жатқан Қазақстан, құрлықтың ішіне, орта шығыс, Ресей аймағына еркін шыға алады. Экономикалық реформалау бағытындағы жұмыстар жалғасын тапса «Астана» ХҚО табысты экономика құруға үлкен септігін тигізбек», - дейді ол.

Сарапшы  «Астана» ХҚО жұмысын дамытуға қатысты бірқатар кеңестерімен бөлісті.

«Кейде адамдар жаңа қаржы орталықтарына сенбей жатады. Алайда бұл жұмыстарды стратегиялық тұрғыдан дұрыс жүргізсе - мұндай орталықтар өте пайдалы. Менің ойымша сіздерге ең алдымен жекешелендіру бағдарламасын тиімді жүзеге асыру қажет. Бұл - ең шешуші жұмыс», - дейді Лорд Фрэнсис Мод.

Жаңа ашылған орталық қызметіне финляндиялық компаниялар да үлкен қызығушылықпен қарайды.

«Астана» ХҚО ашылу рәсіміне қатысқан финляндиялық «Tracegrow» компаниясының бас атқарушы директоры Тату Липпанен осылай дейді.

«Астана - Финляндия үшін әлеуетті бизнес хаб. Бұған біздің көзіміз жетті. Әрине, қызығушылығымыз өте жоғары. Жалпы Қазақстанда мүмкіндіктер көп. Сіздерде білімді мамандар, жақсы бизнес жүйесі бар. Бұл фин компаниялары үшін өте маңызды. Олар Астана арқылы тұтас Орта Азия өңіріне шыға алады», - дейді Тату Липпанен.

Оның айтуынша «Астана» ХҚО-ның өңірлік хабқа айналу мүмкіндігі өте жоғары.

«Мен әлемнің ірі қалаларында 7 жыл тұрдым. Және сіздердің Астанада істеген жұмыстарыңыз мені қатты таңғалдырды. Бұл қала шетелдік инвестицияны барша Қазақстанға тарту мүмкіндігін қалыптастырады», - деп пікір білдірді Тату Липпанен.

Сонымен қатар «Дарэм» ислам экономикасы және қаржы орталығының директоры Мехмет Асутай  «Астана» ХҚО - Қазақстан экономикасына ислам қаржысын көптеп тартуға мүмкіндік береді деп есептейді.

«Қазақстан дамушы мемлекет, оған экономикалық өсім керек. Қаржы ағыны аса қажет. «Астана» ХҚО - сол қаржыны елге тарта алатын орталыққа айналады», - дейді Мехмет Асутай .

Оның айтуынша, бүгінгі таңда ислам қаржысына деген сұраныс әлемде өте жоғары. Ал Астана өз өңірінде маңызды орталық. Сондықтан Қазақстан үшін исламдық қаржының өңірлік хабына айналу  - бұл өте маңызды саяси шешім.

«Ендігі мәселе сіздерге бизнес мектептерді және қаржы саласындағы зерттеулерді дамыту қажет. Өйткені Қазақстан - жас мемлекет. Халқы да жас. Олар қаржылық тұрғыда аса белсенді емес», - дейді Мехмет Асутай.

Қаржы орталығына қатысты АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Джордж Кролда өз пікірімен бөлісті.

«Менің ойымша «Астана» ХҚО болашағы жарқын. Өңірде бұрын-соңды мұндай құрылым болмаған. Қазақстандық қаржы орталығында жұмыс жүйесі жақсы жолға қойылған. Сот, биржа саласындағы ең озық ойлар тартылған. АҚШ-тың NASDAQ биржасы «Астана» ХҚО бірлесіп жұмыс істеуі біз үшін үлкен мақтаныш», - деді американ елшісі.

Оның айтуынша, «Астана» ХҚО ТМД, Еуразиялық экономикалық одақ аясында аса ауқымды қаржылық ұйымға айналмақ.

«Американдық бизнесмендер «Астана» ХҚО туралы көбірек білгілері келеді. Тіпті біздің елшілікте жаңа қаржы орталығына қызығушылық танытқандар бар. Сондай-ақ АҚШ сауда палатасының өкілдері «Астана» ХҚО аясында жұмыс істеуге ниетті», - дейді Джордж Крол.

Бұл ретте ол қаржы нарығындағы бәсекелестік өте жоғары екенін айта келе, қазақстандық орталық өз қызметін жарнамалау мәселесіне баса мән беру керектігін ескертті.