Оның сөзінше, Астана экономикалық форумында Астана халықаралық қаржы орталығы екі шараның ұйымдастырушысы. Соның бірі - жасыл қаржыландыру.
«Осы тақырып туралы айтып кетіңізші, қызық тақырып. Терминнің өзі жаңа», -деп атап өтті сессияның модераторы, журналист Мөлдір Бақыт.
Өз кезегінде Саясат Нұрбек қазіргі таңда дүниежүзінде энергетиканың ішкі табиғаты, құрылымы, қаржыландыру тетіктері ауысып жатқандығын баса айтты.
«Әсіресе, Еуропа елдерінде, АҚШ-та үлкен революция болып жатыр. Ең соңғы жаңалыққа тоқталсақ, Дания елі 2015 жылы өз өзін 130 пайыз электр қуатымен қамтамасыз еткен. Яғни, баламалы энергия көздерімен, ол - желдің қуаты, күннің қуаты. Осы баламалы қуат көздерін ішкі тұтыну 130 пайыздан асып кеткен. 100 пайызын өзі игереді, қалған 30 пайызын сатып отыр. Дания - суық мемлекет, Скандивания елдеріне жақын. Олар жел мен теңіздің қуатын пайдаланады көбіне. Екінші мысал - Германия. Германия қазір баламалы, таза энергия көздерін тұтынушыларға тегін береді. Ал, АҚШ-та Майкл Блумберг, Apple-дің өзі осы тұрғыдағы технологияларды тауып жатыр. 2015 жылы қол қойылған Париж келісімшарты бойынша 2020 жылға дейін 192 ел осы салаға 7,2 трлн доллар инвестиция құюға келісті. АҚШ-та ең көп жұмыс орындарын беретін сала - баламалы энергия бөлетін сала. АҚШ Энергетика министрінің мәліметіне сүйенсек, жарты миллионнан астам жаңа жұмыс орындарын беріп отыр. Тағы бір қызықты фактор - ең көп патент, ең көп интелектуалды патенттер осы салада беріліп жатыр. Сондықтан, осы салада шыққан қаржыландыру - «жасыл қаржыландыру» деп аталады», - деді ол.
Оның дерегінше, Норвегия мұнай қорына бай болғанымен қазіргі уақытта қаржысының 30-40 пайызын тек қана «жасыл» энергетикаға салуда.
«Ал Қазақстанда осы саланы дамыту үшін өндірілетін энергия бағасының тым арзан болуы тежеуіш фактор болып отыр. Павлодарда жылу электр станциялары тұр, Павлодарда өте арзан көмір шығып жатыр. Сондықтан, көмір жағылады да энергияның бағасы 10 центтен аспайды. Ал баламалы энергияның тиімділігі - 10-11 долларға тең болады екен. Сондықтан, қазіргі таңда Астана халықаралық қаржы орталығының бір басымдығы - «жасыл» қаржыландыру.
Оның негізгі мақсаты - жаңа, күрделі құралдар арқылы осы саланы дамыту. Бұл өте үлкен нарық. Сонымен қатар, АҚШ пен Еуропадан басқа, Қытай да осы нарыққа қосылып жатыр. Қытайдың ең бірінші проблемасы - қоршаған ортаны қорғау. Олардың үлкен жоспарлары бар. Үлкен зауыттар мен фабрикаларды іске қосып жатыр. Екіншіден, осы нарыққа көп қаржы дайындап, құяйын деп отыр», - деді ол.
13:05, 15 Маусым 2017
Астана ХҚО жасыл қаржыландыруды дамытпақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» халықаралық қаржы орталығы (ХҚО) жасыл қаржыландыру тетіктерін дамытатын болады. Бұл жайында Астана экономикалық форумы аясында өткен Қазақ журналистері бірлестігінің «Ғаламдық экономикадағы қазақ БАҚ-ның рөлі» атты сессияда «Астана» ХҚО-ның басқарушы директоры Саясат Нұрбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.