Астана хронологиясы
Астана әлемде дінаралық сұхбатқа ашық жалғыз қала атанды. 2003 жылдың қыркүйек айында әлемдік тарихта алғаш рет Қазақстан елордасына ислам, христиан, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизм сынды 17 конфессия басшылары келіп, жаһан халықтарының өзегін өртеген мәселелерді көтерді.
Ал 2011 жылы Астана Қысқы Азия ойындарын қабылдап, құрлықтағы 26 елдің спортшысын жинады. Ойын тамашалаған көрермендер саны 1,5 миллиард адамнан асып жығылды.
Көп ұзамай, біздің елде «Болашақ энергиясы» тақырыбымен «Astana EXPO-2017» халықаралық көрмесінде 100-ден астам мемлекет өз павильондарын ашатын болады.
Қала өмірі қайнап жатқан қазан секілді, секунд сайын өзгеріп жатыр. Астана қаласының 18 жылдығына және Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі ерекше жобаны - Астана қаласының жылнамасын жасауды қолға алды. Бүгін біз 2016 жылы елорда өмірі қалай басталғандығын өзіміздің жылнамамызда ұсынатын боламыз.
1 қаңтар күні Астана жұрты Жаңа жылды ерекше көңілмен қарсы алды.
Алдымен үлкен экраннан Елбасының құттықтау сөзін тыңдаған елордалықтар, кейін қаланың әсем безендірілген мұз қалашықтарын тамашалады. Бұл кезде қаланың орталық алаңдарында мерекелік концерттер өтіп жатты. Жаңа жыл кеші керемет отшашумен жалғасты.
Әрине, ең бірінші болып, елорда тұрғындары мен қонақтарын Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков Жаңа жылмен құттықтап, жаңа - 2016 жылы қастерлі тәуелсіздігімізге 25 жыл толатындығын, осы уақыт ішінде тәуелсіздігімізді тұғырлы ету үшін талай келелі іс атқарылғандығын ерекше атап өтті.
1 қаңтар күні елордалық дәрігерлер Жаңа жыл түні елордада 30 нәресте дүниеге келгендігін жария етіп, қала тұрғындарын жағымды жаңалықпен қуантты. №1 перинаталдық орталықтың хабарлағанындай, олардың 17-сі - ұл, 13-і қыз бала.
3 қаңтар күні жергілікті «Барыс» хоккей клубы өз жанкүйерлеріне жаңажылдық сый тарту етті. Ол өз алаңында Ханты-Мансискінің «Югра» командасын тізе бүктірді. Бұл ҚХЛ-дағы маусымда «Барыс» командасының қатарынан үшінші жеңісі болатын.
5 қаңтарда елордада жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада басталды.
Ол №66 мектеп-лицейі мен №6 гимназиясында Астана қаласы білім беру мекемелерінің 9-11 сынып оқушылары арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІIІ (қалалық) кезеңі болатын.
Олимпиада мақсаты - дарынды балаларды анықтау, дамыту және қолдаудың тұтас жүйесін қалыптастыру, жеке пәндер бойынша ерекше дарындылық танытқан Астана қаласы білім беру мекемелерінің оқушылары немесе жеке пәндер бойынша аса дарынды балаларды оқыту мен тәрбиелеу.
Олимпиада жалпы білім беретін 15 пән бойынша өткізілді: №66 мектеп-лицейі базасында - химия, биология, физика, математика, география, информатика, №6 гимназия базасында - қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі, тарих, құқықтану негіздерінен, орыс тілі және әдебиеті, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі, француз тілі, ағылшын тілі, неміс тілі пәндерінен өтті. Олимпиадаға Астана қаласының мемлекеттік және жекеменшік білім беру мекемелерінен 702 оқушы қатысты.
5 қаңтарда «Қаллеки» театрына жаңа басшы тағайындалды.
Астана қаласы әкімшілігі мен мәдениет басқармасының шешімімен Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры болып Айболат Сексенбаев тағайындалды.
Айболат Жанғалиұлы Сексенбаев 1978 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Пятимар совхозы, Аққұс ауылында дүниеге келген. 1995-1999 жылдары М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Менеджер және театр ұжымын басқарушы» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1999-2000 жылдары. Орал қаласындағы «ТДК-42» телеарнасында редактор қызметінде бастады. 2000-2006 жылдары. Астана қаласының Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрында әкімші, бас әкімші қызметін атқарды. 2005-2007 жылдар аралығында Қарағанды экономикалық университетін «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдады. 2006 жылдан бастап аталмыш театрда директордың көрермен жөніндегі орынбасары, 2012 жылдан театр директорының бірінші орынбасары болған. 2013 жылдың 1 қарашасынан бастап, Астана қаласы әкімдігінің «Жастар театры» МКҚК директоры болып қызмет атқарып келген.
11 қаңтарда елорда әкімдігінің 2016 жылдағы бірінші аппарат отырысы өтті. Онда Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков барлық қалалық қызметтердің жаңа күнтізбелік жылдағы жұмыстарының
негізгі бағыттарын белгілеп берді. Ең алдымен олар Мемлекет басшысының Бес институционалдық реформасын іске асыруға негізделетінін айтты.
Қала басшысы 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап, күшіне енген негізгі заңнамалық өзгерістерге тоқталып өтті. Мемлекеттік аппарат тиімділігін арттыруға бағытталған бірінші реформа мемлекеттік қызметті жаңғыртуға негізделеді. Әкімнің атап өткеніндей, бір уақытта қабылданған және өзара байланысты мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңдар, жаңа Мемлекеттік қызметшілердің этикалық кодексі әр бір әкімдік қызметкерінің күнделікті жұмысында басшылыққа алынуы тиіс.
11 қаңтарда, сонымен бірге, Астана әкімі Әділбек Жақсыбековтің бұйрығымен Астана қаласының жергілікті полиция қызметінің басшысы тағайындалды.
Бақытжан Малыбаев 1969 жылы дүниеге келген. ҚР ІІМ Алматы заң институтын тәмамдады. 1990 жылдан Ішкі істер органдарында қызмет етіп келген. Көп жылдар басшылық қызметте болып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және жол қозғалысының қауіпсіздігі бойынша құрылымдарды басқарды.
14 қаңтар күні ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Астанада ашылған Инвесторларға қызмет көрсету бөлімдерінде болып, олардың жұмысымен танысты. Біздіңше, бұл да Астана үшін тарихи оқиға.
ХҚКО жанындағы Инвесторларға қызмет көрсету инвестициялық жобаны жүзеге асыруға барлық қажетті мемлекеттік қызметті «бір терезе» қағидаты арқылы алуға болады. ҚР ИДМ мәліметіне қарағанда, Қазақстанда инвесторларға қызмет көрсететін 19 бөлім жұмыс істейді, ал Астанада олардың саны - 2, Алматыда - 3, ал әр облыс орталығында бір қызмет көрсету секторы болады. Бұл бөлімшелер инвесторларға бюрократиялық және әкімшілік салмақты айтарлықтай төмендетеді деген оймен құрылған еді.
«Тез өзгеріске ұшырап отырған сыртқы жағдайларда инвесторлар мен шағын бизнес үшін бюрократиялық кедергілерді жоюға қатысты реформаларды жылдам жасау керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылы министрлікте басымдықты жобалар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша қызметті жүзеге асырдық. Біз барлық меморгандармен нормативтік-заңнамалық базаны қарастырдық. Енді биылдан бастап кез келген инвесторлар үшін кеңес беру мен барлық рұқсатнамалық құжаттарды ұсыну қамтылып отыр. Яғни, әрбір инвестор меморгандарға жүгінбестен, ХҚКО-ға келіп, бір жерден 350 мемлекеттік қызметті алуға мүмкіндік жасалып отыр», - деді Ә. Исекешев.
Бұл тұрғыда жерді пайдалану, құрылыс жұмыстарына қажетті құжаттар, сәулеттік-жобалау ғимараттары, инвестициялық шартты бекіту және басқа да қызметтер қамтылған еді.
Атап айтқанда, осы Инвесторларға қызмет көрсету секторларында тиісті құжаттарды беру барынша қысқа мерзімде атқарылатын болды.
14 қаңтарда, сондай-ақ, Астанадағы океанариумға жаңа балықтар әкелінді.
Елордада он үш жылдан бері мұхиттан 3 мың шақырымнан астам қашықтықта орналасқан әлемдегі жалғыз бірегей Мұхит аралы (океанариум) жұмыс істеп келеді.
Океанариумда Оңтүстік Америка мен Оңтүстік-шығыс Азиядан, жылы тропикалық өзендерден және ашық теңіздер мен мұхиттардан әкелінген теңіз бен тұщы суда тіршілік ететін 2 мыңнан астам балық бар.
Астанаға жеткізілген жаңа балықтардың ішінде қанатты-зебра - ұзындығы 30 см жыртқыш балық, ол өз ұзындығының үштен екісіне жетеқабыл балықты жеп қояды. Арқа және кеуде жүзбеқанаттарындағы ұзын ленталарда өткір улы инелер болады.
Мұхит аралында әлемдегі ең улы балық - бородавчатка немесе тас балық тіршілік етеді, оның ұзындығы 35-50 см. Пиранья тұқымдастарынан шыққан балықтар да адамдардың қызығушылығын тудырады. Қоңыр паку Оңтүстік Америкадағы хакациндердің ең ірі өкілі болып табылады және ұзындығы 1,08 м, салмағы 40 кг жетеді. Тағы бір жыртқыш балық - пиранья наттерердің төменгі жақтары мен тістері оған қорегін кесектеп жеуге мүмкіндік береді.
Мұхит аралының басты мекендеушілері - акулалар. Ақ теңбіл мысық акула Үнді және Тынық мұхиттарында 18 м дейінгі тереңдікте мекендейді. Олар түнде шығады, қорек іздейді, ал күндіз су асты үңгірлерінде және жарықтарда жасырынады. Атлант мұхитында және Тынық мұхитының шығыс бөлігінде 130 м дейінгі тереңдікте тіршілік ететін мұртты күтуші акула да бар. Оның 4,30 м ұзындары да кездеседі. Күтуші акулалар түнде шығады. Күндіз 40 шақты акула топтасып су түбіндегі құмда, үңгірлерде немесе таяз сулардағы жартастар мен маржан рифтердегі жарықтарда демалады.
«Думанда» ақ жүзбеқанатты рифтік акула да бар. Бұл кархарин тәріздес тұқымдастарынан шыққан жалғыз рифтік акула түрі. Олардың ерекшелігі - жүзбеқанаттарының басы ақ болады. Үнді және Тынық мұхиттарында 1-330 м дейінгі тереңдікте мекендейді.
Мұхит аралына келушілер акула, теңіз тасбақалары және т.б. теңіз балықтарын тамашалай алады. Тәжірибелі нұсқаушының жетекшілігімен көлемі 3 млн литрлік теңіз суына түсуге де болады. Бұдан басқа, «Думанда» тұщы немесе теңіз суынан жеке аквариум жасап алуға мүмкіншілік бар.
15 қаңтар күні Астанада Тұрғын үй комиссиясының шешімімен 227 пәтер үлестірілді, соның ішінде 200 бір бөлмелі, 1 екі бөлмелі және 26 үш бөлмелі пәтер.
Елорда әкімдігі тұрғын үйге мұқтаждылар ретінде есепке алынған азаматтарды кезек бойынша бірнеше санатқа бөлді: Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары; жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; халықтың әлеуметтік осал топтары; мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйым қызметкерлері, әскери қызметкерлер; Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте жалғыз баспанасы апатты болып танылған азаматтар. Қазақстан Республикасының қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін баспананың ауданы пайдалы ауданды жан басына есептегенде кем дегенде 15 шаршы метр болады және 18 шаршы метрден аспайды. Сонымен қатар, тұрғын үй беру кезінде жынысы әр түрлі тұлғаларды (ерлі-зайыптылардан басқа) бір бөлмеге орналастыруға жол берілмейді. Сондықтан әрбір жеке отбасыға жеке пәтер типі таңдалады. Тиісті пәтер типі болмаған жағдайда, тұрғын үй коммуналдық қорында пәтерлер типі бар кезек бойынша тұрған келесі азаматтар қаралады.
15 қаңтарда елордада қарттарға арналған шағын орталық ашылды. Алғашқы орталық «Нұрсая» тұрғын үй кешенінде «Есіл» ауданы әкімі аппараты мен ПИК қауымдастығының қолдауымен есігін ашты.
Мұнда қарттардың бір-бірімен кездесуіне, шахмат, дойбы ойнауына, кітап оқып, бірге шай ішуіне болады. Орталық сыйымдылығы - 30 адам.
Сонымен қатар, Есіл ауданының Ардагерлер кеңесі өз жұмысын жоспарлау және талқылау үшін семинарлар мен кездесулер өткізе алады. Сондай-ақ, орталықта аптасына бір рет ардагерлердің өтінішін қабылдау жүргізіледі.
Жалпы, елордада қарт адамдарға арналған 15 шағын орталық жұмыс істейді. Онда қарияларға арналған демалыс клубтарында түрлі үйірмелер жұмыс істейді, шахмат жарыстары, поэзия күндері, мерейтой иелерін құттықтау, семинарлар мен т.б. шаралар өткізіледі.
18 қаңтарда Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков аумақтық мемлекеттік органдардың жаңадан тағайындалған басшыларын таныстырды. Атап айтқанда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро департаментінің жаңа басшысы Дулат Азбергеновты және Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы қызметін қоса атқаратын Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тілеген Каскинді таныстырды.
18 қаңтар күні Астанада «Шапағат-2016» республикалық өнертапқыштар байқауы басталды.
«Шапағат» байқауы 2004 жылы бекітілген. Байқаудың негізгі мақсаты - өнертапқыштықты дамыту, экономикадағы инновация деңгейін көтеру, бірегей үздік өнертабысты өндіріске енгізу.
Байқау жеңімпаздары арнайы дипломдармен және 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақымен марапатталды.
19 қаңтарда жаңа концерттер циклы аясында, «Астана Опера» театрында «Ұлы дәуірдің ұлы есімдері» атты циклдың бірінші концерті өтті.
Барокко музыкасы Ренессанс дәуірінің соңында пайда болғанын және классицизм дәуірі музыкасының негізін қалағанын естеріңізге сала кетейік. «Барокко» сөзі португалия тілінен еніп, «әдеттен тыс үлгідегі маржан» дегенді білдірсе, итальяндық тілде «қызық, оғаш» деген мағынада аударылады. Расында да табиғи дәстүрді сауатсыздық һәм жабайылық деп санап, одан бас тартқан барокко дәуірі өнерде тәсілдерінің әртүрлілігімен, сәнділігімен және күрделілігімен сипатталады.
«Астана Опера» МОБТ дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, елордалық театр ашылған кезден бастап музыканттарымыздың Моцарт пен Вердидің реквиемдерін, Бах, Моцарт, Гайдн, Бетховен, Дворжак, Чайковский, Рахманинов сияқты классиктердің ұлы шығармалары мен басқа да композиторлардың симфониялары мен концерттерін орындап келе жатқанын атап өтті.
Кеште «Астана Опера» сахнасында Генри Перселл, Иоганн Себастьян Бах, Георг Фридрих Гендель, Бенедетто Марчелло, Арканджело Корелли және Антонио Вивальди сияқты ұлы композиторлардың кейбір шығармалары алғаш рет орындалды.
Барокко музыкасын елордалық тұрғындар мен қонақтарға АҚШ, Канада, Франция, Бельгия, Нидерландтар және Ресей көрерменінің ыстық ықыласына бөленіп үлгерген театрдың кәсіби деңгейі жоғары симфониялық оркестрі мен хоры тарту етті. Солистер - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері - Айгүл Ниязова (сопрано), Александр Тараскин, Балжан Сапарова, Ажар Ғани (флейта), Дәмелі Мақпырова (гобой), Валерия Болиева (сопрано).
19 қаңтар күні Астана оқушылары халықаралық олимпиадада жүлде алды. Алматыда өткен математика, физика және информатика пәндерінен Жәутіков атындағы ХІІ халықаралық олимпиадада астаналық оқушылар 6 жүлдеге қол жеткізді.
Олимпиадаға 17 мемлекеттен 63 команда (413 оқушы) қатысқан.
Олимпиадада сарапқа салынған 191 медальдің 48-ін Қазақстан жеңіп алды, соның ішінде астаналық оқушылар 6 жүлдеге қол жеткізді.
Дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің 10-сынып оқушысы Бидайбек Санжар информатикадан 1-орын және алтын медаль алды. Сондай-ақ, Дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің 11-сынып оқушылары Амангелдин Темірлан мен Низамедин Шайхитдин сәйкесінше, математикадан және информатикадан 2-орын мен күміс медаль алды. Дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің 11-сынып оқушысы Санжар Елеуов та математикадан қола медаль иеленді. Дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мектебінің 9-сынып оқушысы Бақдәурен Нарбаев пен Мейрам Серікболсын математикадан 3-орын алды.
19 қаңтарда, сонымен қатар қазақ халқының ән-күй өнерін насихаттау мақсатында Астана қалалық білім басқармасының «№1 өнер мектебінде» «Абыз - домбыра» ІІ қалалық күйшілер мен ән-термешілер байқауы өткізілді.
Байқаудың мақсаты - аспапта орындайтын өнерпаздардың қазақ ән-күйлерінің шығу тарихын білу, сөйлеу және әңгімелеу мәдениетін дамыту, мектеп оқушыларын халық мәдениетіне баулу. Байқауға Астана қаласы жалпы білім беретін мектептерінің 7 - 13 жас аралығындағы оқушыларынан 50-ге жуық талапкерлер бақтарын сынауға өтініш берді.
Байқау 2 жанр бойынша өткізілді. Біріншісі - дәстүрлі ән, термешілер, екіншісі - күй өнері. Байқауда үздік өнер көрсеткені және белсене қатысқаны үшін талапкерлер Астана қалалық білім басқармасының дипломымен марапатталды.
19 қаңтарда елордада жол апатын азайту, жолаушылар мен жүк тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілердің мәдениетін арттыру, жол қозғалысын бақылау және қадағалау мақсатында «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді.
Үш күн бойы тәртіп сақшылары Көліктік бақылау инспекциясының аумақтық бөлімшелерімен, Мемлекеттік кірістер департаментімен және қоғамдық бақылау өкілдерімен бірлесіп желіге шықпас бұрын қалалық автобустардың техникалық жағдайын, жүргізушілердің тіркеу құжаттарының болуын тексеріп, автобустарды нормативтер мен стандарттардың талаптарын бұзып басқару және пайдалану фактілерін, көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтауды анықтау бойынша шаралар, сондай-ақ, жүргізушілер мен автобустарды жолға шықпай тұрып медициналық және техникалық тексеру шараларын, жүргізушілердің еңбек пен демалыс режимін сақтауын тексеру бойынша шаралар өткізді.
Астана қаласы Әкімшілік полиция басқармасының мәліметінше, қала аумағында жолаушыларды қоғамдық көлікпен тасымалдау саласында күн сайын 700-ден астам автобусты жолға шығаратын 8 кәсіпорын және 13 ресми таксопарк жұмыс істейді.
19 қаңтарда «Железнодорожный» тұрғын алабында №29 орта мектепте Астана қаласы «Алматы» ауданының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев халықпен екінші есеп беру кездесуін өткізді.
Кездесуге Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин, қалалық басқармалардың, коммуналдық кәсіпорындардың, 29 мектептің еңбек ұжымының өкілдері, қала тұрғындары қатысты.
Кездесуде «Железнодорожный», «Промышленный», «Күйгенжар», «Мичурино» және «Интернациональный» тұрғын алаптарының тұрғындары аудан әкіміне өз сұрақтарын жолдады. Жалпы, 40-қа жуық ауызша және алты жазбаша сұрақ келіп түсті.
Тұрғындар көлік жүйесін және жолаушылар тасымалын жолға қою, әсіресе автобустар қозғалысының арақашықтығын ұлғайту мәселесіне қызығушылық танытты. Бұл мәселе Астана қаласының Жолаушылар көлігі басқармасының қарауына жіберілді.
19 қаңтар күні Астана жұрты православ христиандарының Крещение Господня мерекесін атап өтті. Бұл күні дәстүр бойынша барлық шіркеулерде дін қызметшілері су аластау рәсімін өткізетіні белгілі. Су қоймаларында арнайы крест формасындағы ойықтарда аласталған су емдік қасиеттерге ие болады деп саналады. Сондықтан адамдардың көбі денсаулықтарын нығайту үшін мұзды суға түседі. Сол күні Астанада 13 мыңнан астам мұзды суға малынып шықты.
20 қаңтар күні «Барыс» ҚХЛ матчында Минскінің «Динамосын» жеңді. Елордада Минскінің «Динамосын» қабылдап, 4:2 есебімен жеңіске жеткен «Барыс» тағы бір маңызды жеңісіне қол жеткізіп, 52 ойыннан кейін 78 ұпай жинап, Шығыс конференциясында бұрынғыша жетінші орнына тұрақтаған болатын.
20 қаңтарда Астанада аудандық жергілікті полиция басшылары бекітілді. Қалалық мәслихаттың кезектен тыс 63-ші сессиясында елорда әкімінің орынбасары Андрей Лукин депутаттарға аудандық ішкі істер басқармаларының жергілікті полиция қызметтері басшыларының қызметіне үміткерлерді ұсынды.
«Есіл» ауданының жергілікті полиция қызметінің басшысы лауазымына 1995 жылдан бері құқық қорғау органдары жүйесінде жұмыс істейтін және сол кезде Әкімшілік полиция басқармасы бөлімінің басшысы қызметін атқарып жүрген подполковник Серік Әбутәліповтың кандидатурасы қалалық мәслихаттың келісуіне ұсынылды.
«Алматы» ауданының жергілікті полиция қызметінің бастығы лауазымына подполковник Алмас Жапаровтың кандидатурасы ұсынылды. А. Жапаров құқық қорғау органдарында 1999 жылдан бері істеген, бұған дейін Әкімшілік полиция басқармасы бөлімдерінің бірін басқарған.
20 қаңтарда «Абыз - домбыра» домбырашылар байқауы жеңімпаздары анықталды.
Қазақ халқының ән-күй өнерін насихаттау мақсатында Астана қаласының білім басқармасы «№1 өнер мектебінде» «Абыз - домбыра» ІІ қалалық күйшілер мен ән-термешілер байқауын өткізген болатын.
Мектеп оқушыларын халық мәдениетіне баулу мақсатында өткізілген байқауға Астана қаласы жалпы білім беретін мектептерінің 7 - 13 жас аралығындағы оқушыларынан, 53 мектептен талапкерлер бақтарын сынады.
22 қаңтарда Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев пен Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков елорда кәсіпорындарының жұмыс барысымен танысты.
Олар газдалған алкогольсыз сусындар шығаратын «Кока-Кола Алматы Боттлерс» ЖШС, «КСС-Астана» ЖШС-нің шыны өңдейтін зауыты, «Ютария ltd» Өндірістік Инновациялық Компания» ЖШС-ға қарасты «KazTexExpo» автоматтандырылған сауда-өндірістік кешені, электрондық-оптикалық құралдар шығаратын «Қазақстан ASELSAN Инжиниринг» ЖШС мен металл конструкциялар мен «сэндвич»-панельдер шығаратын «СПЭН қоршау конструкциялары зауыты» ЖШС зауыттарында болып, индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты.
Қалыптасқан экономикалық жағдайдың тұрақсыздығына қарамастан кәсіпорындардың барлығы жұмыстарын жалғастырып қана қоймай, қазіргі заманғы технологияларды және жаңа жобаларды жүзеге асырып, тұрғындарды жұмыс орындарымен, ал бюджетті тұрақты салық түсімдерімен қамтамасыз етіп, өз өндірістерін және өткізу нарығын ұлғайтуда.
«Кәсіпкерлік қызметті қолдау, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, қолайлы инвестициялық климат үшін жағдай жасау біздің жұмысымыздың басты бағыттарының бірі болып табылады»,- деді Ә. Жақсыбеков. Қала басшысы Елбасының жеке араласуымен ШОБ пен инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары жыл сайын артып отырғанын атап өтті. Бұған Астана нақты мысал бола алады.
Жалпы 2016 жылы «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының №1 индустриалды паркінде жалпы көлемі 187,5 млрд. теңгені құрайтын 62 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. №1 индустриалды паркінде игерілген инвестициялардың көлемі өткен жылы 36,5 млрд. теңгені құраса, 162,1 млрд. теңгенің өнімі шығарылған. Индустриалды паркті дамыту аясында 2015 жылы жалпы құны 33,5 млрд. теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба қолға алынды. Айта кету керек, Индустриалды парк аумағында 2013 жылдан бері 2853 жаңа жұмыс орны ашылған.
Индустриалды парк жанында орналасқан «Кока-Кола Алматы Боттлерс» ЖШС зауыты 2015 жылғы маусымда пайдалануға берілген. Инвесторлардың айтуынша, бүгінде өндірістің жылдық көлемі жылына 100 млн. литрді құрайды, ал 2020 жылы оны төрт есеге ұлғайту жоспарланған. Зауыт өнімдері Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақтөбе облыстарынан басқа Қырғызстан мен Тәжікстанның нарығына да экспортталады.
«Қазақстан ASELSAN Инжиниринг» ЖШС тепловизор, оптикалық жүйелер сияқты инновациялық өнімдер шығарады. Осы сияқты жоғары технологиялық өнімдер әлемнің дамыған бірнеше мемлекетінде ғана шығарылады. Жоба Қазақстанның қарулы күштерін және басқа да ведомстволарын қажетті оптроникамен қамтамасыз ету, сонымен қатар, өнімдерге техникалық және сервистік қызмет көрсетумен айналысады. Кәсіпорында 129 жұмыс орны ашылған. Электрондық-оптикалық құралдар, түнде көретін құрылғылар, тепловизорлар шығаратын зауыттың мақсатты нарығы Қазақстан, ТМД, Түркия, Үндістан, Қытай және т.б. мемлекеттер болып табылады.
Сонымен қатар, №1 Индустриалды парк аумағында шыныны өнеркәсіптік өңдеу зауыты орналасқан. Энергия үнемдеу және техникалық регламенттерді сақтау жөніндегі үкіметтік бағдарламаны қолдау үшін салынған зауытта әлемдік Lisek (Австрия), BiesseS.p.A (Италия), Bistronic (Германия), Glaston (Финляндия) өндірушілерінің заманауи автоматтандырылған қондырғыларымен жабдықталған шыныны қайта өңдейтін қауіпсіз құрылыс материалдары қолданылады. Зауыт өндірісінің мүмкіндіктері Қазақстанның құрылыс нарығын энергия үнемдейтін қауіпсіз шыны өніммен қамтамасыз етуге, құрылыста жаңа архитектуралық шешімдерді пайдалануға мүмкіндік береді. Кәсіпорын қасбеттік және безендірілген шыны пакеттер, интерьерлік, брондалған және электрмен қыздырылатын шынылар шығарады. Зауыт өнімі Астананың құрылыс алаңдарында пайдаланылады. Зауытта «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша оқытылған 78 маман жұмыспен қамтылды.
«KazTexExpo» автоматтандырылған сауда-өндірістік кешені «ПИК «Ютария ltd» ЖШС жақында (желтоқсан 2015ж.) пайдалануға енгізген кәсіпорын. Кешен «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған және ол еліміздің «Индустриаландыру картасы» мемлекеттік бағдарламасына енді, бұл ретте «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры тарапынан кепіл беру және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау механизмдері қолданылды. Кәсіпорын жеңіл өнеркәсіп саласынан өнеркәсіптік машина жасау саласына ауысып, ҚР және ТМД кәсіпорындары үшін тігін және арнайы жабдықтар әлемінде белгілі «ZOJE» брендінің автоматтандырылған қондырғыларын құрастыруға және жеткізуге бағытталған. Жаңа өндіріс негізінен әйелдер үшін 350 астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, фабрика халыққа арналған тігін және трикотаж ассортиментіндегі тауарлар мен ЕХРО-2017 дүниежүзілік көрмесін өткізуге бағытталған өнімдер шығарады.
Металл конструкциялар мен «сэндвич»-панельдер шығаратын «СПЭН қоршау конструкциялары зауыты» кәсіпорыны 2015 жылдың соңында пайдалануға берілген. «MDI» (Австралия) фирмасының «сэндвич»-панельдер өндірісі жолға қойылып, жобалық қуаттылығы - жылына 900 мың м2 «сэндвич»-панель (қабырғаға, төбеге арналған) шығару. Өндірісте 20 адам жұмыс істейді.
Бағдарлама бойынша соңғы пункт «Универmag.kz» «Қазақстанда жасалған» отандық өнімдер сату орталығы болды. Дүкен 2015 жылдың соңында ашылды. Бір айдың ішінде (2016 жылы) тауар айналымының көлемі 6 млн. теңгеден асты, мұнда қазақстандық 35 тауар өндірушінің өнімдері ұсынылған. Кәсіпкерлер елорда тұрғындары тарапынан отандық өнімдерге тұрақты қызығушылық бар екенін атап өтті.
23 қаңтарда елордадағы Ақбұлақ арнасында орналасқан мұз айдынында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, сонымен қатар «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық аясында «ЭКСПО-2017 еріктілер сағаты» атты флэш-моб өтті.
Шараны «Жас Отан» жастар қанаты, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ және Қазақстанның еріктілер альянсы ұйымдастырды. Бұл шараны ұйымдастырудағы басты мақсаты жастар арасында «ЭКСПО-20170» халықаралық көрмесінің танымалдығын арттыру, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтуге жастарды кеңінен тарту.
Акция аясында шаңғы тебу, конькимен, шанамен сырғанау сынды қысқы спорт түрлерінен сайыс өткізілді. Бәсекеде бағы жанып, алғашқы орыннан көрінген жастарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Айта кетерлігі, бұл акцияға «Жас Отан» жастар қанаты жастар ұйымының, Қазақстанның еріктілер альянсының мүшелері, «Жасыл ел» республикалық штабының мүшелері, оқушылар мен жұмыс істейтін жастар қатысты.
25 қаңтарда ҚР Орталық сайлау комиссиясы ғимаратында 20 наурызда өтетін ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауына орай, баспасөз орталығы өз жұмысын бастады.
Сондай-ақ осы күні елордада «Қамқорлық» республикалық акциясы өтті. Шараны ҚР БҒМ Балалар құқығын қорғау комитетінің қолдауымен Астана қалалық Білім басқармасы ұйымдастырған.
Шараның мақсаты - тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардан шыққан балаларға, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ, әлеуметтік қолдауды қажет ететін балалардың басқа санаттарына әлеуметтік көмек көрсету.
Акцияның басымды міндеттерінің бірі - оқушылардың сабаққа бармауының себебін анықтау, материалдық жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететін іс-шараларды қолдану, қоғамды аз қамсыздандырылған және тұрмысы төмен отбасыларға материалдық көммек көрсетуге бағытталған қайырымдылық қызметті жүзеге асыруға тарту.
Акция аясында келесідей іс-шаралар өткізілді: тұрмысы төмен отбасыларды, қараусыз және бақылаусыз жүрген балаларды анықтау мақсатында рейдтік іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу; мектеп жасындағы балалардың себепсіз мектепке бармау жағдайларын анықтау үшін білім беру ұйымдарының өкілдері, медицина қызметкерлері, ата-аналар, ішкі істер органдары, ПИК өкілдері енген жұмыс тобының қызметін белсендіру; халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын балаларға материалдық көмек көрсету бойынша іс-шаралар, соның ішінде жалпыға міндетті оқу қорынан; мемлекеттік органдардың, бизнес құрылымдардың өкілдерінен, меценаттар және демеушілерден тұрмысы төмен отбасыларға қамқоршыларды бекіту.
Мектептерде акция бойынша сынып сағаттары, дөңгелек үстелдер, қайырымдылық концерттері, жәрмеңкелер ұйымдастырылды.
25 қаңтарда Астана әкімдігінің аппарат отырысында Әдеп жөніндегі уәкіл таныстырылды. Бұл жаңа қызметті қала әкімінің кеңесшісі Рахат Бекқадамов атқаратын болды.
Жаңа лауазымды қызметті тағайындау ең алдымен әкім аппараты жұмысының тиімділігін арттыруға және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидаларын сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған. Әділбек Жақсыбеков бұған дейінгі аппарат отырыстарында әкімдіктің барлық қызметкерлері өз жұмысында мемлекеттік қызметшінің жаңа Әдеп кодексін басшылыққа алуы тиіс екендігін атап өткен болатын. Осы нормалар сақталмаған жағдайда кез келген азамат Әдеп жөніндегі уәкілге жүгіне алады. Жаңа институтты енгізу Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаментпен және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы департаментімен өзара әрекет етудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
26 қаңтар күні «Astana Motorsports» командасының топ басшысы Артур Ардавичус журналистерге арналған баспасөз мәслихатында дүниежүзіндегі ең қауіпті әрі ең беделді автокөлік жарысы - «Дакар» ойынындағы Қазақстан командасының нәтижесін баяндады.
Журналистердің назарына «Astana Motorsports» командасының Дакардағы медальдарын, өзге де жарыстардан жеңіп алған марапаттарын ұсынған топ басшысы «қазақстандықтарға осындай қуаныш сыйлау үшін команда кейде адам сенгісіз батыл қадамдар жасайды» дейді.
«Қазақстанның командасы осымен жетінші рет әлемге әйгілі Дакар жарысына қатысып отыр. Әлемдегі ең қауіпті көлік жарысына командамыз жыл сайын аман-есен қатысып келеді. 2016 жылы да жетістікке жеткен команда Дакар рейтингісінде Қазақстанның мәртебесін биікке көтерді. Қазақстанның командасы қатыспаса, бүгінде Дакар жарысының жанкүйерлері ойынды қабылдамайды деуге болады. Айта кетейін, Дакар жарыстары өтетін орында әлем елдерінің тулары тұрады, міне, сол жерде Қазақстанның Туы алғашқы он елдің қатарында», - дейді топ басшысы.
Бірақ, А.Ардавичус Қазақстанның Туын ұстап, отандастарын қуантып келетін команда осы күнге жеткенше небір қиындықты бастан кешіретінін айтады.
«Шіркін, Туымызды көтеріп, жан-жағымызды қуантып келе жатқан сәтіміз керемет. Бірақ, сіздерге ақиқатын айтайын: сол жеңістің артында команданы көз жасы, тіпті, жаны мен қаны жатыр. Дакар жарысында жаныңа бататыны - өзгенің қайғысы. Өз тобыңдағы бір жүргізушіні айтпағанда, басқа топтардағы таныс экипаж, таныс жүргізушілер дене жарақатына байланысты, болмаса, көліктің ақауына байланысты жолдан шығып кетіп, қиналып жатқанын көру - біз үшін өте ауыр сынақ. Жанымызға бататыны да сол. Дакар жарысы мен ралли-рейд жарыстарында барлық команда үлкен бір отбасы деуге болады. Кез келген экипаж келесі бір экипаждың жанашыры болып отыр. Жігіттердің арасында мұны - бауырлар арасындағы нағыз достық дейді. Тіпті, кейде отырып көліктеріміздің техникалық жағдайын, бір-біріміздің қателіктерімізді айтып, «қарсыласымызға» кеңес беріп отырамыз. Бірақ, жарыс жолында өзгенің қайғысына көңіл аударуға болмайды, аудара алмайсың. Яғни, біз жарыс кезінде эмоцияны ұмытып үйренгенбіз. Жарыс жолында өзің ұйытқып келе жатып, өртеніп жатқан, немесе тас-талқаны шыққан көлікті көресің. Айналасын құтқарушылар мен дәрігерлер қоршап, төбесінде тікұшақ ұшып жүреді. Ал, ішіндегі экипаж өлі ме, тірі ме, оны біле алмай өте шығамыз. Бірнеше секундтан кейін жаңағы жан түршігерлік көріністі мүлде ұмытып, тіпті, көрмегендей күйге түсуің керек...», - дейді жарыстың физикалық қиындығымен қатар, психологиялық ауыр жүгін айтқан А. Ардавичус.
Ал, топ басшысы әр жарыс алдында өзінің көлігімен кәдімгідей сырласатындығын да айтты.
«Әрбір старт алдында мен көлігімді айналып, оның жан-жағын ұстап көріп, көлігіммен кәдімгідей сөйлесемін. Көлігімнің әрбір деталын жарысқа дайындап, өзім де темір тұлпарымнан бір жылулық, бойыма күш-қуат жинап аламын. Көлігімнің әрбір деталы үшін мен де темірдің бір бөлшегіне айналып кетемін. Жарыс біткен соң, көлігіме кәдімгідей алғыс айтамын. Ең бастысы, биылғы Дакарда Қазақстан командасының бір де бір дөңгелегі жарылған жоқ», - деп атап өтті топ көшбасшысы.
27 қаңтар күні елордадағы Қазақстанның Ұлттық музейінде Холокост құрбандарын еске алудың халықаралық күніне орай шара өтті.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары еврейлерді жаппай жоймақ болған нацистердің қылмыстарын әшкерелеу күніне орай жиын барысында азалы митинг өтті. Айта кетейік, 2005 жылы 1 қарашада БҰҰ Бас Ассамблеясы 60/7 қарарын қабылдап, жыл сайын 27 қаңтарды Холокост құрбандарын еске алудың халықаралық күні ретінде бекітті. Осыған байланысты Ұлттық музейде жиналған жұртшылыққа арнайы фильм көрсетілді. «1945 жылдың 27 қаңтарында Освенцим лагерінде (Польша) қамауда болғандар босатылды. Осы жерде көп адам қырылды, олардың бір бөлігі босатылды. Сондықтан, бұл күнді сол нәубет жылдарында өмірі қиылғандарды еске алу күні ретінде атап өтеміз»,-деді Қазақстандағы Израиль Елшісі Михаил Бродский.Бұл концлагерь жұмыс істеп тұрған уақытта мұнда 1,5 миллионнан 2,2 миллион адамға дейін қаза тапқан, дейді әртүрлі дерек көздері. 1945 жылы дәл осы күні Кеңес Армиясы нацистік Освенцим-Биркенау ажал лагерін азат еткен болатын.
28 қаңтарда Астана қаласының Білім басқармасы ҚазГЗУ гуманитарлық заң колледжінің базасында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қазақстан Республикасы: тарихи даму тәжірибесі және тағылымы» атты форум ұйымдастырды. Шара елорданың кәсіптік техникалық білім беру мекемелерінің тарих, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық және құқықтық пәндер оқытушылары арасында өткізілді.
Форумның мақсаты - Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің қалыптасу, даму кезеңдерін жоғарғы оқу орындарының, колледж бен мектеп оқытушылары арасында ғылыми-зерттеу әлеуетін тереңдете отырып тарату, білім беру ұйымдарының тарих, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық және құқықтық пәндер оқытушыларының білім беру тәсілі саласындағы тәжірибе алмасу.
Алқалы жиынға ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкерлері, ҚР Тұңғыш Президенті және Ұлттық мұражайларының қызметкерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, Ұлттық кітапхананың, «Қазақстан картасы «Атамекен» этномемориалдық кешенінің қызметкерлері қатысты.Форумда қазіргі қазақстандық қоғамның жетістіктері мен болашақтағы даму жолы, Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық негіздері, Ұлт көшбасшысының Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасуы мен нығаюы жолындағы тарихи рөлі, Қазақстан халқы Ассамблеясы және қазақстандық бірлік, толеранттылық моделін қалыптастыру үлгісі, қазіргі қоғамдағы білім беру ұйымдарында тарих, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық және құқықтық пәндерді оқыту ерекшеліктері мен инновациялық тәсілдері және т.б. мәселелер талқыланды. Форум жұмысының қорытындысы ретінде: ұсыныс дайындау және «Қазақстан Республикасы: тарихи даму тәжірибесі және тағылымы» атты Астана қаласы кәсіптік техникалық білім беру мекемелерінің тарих, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық және құқықтық пәндер оқытушыларының ғылыми-тәжірибелікмақалалар жинағын жариялау, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған шығармашылық жұмыстарды марапаттау болды.
28 қаңтарда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Жыр керуені» атты лекция-концерт өтті. Бұл «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының қазақ халқының дәстүрлі музыкалық өнерін жаңғырту мен насихаттауға арналған «Дәстүрлі музыкалық мұра» атты бағдарламасы аясында өткен тұңғыш шарасы болатын.
Жыраулық дәстүрдің тарихы Күлтегін, Тоныкөк, Орхон Енисей жазуларынан, Естеміс-Бұмын қағандарға арналған мадақ жырларынан басталады. Сол жердегі сөз тіркестері де, ондағы мадақ та жыраудың аузынан шыққан деуге толық негіз бар. Одан кейінгі кезеңдерде Қорқыт ата, Сыпыра жырау, Кетбұға, Асан қайғы, Шалкиіз, Доспамбет, Қазтуған, Үмбетей, Бұқар жыраулар жалғасады.
Жыраулар сөзінде биік рух, қайрат, күш бар. Жыраулар елдің мұң-шерін, арман-мақсатын еш бүкпесіз ашық айтқан. Бүгінгі таңда жыраулардың мұралары арқылы тарихи сананы ояту, жырларды қалың көпшілікке насихаттау аса қажет.
Дәріс-концертті белгілі жырау, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, «Парасат» орденінің иегері Алмас Алматов жүргізді.
Шараға Қазақ Ұлттық өнер университетінің «Жыршылық өнер» кафедрасының студенттері қатысты.
28 қаңтарда Тәуелсіздіктің 25 жылдығын кең көлемде атап өту мақсатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің бастамасымен «Н. Назарбаев және мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделі» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Іс-шара Назарбаев Университетімен, БҰҰДБ (Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы) және Еуропалық Одақ өкілдігімен бірлесіп өткізілді.
Іс-шараның мақсаты - Қазақстан атты жаңа Тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы Тұңғыш Президенттің, меритократия, тиімділік, нәтижелілік, ашықтық және қоғамға есептілік қағидаларына негізделген мемлекеттік қызметтің кәсіби жүйесін институтционалдауды қамтамасыз етуші Ұлт Көшбасшысының рөлін паш ету болып табылды.
Конференцияда Тәуелсіз Қазақстанның заманауи мемлекеттік қызметін институцияландыру және кәсібилендіру жүйесі мәселелері талқыланды.
Конференция жұмысына Президент Әкімшілігінің басшылығы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері, академиялық қоғамдастықтың, дипломатиялық өкілдіктердің, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Видеоконференцбайланыс тәртібінде конференция баяндамашылары тарапынан Ли Куан Ю атындағы Сингапурдың Ұлттық Университеті мемлекеттік саясат мектебінің Вице-деканы, профессор Эдуардо Арарал (Сингапур), Корнел университеті Құқық мектебінің профессоры Чарльз Уайитхед (АҚШ) сөз сөйледі.
Конферецияға қатысушылар бірауыздан: Қазақстан Республикасы Президентінің заңды күші бар Жарлықтары Қазақстанның заманауи құқықтық жүйесінің, оның ішінде мемлекеттік басқарудың және мемлекеттік қызметтің негізін қалады; Тәуелсіздік жылдары ел Президентінің нақты бағыт ұстануының арқасында үздік халықаралық тәжірибеге негізделген заманауи инфрақұрылым және сапалы, қолжетімді мемлекеттік қызметтер көрсету жүйесі қалыптасты; Тұңғыш Президент - Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев бекіткен «Болашақ» бағдарламасы жаңа форматтағы басқарушыларды қалыптастырудың генераторы бола білді және солай қала бермек, - деген қорытындыға келді.
Халықаралық сарапшылар мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңнаманың кадрларды іріктеу мен өсіру кезінде, персоналды басқару және этиканы бақылауды күшейту институттары мен механизмдерін жетілдіруде меритократия қағидаттарын күшейтуді қамтамасыз ететіндігін жоғары бағалады. Олар заманауи және кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыруда жүзеге асырылып жатқан институционалды реформаның Қазақстанды ары қарай дамыта түседі деп есептейді.
29 қаңтарда елордадағы Кәсіби-техникалық колледжде «Жастар қуаты болашақ қуаты» фестивалі өткізілді. Шараны Астана қалалық білім басқармасы ұйымдастырды.
Фестиваль «Аударма ісі», «Қонақ үй шаруашылықтарына қызмет көрсетуді ұйымдастыру», «Дизайн», «Шаштараз ісі және декоративті косметика», «Тігін өндірісі және киімді жобалау», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Медбике ісі» мамандықтары бойынша басталды. Сән үлгілерінің жанкүйерлеріне «Тігін өндірісі және киімді жобалау» мамандығында білім алатын студенттері өздерінің үздік киім үлгілерін ұсынды. Іс-шара қонақтарына шаштараздар мен визажистер де өз өнерлерін көрсетті. Фестиваль аясында «Дизайн», «Тігін өндірісі және киімді жобалау» мамандығында оқитын студентердің туындыларынан көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ, дайын аспаздық өнімдердің көрсетілімі өткізіліп, «Шаштараз ісі және декоративті косметика» мамандығы бойынша шеберлік сыныптары көрсетілді.
29 қаңтарда Астана қаласының Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері мен Кәсіпкерлер палатасының өкілдері «Артем» сауда үйінде кәсіпкерлерге консультациялар беріп, Салық кодексін түсіндіру бойынша семинарлар өткізді.
Шара барысында салық есептілігінің формаларын толтыру, жылжымайтын мүлік пен капиталды заңдастыру, бақылау-кассалық машиналар мен POS-терминалдарды пайдалану және т.б. бойынша кеңестер берілді. Бұдан басқа, салық заңнамасы туралы барлық қажетті ақпаратты беріліп, жеке кәсіпкерлер өз сауалдар ына жауап алды. Ұсыныстарды жинақтау, қарау, талдау және талқылау үшін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің www.kgd.gov.kz сайтында тақырыптарға бөлінген форум ашылды.
1 ақпанда Астана қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының шешімімен Жастар театрының директоры болып Ернар Жұматаев тағайындалды.
Өнер ұжымының басшылығына тағайындалған Ернар Кұрбанбекұлы - Жастар театрының шаңырағын көтеріп, уығын қадасқандардың бірі. Ол театрдың бірқатар репертуарындағы Н.Гогольдің «Ревизор» трагифарсында - Осип, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы мен Баян» мюзиклінде - Айбас, Ш.Айтматовтың «Жан азабы» әфсанасында - Мәңгүрт Жоламан рөлдерін сәтті кейіптеді.
Ернар Құрбанбекұлы - 1984 жылы Ташкент облысы, Шыңғыс ауылында дүниеге келген. 2002 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы, профессор Нұрқанат Жақыпбай шеберханасында «Драма және кино актері» мамандығын игереді. Оқу орнын тәмәмдаған соң, Тазабеков театрында актерлік қызмет атқарады. Ал, 2007 жылы режиссер Нұрқанат Жақыпбай мен шәкірттері бастаған топ Астана қаласы Жастар театрының іргесін қалайды.
Ернар Құрбанбекұлы - қазақ жұртына «Денар» тобы арқылы жақсы таныс. 2008 жылы құрылған топ шоу-бизнеске өздерінің ерекше стилдерімен келіп, халық арасына бірден танылып кеткен болатын. Кейін, ол өзінің мамандығы бойынша кино және сериалдарға түсе бастады. Өнер иесінің «Бәйтерек», «Аманат» көркем фильмдеріндегі, сонымен бірге «Әке серті», «Сырғалым» сериалдарындағы рөлдері өз көрерменін таба білді.
Ертең, 2 ақпан күні Жастар театры жаңадан тағайындалған басшысын таныстыру мақсатында баспасөз конференциясын ұйымдастырады. Сондай-ақ Т.Ахметжанның «Сұлу мен суретші» қойылымының премьерасы да осы күнге жоспарлануда. Қоюшы режиссері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.
1-10 ақпан аралығында Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының ұйымдастыру-әдістемелік қолдауымен онкологиялық аурулардың алдын алу және оны ерте анықтау бойынша онкүндік өтті.
Сонымен қатар, осы онкүндікке орай, 4 ақпанда, Астанада онкологиялық орталықта Дүниежүзілік қатерлі ісік ауруларымен күрес күніне орайластырылған «Біздің қолымыздан келеді! Менің қолымнан келеді!» тақырыбында флешмоб өтті.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, шара халықты обыр ауруы, алдын алу және оны ерте анықтаудың маңыздылығы туралы хабардар етуге септігін тигізбек. Флешмоб барысында қалалық онкодиспансер қызметкерлері ақпараттық плакаттар арқылы аурудың белгілері мен оны диагностикалау әдістері туралы айтып берді.
Сонымен қатар, орталықта Астана қаласының онкологиялық диспансерінің бас дәрігері Мұхтар Төлеутаевтың қатысуымен баспасөз маслихаты өткізілді. Мекеме басшысы онкологиялық ауруларға, оны ерте анықтау және қатерлі ісікпен күресу әдістеріне қатысты сұрақтарға жауап берді.
Айта кетейік, Қазақстанның әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі онкологиялық аурулармен күрес болып табылады. Дүниежүзілік қатерлі ісік ауруларымен күрес күні - 2005 жылдан бері Халықаралық онкологиялық ауруларға қарсы күрес одағының (International Union Against Cancer, UICC) ұйымдастыруымен жыл сайын атап өтіліп келеді.
2-3 ақпан күндері Астанадағы "Хан Шатыр" ойын-сауық орталығында Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығының ұйымдастыруымен хаткер-каллиграф Мухаррем Гөкшеннің «Астанада Құснихат және каллиграфия күндері» атты көрмесі өтті.
2 күнге жалғасқан көрмеде өнерсүйер қауымның назарына Мухаррем Гөкшеннің 34 жұмысы ұсынылды. Көрменің ашылуынан кейін Мухаррем Гөкшен құснихат бойынша шеберлік сабағын өткізді.
«Құснихат» (көркем жазу өнері) -«сұлулық, әдемілік, көркемдік» деген мағынаны беретін араб тіліндегі «хұсн» сөзінен енген. Каллиграфия-«әсемділік» мағынасын беретін грек тілінің «kallos» сөзінен енген. Араб әріптерімен жазылатын, меңгерілуі қиын, негізінен нақыштау мақсатымен мешіттерде, аят және діни кітаптарда қолданылатын белгілі ережелері бар бейнелеу өнерінің бір түрі. «Құснихат» өнерін каллиграфия өнерімен жиі шатастырады. Екі өнердің ортақ тұсы көркем жазу болып табылады. Ал «құснихаттың» араб әріптерімен жазылуы, меңгерілуі мен орындалуы аса қиын болуы - каллиграфия өнерінен басты айырмашылығы. Сонымен қатар каллиграфия - бұл латын әріптермен көркем жазу өнері болып табылады.
Мухаррем Гөкшен 1980 жылы Түркияның Чорум қаласында дүниеге келген. Университет қабырғаларында көркем жазу сабақтарын алып, өнер жолына қадам басқан. 2007 жылы суретші-каллиграф Туран Севгилиден «сүліс» жазуынан дәріс алған. 2008 жылы каллиграф Махмут Шахиннен «сүліс», «насх» жазу түрі бойынша дәріс алуды жалғастырған. 2012 жылы аталған көркем жазу түрлерінен диплом алған. Ыстамбұл қаласындағы кәсіптік көркем сурет курстарына қатысып каллиграфия өнерінен сертификат алды. Түркияда жеке көрмелері өтті.
2 ақпанда «Астана Опера» театрының оркестрі Үлкен зал сахнасында көпке танымал «Симфоника» циклынан Симфониялық музыкадан концерт берді. Солисті - мәскеулік дарынды пианист, «Astana Piano Passion-2015» III халықаралық байқауының лауреаты Виктор Маслов, дирижері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов болды.
Тыңдаушыларға симфониялық және аспапты музыканың жауһарлары: Д. Шостаковичтің №5 d-moll симфониясы, 47 шығармасы (1937) және П. Чайковскийдің оркестр мен фортепианоға арналған №1 b-moll концерті, 23 шығармасы ұсынылды. Екінші бөлімде болашағы зор пианист өз өнерін ортаға салды. Виктор Маслов - ресейлік жас музыкант, Парижде, Анконада, Мәскеуде, Киевте өткен халықаралық конкурстардың жеңімпазы. 2015 жылы «Astana Piano Passion-2015» конкурсында екінші сыйлық пен екі арнайы жүлдені иеленген. Музыкант П. Чайковскийдің оркестр мен фортепианоға арналған №1 b-moll концерті, 23 шығармасын орындады.
2 ақпанда Ләззат Ибрагимова «Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұған дейін «Даму» қорын басқарған Ләззат Ибрагимова «Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасының орынбасары қызметіне ауысты.
Ал, Алина Алдамберген басқа жұмысқа ауысуына байланысты «Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасының орынбасары қызметінен босатылды. «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 мамырдағы Жарлығымен құрылды.
Холдингтің негізгі міндеті - даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару және ұлттық экономиканы дамыту жүйесін оңтайландыру. Холдинг құрылымына төмендегі еншілес ұйымдар енеді:
«Қазақстанның даму банкі» АҚ, «ҚазынаКапиталМенеджмент» АҚ, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ,«ҚазЭкспортГарант» экспорт-кредиттік сақтандыру корпорациясы» АҚ, «Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік жобаларын сүйемелдеу орталығы» ЖШС, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Қазақстанның тұрғын үй жинақтау банкі» АҚ, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ, «Ипотекалық кредиттерді кепілдендірудің қазақстандық қоры» АҚ.
3 ақпан күні таратылған ақпарат бойынша, Астана стансасында ондаған жылдар бойы жабық тұрған кірме жол қалпына келтірілді.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталмыш жолда вагондарды кәсіпорындардың кірме жолдарына, оның ішінде 2-ші жылу электр орталығына да вагондарды жеткізу қызметі атқарылады. Бұл арқылы стансаның кіре берісіндегі кептелістер барынша азайды.
2015 жылы жолдың жоғарғы қабаты төселіп, орташа жөндеу жасалып, қозғалыс қалпына келтірілген болатын. Оған қоса алғанда, Астана стансасын жаңғырту бағдарламасы аясында орташа жөндеу жұмыстары жасалды. Бағыттауыш бұрмалар Р-65 типті жаңасына көшірілді. Ағаш шпалдар темірбетон түрлерімен алмастырылды. Оған Desic бағыттауыш бұрмаларды орналастыру қондырғысы қолданылды.
4 ақпанда ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Қазақстан халқы Ассамбелясының қолдауымен «Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту: «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру міндеттері мен технологиялары» тақырыбындағы 3 күндік республикалық семинар-тренинг өз жұмысын бастады.
Айта кетейік, семинар барысында «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында айқындалған жалпыұлттық бірлік пен бірегейлікті қалыптастыру міндеттері түсіндіріліп, жалпыұлттық бірлік пен бірегейлікті қамтамасыз ету ауқымында мемлекеттік органдар мен азаматтық сектор арасындағы өзара қатынастың әдістері мен ұстанымдары қарастырылды. Этноәлеуметтік, этносаяси және этноконфессиялық үдерістерді тиімді басқарудың теориялық және тәжірибелік құрамдас бөліктері сөз болды. Сонымен қатар «Мәңгілік ел» идеясының мәдени-философиялық негіздері мен мемлекеттік-азаматтық сәйкестілікті қалыптастыру процесін жетілдіру жолдары талқыланды.
Семинар барысында қоғамдық және этносаралық келісім мәселелері бойынша пікір алмасу жән жұмыс тәжірибесімен бөлісу үшін пікірталас алаңдары ұйымдастырылды.
4 ақпан күні Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Бақыт Қайырбековтің авторлық жобасы «Аспанның мәңгілік назарында» атты 10 сериялы ғылыми-танымдық деректі фильмінің тұсаукесері өтті.
Фильмді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының тапсырысы бойынша «Мерген» студиясы түсірген. Бұл бірегей жоба Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ғасырлар тоғысында» кітабы негізінде Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арнайы даярланды. Фильмде «Аспанның мәңгілік назарында» елдің басты тарихи оқиғалары - Ұлы Жібек жолы, Керей мен Жәнібек хандардың 1465 жылдан бастап билік құрған, яғни Қазақ хандығының негізі қаланған кезең, моңғол шапқыншылығы мен әлемдік геосаяси тұрғыдағы қайта бөлісу, тәуелсіз Қазақстанның құрылуы, ұлттық бірліктің жаңа символына айналған - елорда Астана және заманауи мемлекеттің негізін қалауға баға жетпес үлес қосқан - Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың тарихи тұлғасы айқындалған.
Фильмнің әр сериалы өз алдына туынды болып табылады, онда көшпелі халықтардың ежелгі заманнан бергі дүниетанымы жайлы, әлемдік өркениет пен «мәдениеттер байланысы» жетістіктер мен жаңалықтар, жабайы жылқыны қолға үйрету мен алғашқы металлургиялық пештердің пайда болуы, үзеңгі мен оттың және өзге де әлемдік өркениеттің құндылығы болып табылатын ноу-хауларды аша түседі.
Сериал тек тарихи емес, сонымен бірге қазақ халқының ұлы мұрасы саналатын мифологияға, фольклор мен этнографияға негізделген философиялық, дүниетанымдық болып есептеледі.
Еске сала кетейік, 2015 жылы Вашингтон қаласындағы Джордж Вашингтон университетінде және Нью-Йорк қаласындағы Роберт Де Нироның Tribeca киностудиясында екі серияның ағылшын тілінде тұсаукесері өткен болатын. Фильм америкалық аудитория арасында үлкен қызығушылыққа ие болып, Қазақстанның шетелдегі мәдени бейнесін нығайтқаны сөзсіз.
5 ақпан күні Астана қаласындағы Конгресс-Холл сарайында қазақтың біртуар ақыны Мұқағали Мақатаевқа арналған әдеби-музыкалық концерт өтті. Бұл шараны Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы ақынның туғанына 85 жыл толуына орай алғаш рет ұйымдастырған болатын.
Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры және көркемдік жетекшісі Сәкен Әбдірахманов ақынның туған күні қарсаңында осындай кеш өткізіп, елордалық көрермендерге ән мен күйден шашу шашу туралы бастама көтерген болса, оны қала әкімдігі де, өнер ұжымы да бірден қолдаған.
Осы кештің басында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын, драматург Серік Тұрғынбекұлы халқымыздың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев туралы кіріспе сөз сөйледі.
Тұрсынжан Шапайдың «Қайран Қарасазым-ай» деген әнін Арман Жайым оркестрге лайықтады. Сонымен қатар кеште Ермұрат Үсеновтің «Ұран» деген күйі орындалды.
Танымал өнер қайраткерлері Майра Ілиясова, Азамат Жылтыркөзов, Бибігүл Жанұзақ және филармонияның басқа әншілері Мұқағалидың сөзіне жазылған әндерді орындады. Сондай-ақ ақынның өлеңдері оқылды.
Күйші Уәли Бекеновтің «Күй аңсау» атты күйі алғаш рет жұртқа таныстырылды. Орындайтын Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ халық аспаптары оркестрінің дирижері, Мәдениет қайраткері - Нұрлан Бекенов. Бізге жеткен деректерге сүйенсек, Мұқағали күйді аңсаған кезде Уәли Бекеновке барып, күй тыңдайды екен. Кейін ақын қайтыс болған соң, күйші оған арнап осы «Күй аңсау» атты күйін шығарған. Уәли Бекенов шертпе күй туралы алғашқы кітап жазған музыка зерттеушісі екені белгілі. Оның «Күй көтерер көңілдің көк жиегін», «Күй табиғаты», «Шертпе күй шеберлері» және басқа зерттеу еңбектері жарық көрген. Өзі шертпе күйдің шебері атанған адам.
8 ақпан күні Еуразия ұлттық университетінде қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист, жазушы, сазгер Әкім Ысқақтың «Көңіл қымбат» атты шығармашылық кеші өтті.
Қаламгердің оқырмандармен кездесу кешін ҚР Еңбек сіңірген әртісі, профессор, опера әншісі, Еуразия ұлттық университетінің «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі Кенжеғали Мыржықбай жүргізді.
Әкім Ысқақтың әндері шырқалып, өлеңдері оқылды. Әкім Әбдіқайымұлының ақындық қасиетімен бірге композиторлық қабілеті де ерекше, оның әндері бүгінде елімізге кеңінен таралып кетті.
Сонымен қатар осы кеште қаламгер студенттердің және оқырмандардың сұрақтарына жауап берді.
Сондай-ақ осы кеште Ә. Ысқақтың Қазақ радиосындағы авторлық радиохабарларына арналған «Көңіл қымбат» атты жаңа кітабының таныстырылымы болды. Бұл шараны Еуразия ұлттық университетінің «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігі ұйымдастырды.
8 ақпанда «Отан Қорғаушылар» монументінің жанындағы алаңда 1995 жылы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан 17 қазақстандық жауынгерге арналған ескерткішке гүл қою рәсімі өтті.
ҚР ҚК Жоғары Бас қолбасшысының 1992-2001 жж. аралығында тәжік-ауған учаскесінде ТМД сыртқы шекарасын қорғау бойынша әскери тапсырмасын орындаған қазақстандық жеке қосынды атқыштар батальонының Тәжікстан Республикасынан шығарылғанына тура он бес жыл болды.
Шараға сарбаздар мен офицерлер, әскери іс-қимылдар ардагерлері, сондай-ақ, қаза тапқан жауынгерлердің аналары қатысты. Жиналғандар қазақстандық жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
«Әскери қызметшілер, елорда тұрғындары, 15 жыл бұрын мен осы батальонды тәжік-ауған учаскесінен шығарған болатынмын. Шекара қызметі, әскери күштер, ішкі әскерлер сегіз жыл бойы әскери тапсырмалар орындады. Олар 18-19 жаста еді. 24 батальон өз тапсырмасын орындады. Біз ұлдарымыздан айырылдық, дегенмен, біз әрқашан да ерлік жасай алатынымызды мақтан етуіміз керек», - деді ҚР ҰҚК шекара қызметі бас штабының басшысы Магмед Садыков.
Айта кетейік, тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерге арналған ескерткіштер еліміздің төрт қаласында орнатылды: Семейде, Павлодарда, Шымкентте және Атырауда.
8 ақпан күні Астанада «Ақындар Тәуелсіздікті жырлайды» поэзиялық марафоны бастау алды.
Оған елдегі ақын-жазушылар қатысып, жастарға еліміздің егемендігі жайлы баяндады. Қатысушылар «Тірегіміз - тәуелсіздік, тілегіміз - тұрақтылық, білегіміз - бірлік» көрмесін тамашалауға мүмкіндік алды. Айта кетсек, бұл шара жыл бойы өтті. Мұнда 500-ге жуық бірегей кітап жинақталған. Олар Тәуелсіздік, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Астана және EXPO-2017 сынды 4 тарау бойынша орналастырылды.
9 ақпан күні ҚР Ұлттық музейінде «Тарихи тұлғалар» атты оқу-ағарту бағдарламасы аясында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 85 жылдығына арналған «Поэзия, менімен егіз бе едің...» әдеби-сазды кеші өтті.
Кештің басты мақсаты қазақтың маңдайына біткен ұлы перзентінің туған күнін ескерусіз қалдырмау және сол арқылы музейге келуші қонақтарға әдебиетіміздің алтын қорына енген өнегеге толы ақын өлеңдерін насихаттау. Қаншама жылдар өтсе де өміршеңдігін жоймай келе жатқан ақынның шығармашылығын кез келген жастағы қазақстандық сүйіп оқиды. Аталмыш кештің өтуі соған бұлтартпас дәлел болды. Әдеби-сазды кеште музейдің жастар театр студиясы поэтикалық пролог жасап, музей қызметкерлері ақынның өлеңдерін орындады. Шараға Серік Тұрғынбеков, Ажар Ерболған сынды мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.
9 ақпанда елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Кенжеғали Мыржықпайдың ұйымдастыруымен ақын, жазушы, сазгер Әкім Ысқақтың «Көңіл қымбат» атты кездесу кеші өтті.
«Кәусар» бірлестігінің дәстүрі бойынша Кенжеғали мырза көрермендерді кеш қонағының өмірбаянымен, шығармашылығымен қысқаша таныстыра отырып, кеш шымылдығын ашты.
Жақсы істің басы Әкім Ысқақтың «Көңіл қымбат» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімімен басталды. Автордың бастамасымен бұл кітаптар университеттің кітап қорына табыс етілді. Әдеттегідей жүздесудің алғашқы бөлімі кеш қонағының жеке шығармашылығын таныстыру мақсатында Әкім Ысқақтың авторлық әндері мен өлеңдері көрерменге жол тартты. Атап айтсақ, Ерқасым Зымыхан «Қазағым», Мереке Жалғас «Ауылым алтын бесігім», Марал Жұмагелді «Жаным қазақ», Нұрсұлтан Отар «Алтын анам - Отаным», Ардақ Қасымханов «Бір кем дүние», Гүлзат Ерубай «Егер адаммын десең», Бағдат Жақсылықова «Асыл Ана», Лашын Мәден «Құмырсқаның илеуіндей өмір», Азамат Нұрғалиев «Сені ойлап» сынды сан тақырыптарды өзек еткен өлеңдерді оқып, бояу айшықтарымен, ерекше мәнерімен тыңдарман жүрегіне еріксіз ой салды. Кеш барысында Әкім Ысқақтың ақындық, қайраткерлік қырымен қатар сазгерлік өнері де көрерменді тәнті етті. Айсәуле Бейсенхан «Көңіл қымбат», Айдар Әміре «Құттықтаймын қуанышыңмен» , Сарыарқа тобы «Жан аға», Бақытжан мен Айнұр «Өзіңе ғана сенемін», Берік Бейсенбай «Жан әке», Астана тобы «Сен дегенде» әндерін орындады. Осы кеште Ермахан Даниярдың «Анаға сағыныш» әні тұңғыш рет орындалып, тыңдармандардың зор ықыласына бөленді.
Кештің екінші бөлімінде Қазақстанның Бас редакторлар клубының вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин клуб атынан Әкім Ысқақты Алғыс хатпен марапаттап, «Халықаралық журналистер одағының мүшесі» төсбелгісі мен куәлігін табыстады. Бұдан кейін сөз тізгінін қолына алған Әкім Ысқақ рухты өлеңдерімен көрермен назарын салиқалы әңгімеге бұрды. Осындай тамаша кешті ұйымдастырған университет ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Ерлан Сыдықовқа зор алғысын білдірді. Мемлекеттік қызметтегі атқарған жұмыстарынан бір үзік сыр шертіп, студенттердің сан түрлі сауалдарына салмақты, салиқалы, әзіл-қалжыңы аралас жауаптар қайырды. Ақынның әр сөзі жастарға жастық шабыт, пәк махаббат, ұлттық рух сыйлады десек артық болмас. Ақынның мәнді әңгімесіне арқау болған Малайзия университетінің студенті Ризагүл есімді қазақ қызының ерлігі көпшілікті таң қалдырды. Ақынның кешіне сонау қияннан арнайы ұшып келген Ризагүл жүрекжарды тілегін білдіріп, көрермендердің қошеметіне бөленді.
Кеш соңында құттықтау сөздерге кезек беріліп, "Нұр Отан" партиясы Төрағасының Бiрiншi орынбасарының Алғыс хатын оның кеңесшісі Берік Уали салтанатты жағдайда тапсырды. Сондай-ақ университет ұжымы атынан проректор, профессор Дихан Қамзабекұлы ақынның шығармашылығына зор табыстар тілей отырып, «Күлтегін» медалімен марапаттады. «Әдемі-ай» компаниясының директоры Баһаргүл Төлегенқызы барша қандастар атынан Әкім Ысқаққа шынайы ықыласын білдіре келе, естелік сыйлығын ұсынды.
10 ақпан күні «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының кезектен тыс ХХІІ қалалық конференциясы барысында 2016 жылы наурыздың 20-нда өткен сайлауға мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсынылды.
10 ақпанда Қазақстан Рсепубликасы Ұлттық музейінде қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 85 жылдығына арналған «Поэзия, менімен егіз бе едің...» әдеби-сазды жыр кеші өтті.
Кештің ашылуында сөз сөйлеген музей директоры Дархан Қамзабекұлы М.Мақатаев мұраларының өміршеңдегі мен өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі рөліне тоқталып өтті.
Жиналған қауымға ақынның өмірін баяндайтын деректі фильм ұсынылды. Кешке арнайы дайындалып келген жас ақындар, астаналық мектеп оқушылары мен ЖОО студенттері Мұқағалидың, Фаризаның жырларын мәнерлеп оқыды.
Көпшілік алдында сөз сөйлеген ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлы М.Мақатаев туралы естеліктерімен бөлісті.
10 ақпан күні ҚР Қарулы Күштерінің «Астана» аймақтық қолбасшылығының жүзден астам әскері «Өмір сыйла» қайырымдылық акциясы аясында науқас адамдар үшін 50 литрге жуық қан тапсырды.
ҚР Қорғаныс министрлігінен хабарлағандай, шараға өз еркімен «Астана» аймақтық қолбасшылығының 46298 және 85510 әскери бөлімдерінің әскерилері қатысты. Атап өту керек, мұндай шаралар әскерилердің денсаулығына да оң әсерін тигізеді - қан айналымы жақсарады.
Әскерилер мұндай акцияларға жыл сайын қатысады. Тапсырылған қан қан құю орталығында сақталады.
Еске сала кетейік, мұндай шаралар ҚР Қарулы Күштерінде үнемі өтіп тұрады. ҚР ҚК әскерилері Қазақстандағы донорлықтың дамуына өздерінің белсенді үлестерін қоса отырып, донор қанына мұқтаж адамдарға қолдау көрсетуде.
10 ақпанда Конгресс-холлда барлық қалалық басқармалардың өкілдерінің қатысуымен Ашық есік күні өтті. «Белсенді азамат» акциясы аясында өткен шара барысында елорда тұрғындары қалада тұру жайлылығы мен сапасын арттыру мақсатында қалалық инфрақұрылым жұмысын жақсарту бойынша ұсыныстар мен сауалдарын жолдады.
Қалалық басқармалардың басшылары қойылған сұрақтарға жауап беріп, 2015 жылдың қорытындысын шығарды, сондай-ақ 2016 жылға арналған жоспарларға тоқталды. Елордалықтар өз сауалдарын жазбаша және ауызша түрде жолдады. Негізінен, балабақшаға кезек, ескі үйлерді бұзу, тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, тұрғын үй салу, ПИК жұмысы, қаланың көлік жүйесі, аулалардың аумағын абаттандыру мәселелері сөз болды.
Тұрғын үй инспекциясы басқармасына сауалдар көп жолданды.
Қала тұрғындарының айтуынша, мұндай кездесулер жергілікті билік пен тұрғындарды байланыстыратын буын болып табылады, сондай-ақ, проблемалық мәселелерді шешуге көмектеседі. Жалпы, кездесу аясында 1541 өтініш келіп түсті.
Айта кетейік, Астана қаласының тұрғындарымен және басқа да мүдделі тұлғалармен тығыз байланыс орнату үшін осындай кездесулер тұрақты түрде өткізілуде. Тұрғындар өз сауалдарын «Халықтық бақылау» және «Виртуалды қабылдау бөлмесі» айдарлары арқылы кез-келген уақытта жолдай алады.
11 ақпан күні елорда әкімдігінде Астана қаласы ардагерлер кеңесінің Х есептік-сайлау конференциясы өтті.
Конференция жұмысына Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, «Қазақстан Республикасының ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев қатысты. Конференция қорытындысы бойынша делегаттар қалалық ардагерлер кеңесінің жаңа төрағасын сайлады.
Конференцияда өткен жылы атқарылған жұмыстың қорытындысы шығарылып, ұйым президиумы мен комиссия мүшелері сайланды, сонымен қатар, ардагерлер ұйымдарының республикалық съезіне қатысатындар тізімі бекітілді.
Қалалық ардагерлер кеңесі елорданың егде жастағы тұрғындарына қызмет көрсететін барлық басқармалармен және құрылымдармен белсенді ынтымақтастық орнатты. Ардагерлерге қолдау көрсетіп, ұйымға демеушілік көмек көрсететін елордалық кәсіпкерлер мен бизнесмендерге алғыс айтылды.
Елордалық қарт адамдар мен ардагерлер қаланың тыныс-тіршілігіне белсенді араласады. Олар мектеп оқушыларымен және студенттермен кездеседі. Ардагерлердің демалуы үшін жыл сайын мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылады, шағын орталықтар жұмыс істейді. Алматы ауданында зейнеткерлерге арналған 14 шағын орталық бар, жақында тағы да бір демалыс орталығы Есіл ауданында ашылды.
Конференция делегаттары ұйым жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады. Конференция соңында Астана қаласы ардагерлер кеңесінің жаңа төрағасы болып Сансызбай Есілов сайланды.
11 ақпан күні Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков Медициналық-әлеуметтік оңалту орталығының жаңа ғимаратында болып, медициналық мекеменің қызметкерлерімен кездесті.
Жаңа орталық ашылғалы материалдық-техникалық базасы едәуір жақсарып, жаңа құрылымдық бөлімшелер ашылды - психотерапия бөлімшесі, әлеуметтік оңалту бөлімшесі. 250 кереует-орынға есептелген жаңа Медициналық-әлеуметтік оңалту орталығын пайдалануға беру қазіргі заманғы ғылым деңгейінде наркологиялық көмек көрсетудің жаңа стандарттарын іске асыру жолындағы маңызды кезең болып табылады. Орталықта елімізде тұңғыш рет білікті көмек көрсетудің барлық кезеңдері енгізілген.
Қала басшысы Орталықтың бірнеше бөлімшесін аралағаннан кейін ұжыммен әңгімелесіп, оларға жұмыстары үшін алғысын білдіріп, денсаулық сақтау қызметкерлеріне жүктелген жауапкершілікті атап өтті.
Айта кетейік, 2015 жылы Астанада Медициналық-әлеуметтік оңалту орталығынан басқа тағы да төрт денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді - қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы, амбулаториялық-емхана кешені, БМСК орталығы, онкодиспансерге жапсарластыра салынған ғимарат. Медициналық-әлеуметтік оңалту орталығы емхана және стационар корпустарынан тұрады.
Қазіргі кезде Орталықтың міндеті - көрсетілетін қызметтер секторын алдын алу мен алкогольге тәуелді, нашақорлар, құмар ойынға салынған, деструктивті тәртіптің басқа да формаларына ұшыраған науқастарға тиімді мамандандырылған көмек көрсетуге бағыттау.
Орталықта жоғары білікті нарколог дәрігерлер, психотерапевттер, психологтар жұмыс істейді. Науқастарды емдеу барысында дәрі-дәрмектерден басқа, заманауи психотерапевттік технологиялар, пациентке оңалтудан кейінгі қолдаумен рецидивке қарсы сапалы ем-дом кеңінен қолданылады.
11 ақпанда Астана қаласында алғаш рет «Болашақ» халықаралық стипендиясының жаңа Тіл мектебінің ресми түрде ашылуы болып өтті.
Бұл жерде 2015 жылы «Мемлекеттік қызметшілер», «Ғылыми-педагог қызметкерлер», «Мәдениет қызметкерлері», «БАҚ редакциясының қызметкерлері» және «ЖОО түлектері» санаттары бойынша оқуға түскен алғашқы 60 стипендиат оқуды бастаған болатын.
Ашылу салтанатына «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығыметов, Ұлыбританияның Қазақстан Республикасындағы Елшісі, доктор Кэролина Браун, Қазақстандағы Британдық кеңес директоры Джим Баттери, тіл мектебінің қызметкерлері, сондай-ақ 2015 жылы стипендия тағайындалған стипендиаттар қатысты.
Осы мектептің негізгі серіктесі Британдық кеңес болып табылады. Мектеп жұмысы ағылшын тілін оқытудың «6+6»жаңа форматын ұсынады, онда алғашқы 6 айда «Болашақтың» квоталық стипендиаттары ағылшын тілін Қазақстанда, қалған 6 айда шетелде оқиды.
Осылайша, стипендиаттардың ағылшын тілін оқу тиімділігі айтарлықтай артып, тілдік даярлыққа жұмсалатын қаржы қаражаттарын оңтайландыруға қол жеткізілді, - деді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығыметов мектептің ашылу салтанатында.
15 ақпанда Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры сахнасында актриса Бақыт Жұмағұлованың сомдауында «Ана жүрегі» атты моноспектакльдің премьерасы өтті.
Шығарма жазушы Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повесі негізінде «Ана жүрегі» атауымен жарық көрді. Қиын қыстау кездегі Ананың туған жеріне, халқына, ең бастысы жары мен балаларына деген махаббатын, батылдығын, шыдамдылығын қойылым негізіне арқау еткен.
Шығарманы қазақ тіліне аударған - Ш.Мұртаза. Спектакльдің режиссері - ҚР халық артисі Тілектес Мейрамов.
Бақыт Ботпайқызы Жұмағұлова - Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданында дүниеге келген. 1984 жылы қазақ орта мектебін бітіріп, сол жылы Қарағанды музыка училищесінің домбыра сыныбында оқыды.
1986-1988 жылдары М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының жанындағы драма студиясында Әубәкір Рахымовтың сыныбына қабылданды.
1988-1997 жылдары Талдықорған қаласының қазақ драма театрында актриса қызметін атқарды. Осы театрдағы он жыл еңбегінде көптеген рөлдерді сахнаға бейнелеп шығарды. Олар: «Пұшайман болған әулие» - Әйел, «Ақын-Сара» - Сара, «Шырағың сөнбесін» - Света, «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» - Зәуреш, «Еңлік-Кебек» - Еңлік т. б
1997 жылдан Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында еңбек етіп келеді.
2002-2005 жылдары Қазақ музыкалық Ұлттық Академиясының театр және кино бөлімінің актер мамандығын бітірді.
Театрдағы рөлдері: М.Хасенов «Қош бол ардағым», М.Әуезов «Қанды азу», «Қарагөз»-Үш әйел, Ғ.Мүсірепов «Қыз Жібек»-Дүрия, Ш. Айтматов «Ана-Жер-Ана» - Жер-Ана, «Ақ кеме» - кемпір, Қ.Байсейітов, Қ.Шаңғытбаев «Беу,қыздар-ай» - Айсұлу, Б.Ұзақов«Жандауа»-кемпір, Ә.Нұрпейісов «Қан мен тер» - Әлизә, Е.Жуасбек «Үйлену» - Мерек, «Антивирус» - Фатима, «Әзәзіл» - Екінші әйел, Ф.Оңғарсынова «Даланың күйші Динасы» - Динаның жеңгесі, Т.Джюдженоглу «Көшкін»- қауым мүшесі, М.Фриш «Дон-Жуанның думаны» - Донна Изабелла, Ш.Мұртаза «Бір кем дүние».
15 ақпанда Қазақ ұлттық өнер университетінің Жамбыл Жабаев атындағы концерт залында «Ұлы дала сазы» атты ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, профессор, жырау Алмасбек Нұрмаханұлы Алматовтың 60 жылдық мерекесіне орай мерейтойлық концерті өтті.
Бағдарлама бойынша, концертте А.Н. Алматовтың орындауындағы халық жырауларының шығармалары, өз туындылары орындалды. Сонымен қатар Алмас Алматов қызмет ететін оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамының ұжымы, Қазақстанның Республикасының мәдениет қайраткері - Марат Нүкеевтің жетекшілігіндегі «Сырлы саз» фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.
Мерейтойлық кешке Алмас Алматовтың әріптестері мен шәкірттері жыр шашу жасады. Кештің қонағы ретінде филология ғылымдарының докторлары: Темірхан Тебегенов, ақын Аманжол Әлтаев қатысады. Сондай-ақ Маңғыстау жыршылық мектебінің өкілі - Амандық Көмеков, Сыр бойының жыраулық дәстүрінің өкілі - Елмұра Жаңабергенова, Жетісу жыршылық мектебінің өкілі - Елікбай Иса, халықаралық байқаулардың лауреаты, өнертану магистранты - Күнсұлу Түрікпен, республикалық байқаулардың бас жүлдегері - Дина Нұрабаевалар өнер көрсетеді. Дәстүрлі музыка өнері факультетінің ұстаздары - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері - Жанғали Жүзбаев, Айтбек Нығызбаев, Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева, ҚР еңбек сіңірген әртісі - Тұрар Алыпбаев, ҚР мәдениет қайраткері - Раушан Оразбаева, Қытай Халық Республикасының мемлекеттік сыйлығының иегері - Гүлнар Абдолла, республикалық конкурс лауреаттары - Толғанбай Сембаев, Қайрат Айтбаев қатысты.
Концертті жүргізуші - Мемлекеттік «Дарын» жастар одағы сыйлығының лауреаты Нұрай Танабаев болды.
15 ақпанда елордада балабақшаны жоспарлы бөлу басталды. Ол кезде 8 мыңнан астам орын үлестірілген болатын.
15-29 ақпан аралығында Астана қаласындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының концерт залында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай қалалық білім басқармасының ұйымдастыруымен балалар мен жасөспірімдер арасында «Шаттық-2016» 10-шы ашық шығармашылық қалалық байқауы өтті.
Оған Астана қаласының мектеп, лицей, гимназия, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің оқушылары қатысқан болатын.
«Шаттық» байқауы мемлекетіміздің мәдени әлеуеті мен кең ағартушылық келешегінің көмегімен жан-жақты шығармашылық тұлғаны қалыптастыру және дамыту мақсатында өтті. Шара «Байтерек» хореографиялық ансамблінің орындауындағы қазақ билерінің сюитасы негізіндегі би қойылымымен ашылды.
15 ақпанда «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты мен ҚР Ауғанстан және жергілікті соғыстар ардагерлері одағы Ауғанстан соғысында қаза болған жауынгер - интернационалистер мемориалы алаңында Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарудың 27 жылдығына арналған гүл шоғын қою рәсімін өткізді.
Шара барысында жиналған қауым ауған соғысында қаза тапқандарды еске алып бір минут үнсіздік жариялады.
Гүл шоғын қою шарасына ҚР Ішкі істер министрлігі Ұлттық гвардиясы, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері, ҚР Әуе-десант әскерлер кеңесінің ардагерлері, Тәжік-ауған шекарасында қазақстандық бітімгершілік батальонының қатысушылары және Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің туған-туыстары, сондай-ақ, жастар ұйым өкілдері қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, 1979 жылғы 25 желтоқсаннан бастап 1989 жылғы 14 ақпанға дейін Кеңес әскерлері Ауғанстан жерінде Отан алдындағы борыштарын өтеді. Осы уақыт ішінде бұл соғысқа 22269 қазақстандық қатысты. Олардың 924 қаза тапса, 1015 мүгедек болды, ал 21 жауынгер із-түзсіз жоғалды.
16 ақпанда «Астана Опера» театрында арфамен концерт беруде теңдесі жоқ Айдана Қарашева мен мультиаспапшы Юрий Таштамиров «Ерекше дуэт» атты концерт берді. П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында И.П.Пашинская мен А.З.Бондурянский сияқты профессорлардың класынан білім алған дарынды жас орындаушылар 2013 жылы A-DUO (итальянша - «екеуара ойнау») ансамблін құрған. Айдана Қарашева - өзіндік стилі бар музыкант, ал Юрий Таштамиров 10 үрмелі аспапты игерген танымал өнер иесі. Ол өте сирек кездесетін аспап, XVIII ғасырдың аяғындағы кларнеттің бір түрі - бассетгорнда ойнайды. Қазіргі уақытта әртістер жиі концерттер қоюда.
Дуэт, шынымен де, ерекше - жас музыканттардың шығармашылық одағы отбасылық одаққа айналған. Көрермен аспапшылардың музыкалық жауһарлармен бірге, сүйген жүректердің әуенін де тамашалады.
Бұл - орындаушылардың «Астана Опера» сахнасындағы дебюті, сондықтан кеш бағдарламасына олар үлкен жауапкершілікпен дайындалды. Оған: И.Бах, Э. Вилла-Лобос, М.Равель, К.Гильман, К.Глюк, Е.Үсенов және басқалардың шығармалары енді.
17 ақпан күні Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ы түсірген толықметражды «Сағадат Нұрмағамбетов. Соңғы сұхбат» атты деректі фильмінің көрсетілімі өтті.
Туынды Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, Қазақстан Респбликасының тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералының өмірінен сыр шертеді.
Фильм желісінде батырдың тағдыры, туған еліне деген патриоттығы, әскери саланың аса ірі маманы ретінде қалыптасуы мен тұлғаның адами қасиеттеріне айрықша мән берілген.
Тұсаукесер рәсіміне ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР Ішкі істер министрлігі, Республикалық Ардагерлер кеңесінің өкілдері және Екінші дүниежүзілік және Ауған соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері,студент жастар қатысты.
17 ақпанда Қазақ өнер университетінің орган залының сахнасында симфониялық оркестрдің солистерінің, скрипкашы Арал Байсалақовтың және флейтист Жібек Сапарғалиеваның орындауында тыңдаушылар назарына К. Мусин, И. Брамс, Е. Магалиф, П. Чайковскийдің шығармалары ұсынылды. Концерт дирижері - Ернар Нұртазин.
18 ақпанда «Астана Операның» Камералық залында заманауи қазақстандық композиторлар шығармаларының ең үздік үлгілері ұсынылды.
Белгілі отандық авторлар қатысатын «Дархан дала» концерті Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Композиторлар-замандастар» жаңа циклін ашты.
Қазақстан композиторларының музыкасы тек біздің республика аймағында ғана емес, Италия, Ұлыбритания, Франция, Ресей және т.б. шет елдерде орындалып жүр.
Кеш бағдарламасына тыңдармандардың сүйікті әндері: М.Төлебаев, Ғ.Жұбанова, Е.Рахмадиев, С.Мұхамеджанов, Б.Қыдырбек, Т.Мұхамеджанов, С.Еркімбеков, С.Әбдінұров, А.Әбдінұров, К.Дүйсекеев, Ж.Тұрсынбаев, Е.Өміров, А.Тоқсанбаев, А.Алпысбаев, Д.Останькович, И.Жақанов, А.Тани сияқты классикалық және заманауи әндері, романстары, ариялары енді.
Кеш қонақтары елімізге белгілі айтулы қазақстандық композиторлар: Кеңес Дүйсекеев, Балнұр Қыдырбек, Серікжан Әбдінұров, Жоламан Тұрсынбаев және т.б. болды. Серік Еркімбеков, Әліби Әбдінұров және Дмитрий Останькович өздерінің шығармаларын Камералық зал сахнасында орындады. Концертте театрдың көрнекті солистері - ҚР еңбек сіңірген әртістері Жаннат Бақтай, Ғалия Байғазинова, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Ниязова, Дина Хамзина, Жанат Шыбықбаев, халықаралық байқаулардың лауреаттары Айзада Қапонова, Роза Нүркей, Әсем Сембина, Бейімбет Таңарықов, Ескендір Әбжанов, Болат Есімханов сонымен қатар Б.Әлібекова жетекшілік ететін белгілі «Елігай» хоры және тағы да басқалар болды.
Фортепиано партиясын - композиторлар: Серік Еркімбеков, Дмитрий Останкович, Әліби Әбдінұров, сонымен қатар халықаралық байқаулардың лауреаты Раушан Бескемпірова, Елена Сахно, Ирина Кургузкина, Гауһар Тасбергенова орындады.
18 ақпанда ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Конгресс-холлда қазақ оркестрінің «Музыка - тілсіз әлем» концерті өтті.
ҚР Еңбек сіңірген әртісі, профессор Айтқали Жайымовтың және дирижер Нұрлан Бекеновтың басқаруындағы қазақ оркестрінің, сондай-ақ ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шахимардан Абиловтың орындауында қазақ, еуропалық композиторлардың музыкалары орындалды.
Симфониялық музыка тыңдармандары «Сарыарқа» халық аспаптары ансамблінің және Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясы солисттерінің «Аңсау» атты концертін тамашалады, онда өткен жылдардың белгілі әндері мен әуендері, сүйікті кинофильмдерден саундтректер орындалды.
18 ақпан күні Астанада ет өңдейтін жаңа өндіріс іске қосылды. «Апрель» ЖШС ет өнімдерін және жартылай фабрикаттар шығаратын тағы да бір цех ашты. Өндірістік цех өңдеу өнеркәсібі саласында жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында іске қосылды.
Мемлекеттік бағдарлама аясында берілген арзандатылған несие қаражаты есебінен жаңа цех барлық әлемдік сапа стандарттарына сәйкес келетін заманауи технологиялық қондырғылармен жабдықталған. Бұл ет өнімдерінің 110-нан астам түрін шығаруға мүмкіндік береді. Цехтың өндірістік қуаттылығы тәулігіне 5-7 тонна немесе айына 100 тонна дайын өнімді құрайды. Алдағы уақытта өндіріс көлемін 25%-ға арттыру жоспарланған. Төмен температуралы арнайы тоңазытқыш камераларында 200 тонна ет шикізатын сақтауға болады.
Елорда әкімдігі қызметінің басым бағыттарының бірі - отандық өндірушілер тауарларының сапасын арттыру және өндірісін дамыту бойынша кәсіпкерлерді қолдау болып табылады. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында өндірістік базаны және оған жақын орналасқан жеке кәсіпкерлік объектілерін электр энергиясымен үздіксіз жабдықтауды қамтамасыз ететін қуаттылығы 2 мВт-тық трансформаторлық аралық станция салынды.
Цехта 150 астам жұмыс орны ашылды.
19 ақпанда елордалық оқушылар республикалық байқауда 5 алтын, 15 күміс, 18 қола медаль жеңіп алды. Астана қаласының құрама командасы жалпы білім беру жобалары бойынша оқушылардың ғылыми жобалары республикалық конкурсында бірінші орынға ие болды. Бірнеше жыл қатарынан астаналық команда «алтын» иеленіп, «Үздік команда» атағына ие болуда.
5 алтынның 4-еуін №60 мектеп-лиейінің оқушылары, біреуін Астана қаласының №1 мектеп-лицейінің оқушысы иеленді. Екінші орындарды №60 мектеп-лицейінің 5 оқушысы мен 2 орынды «Қазақ-түрік лицейі» мен «Нұрорда» мектеп-лицейінің оқушылары бөлісті, бір-бірден күміс жүлдені №1, 27, 54, 59, 63, 78 мектептердің оқушылары алды.
Конкурс қорытындысы бойынша еліміздің құрама командасы өз жұмыстарын биылғы 2016 жылы 8-13 мамырда Феникс қаласында (Аризона, АҚШ) өткізілетін жыл сайынғы Intel ISEF-2016 оқушылардың ғылыми жобалар халықаралық байқауына ұсынады. Intel ISEF-2016 сертификатын №60 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Әлібек Мұқанов иеленді.
Жас зерттеушілердің 600-ға жуық ғылыми жұмыстары Конкурстың қорытынды сатысына қатысты. Оның ішінде Астана қаласының 77 оқушысы автор болған 59 астаналық жоба да бар.
Ведомствоның атап өтуінше, ертең сағат 15.40-та конкурс жеңімпаздарын Білім басқармасының өкілдері, мектептердің басшылығы мен ата-аналар Астана вокзалынан салтанатты түрде күтіп алады.
20 ақпанда Астанада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда допты хокккейден (бенди) ересектер арасында Қазақстан чемпионаты өтті.
Жаңа тарихымызда екінші рет бой көтеріп отырған дүбірлі жарысқа еліміздің 4 командасы қатысты. Олар: Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстары және Астана қаласының допты хоккейшілері. Ұйымдастырушылар - Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Қазақстанның допты хоккей (бенди) федерациясы.
20 ақпан күні қазақ әдебиеті ақсақалдарының бірі, астаналық белгілі жазушы Нұрғожа Ораз 84 жасында дүниеден өтті.
Нұрғожа Нарымбайұлы 1932 жылы 20 қазанда Қостанай облысы Урицкий (қазіргі Сарыкөл) ауданындағы «Маяк» кеңшарында туған. 1947 жылы туған ауылындағы жетіжылдық мектепті бітіріп, Гурьев (Атырау) педучилищесін 1950 жылы тамамдаған. Мұнайлы жетіжылдық мектебінде бір жыл мұғалім болған. 1951 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түскен. Алғашқы топтамасы «Жас жүрек» (1956) атты жас ақындар жинағына енген. 1956-1958 жж. мектепте ұстаздық еткен. 1958-1963 жж. Қостанай облыстық газетінде, 1963-1965 жж. «Тың өлкесі» газетінде қызмет еткен. 1965 жылы Целиноград облысаралық бөлімшесіне жауапты хатшы болып тағайындалған. Кейіннен «Жаңа Сарыарқа» журналының ашылуына мұрындық болып, басылымның бас редакторы болып қызмет атқарды, талай жас таланттарға қамқорлық көрсетті.
Қазақ поэзиясында өз үні мен орыны бар ақын Нұрғожа Ораз әдебиетіміздің, жалпы руханиятымыздың да солтүстік өңірлердегі ілгері- кейінді кезеңдердегі өркеніне ерекше үлес қосып келе жатқан қарымды қаламгерлердің бірі болатын.
Әсіресе, кешегі кеңестік жүйеде Нұрғаң бастаған ат төбеліндей ғана жергілікті ақын, жазушылар бұл өлкедегі қазақ ділі мен тілінің солғын тартып, тамырынан үзіліп қалмауына айтудай еңбектерін сіңірді.
1964 жылы жарық көрген «Тұңғыш кітабынан» бастап арқалы шайыр қолынан қаламын бір сәтке де тастамай, оқырмандарына «Шұғыла», «Көңіл көктемі» , «Тың түлегі», «Қырандар ұясы» , «Жауқазын шақ» , «Дала демі» тағы да басқа соқталы шығармаларын ұсынды.
Топтама өлеңдері украин, орыс, қырғыз тілдеріне аударылған.
«Қаракүйік» атты кесек романында құбылмалы, толқымалы заман ахуалын, қазақтың тағдыр-талайын, ақиқат болмысты шығармашылық зерделілікпен шынайы сипаттады. Ұлы Ғабит Мүсіреповтің, Әбділдә Тәжібаевтың, Ғафу Қайырбековтің, Сағи Жиенбаевтың жақын достары сапында болған Нұрағамыздың айтары да, толғары да ұшан-теңіз болатын.
Нұрғожа Ораз Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ҚР Журналистер одағының М.Сералин атындағы сыйлығының лауреаты, «Астана» және «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2006).
21 ақпанда Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков 2016 жылы 16-шы мәрте өткен «Қыс өрнегі» атты шаңғы фестиваліне қатысты.
Жарыс Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Ал, дәстүрлі фестивальге қатысқан елорда әкімі Ә.Жақсыбеков 1,6 шақырым жерді шаңғымен 10 минутта жүріп өтті. Бұл дистанцияны бағындырғандар арасында қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, генерал-лейтенант Абай Тасболатовтар да болды. Жалпы, қала тұрғындары үшін ең қызықты спорттық шараға айналған шаңғы фестиваліне биыл үш мыңнан аса адам жиналған еді. Олардың басым бөлігі оқушылар мен студенттер болса, арасында күш құырылымдарының қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер де болды. Айта кетерлігі, шаңғы фестивалі аясында спорттың тағы сегіз түрі бойынша жарыстар ұйымдастырылды.
22 ақпанда Астана жұрты белгілі жазушы Нұрғожа Оразды ақтық сапарға шығарып салды. Марқұммен қоштасу рәсімі Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрында өтті.
Нұрғожа Нарымбайұлы 1932 жылы 20 қазанда Қостанай облысы Урицкий (қазіргі Сарыкөл) ауданындағы «Маяк» кеңшарында туған. 1947 жылы туған ауылындағы жетіжылдық мектепті бітіріп, Гурьев (Атырау) педучилищесін 1950 жылы тамамдаған. Мұнайлы жетіжылдық мектебінде бір жыл мұғалім болған. 1951 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түскен. Алғашқы топтамасы «Жас жүрек» (1956) атты жас ақындар жинағына енген. 1956-1958 жж. мектепте ұстаздық еткен. 1958-1963 жж. Қостанай облыстық газетінде, 1963-1965 жж. «Тың өлкесі» газетінде қызмет еткен. 1965 жылы Целиноград облысаралық бөлімшесіне жауапты хатшы болып тағайындалған. Кейіннен «Жаңа Сарыарқа» журналының ашылуына мұрындық болып, басылымның бас редакторы болып қызмет атқарды, талай жас таланттарға қамқорлық көрсетті.
Қазақ поэзиясында өз үні мен орыны бар ақын Нұрғожа Ораз әдебиетіміздің, жалпы руханиятымыздың да солтүстік өңірлердегі ілгері- кейінді кезеңдердегі өркеніне ерекше үлес қосып келе жатқан қарымды қаламгерлердің бірі болатын.
Әсіресе, кешегі кеңестік жүйеде Нұрғаң бастаған ат төбеліндей ғана жергілікті ақын, жазушылар бұл өлкедегі қазақ ділі мен тілінің солғын тартып, тамырынан үзіліп қалмауына айтудай еңбектерін сіңірді.
1964 жылы жарық көрген «Тұңғыш кітабынан» бастап арқалы шайыр қолынан қаламын бір сәтке де тастамай, оқырмандарына «Шұғыла», «Көңіл көктемі» , «Тың түлегі», «Қырандар ұясы» , «Жауқазын шақ» , «Дала демі» тағы да басқа соқталы шығармаларын ұсынды.
Топтама өлеңдері украин, орыс, қырғыз тілдеріне аударылған.
«Қаракүйік» атты кесек романында құбылмалы, тол¬қы¬ма¬лы заман ахуалын, қазақтың тағдыр-та-лайын, ақиқат болмысты шығармашылық зерделілікпен шынайы сипаттады. Ұлы Ғабит Мүсіреповтің, Әбділдә Тәжібаевтың, Ғафу Қайырбековтің, Сағи Жиенбаевтың жақын достары сапында болған Нұрағамыздың айтары да, толғары да ұшан-теңіз болатын. .
Нұрғожа Ораз Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ҚР Журналистер одағының М.Сералин атындағы сыйлығының лауреаты, «Астана» және «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2006).
22 ақпан күні елордалық Экология департаменті электронды қызмет көрсетуге көшті.
Астана қаласының Экология департаменті «Е-лицензиялау» және ведомстводан тыс кешенді сараптаманың бірыңғай ақпараттандыру жүйесі порталдары арқылы мемлекеттік қызметтер көрсетеді.
Электронды түрде мемлекеттік қызмет көрсетудің басты басымдылығы - экологиялық сараптама, экологиялық рұқсат және тіркелен қалдықтар төлқұжатын алу процесін тездетуге және жеңілдету. Бұдан басқа, сарапшы мен тапсырыс берушінің арасында тікелей байланыстың болмауы жемқорлыққа қарсы әрекетті қамтамасыз ету принциптерінің бірі болып табылады. Бұл ретте қызмет көрсетуші мен қызмет алушының арасында регламенттелмеген қарым-қатынас болмайды.
Бүгінде Экология департаменті І санаттағы объектілер үшін мемлекеттік сараптама қорытындысын беру, І санаттағы объектілер үшін қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттар беру, сонымен қатар, қауіпті қалдықтар төлқұжатын тіркеу бойынша қызметтер көрсетеді.
22 ақпандаАстанада «Ауыл» партиясының бастамасымен патриоттық флешмоб өтті.
«Хан шатырдың» орталық алаңында қатысушылар күйді күмбірлетіп, жиналған көрермен халық мың бұралып би биледі.
Туған жермен, кең байтақ даланы көз алдына келтіретін "Сарыарқа" күйінен бастап, тыңдаушысын бай сазымен, кербез нақышымен, жігерлі қуатымен борандатып, ұшқыр екпінімен баурап əкететін қазақтың күйлері бірінен соң бірі орындалды.
23 ақпанда Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде әйелдер арасында бокстан Қазақстан чемпионаты басталды.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келетін 85 қатысушы 10 салмақ дәрежесі бойынша жүлделерді сарапқа салды.
Бұл біріншілікте топ жарып, көзге түскендер 19 мамырда елордада өтетін әлем біріншілігіне жолдама алды. Үздік атағына таласатындар қатарында Назым Қызайбай, Жайна Шекербекова, Мәдина Нұршаева, Мөлдір Базарбаева секілді танымал боксшылар бар.
23 ақпанда Астана Лиллехаммер Олимпиадасының қатысушыларын қарсы алды.
Бұл күні Лиллехаммер қаласында жасөспірімдер арасында өткен қысқы Олимпиада ойындарына қатысқан спортшыларымыз елге оралды. Оларды ҚР Мәдениет және спорт министірлігінің ұйымдастыруымен журналистер және спортшылардың туыс-туғандары барып, арнайы күтіп алды.
Естеріңізге сала кетейік, Норвегия елінің Лиллехаммер қаласында 12-21 ақпан аралығында өткен II қысқы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына 9 спорт түрінен, яғни биатлон, коньки мен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы спорты, шаңғы спорты, тұғырдан шаңғымен секіру, фристайл (ски-кросс) және шана спорттарынан 15 пен 18 жас аралығындағы 18 спортшымыз қатысып қайтты.
Олимпиада ойындарында дүние жүзінің 70 мемлекетінен келген 1100 спортшы 16 спорт түрінен 70 медаль жинтығын сарапқа салды.
Қысқы Олимпиада ойындарынан жерлестеріміз төрт медальға қол жеткізді. Биатлоншы Арина Пантова мен мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбава қола, конькиші Анвар Мухамадиев күміс жүлдені, шорт-тректен аралас командалық жарыс бойынша 6-топта сынға түскен отандасымыз Анита Нагай болгар қызы Катрин Манойлова, латыш спортшысы Карлис Крусбергс және жапониялық Казуки Йошинагамен бірге өнер көрсетіп, Олимпиаданың қола жүлдесіне қол жеткізді.
Еске алатын болсақ, Инсбрук қаласында (Австрия) 2012 жылда өткен I қысқы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында біздің спортшыларымыз 10 спорт түріне қатысып, үш медальға қол жеткізіген болатын. Онда шығысқазақстандық биатлоншы қыз Галина Вишневская күміс пен қола медальдарды жеңіп алған еді. Сондай ақ, шаңғышымыз Сергей Малышев қосымша қола медальға да ие болды.
24 ақпанда ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі ғалым, этнограф-жазушы Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған «Ақселеу әлемі» тақырыбында кеш өтті.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ақселеу Сейдімбек - қазақ әдебиеті мен өнерін, мәдениеті мен руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосып, төл тарихымызға жарқын қолтаңбасын қалдырған көрнекті тұлға.
Кешке қатысушылар Ақселеу Сейдімбектің асқар талантының қыр-сырын ашып, қаламгердің өмір жолынан естеліктер айтып берді. Сондай-ақ Ақселеу Сейдімбектің баяндамаларының бейнежазбасы көрсетіліп, әндері орындалды. Бұдан бөлек, «Ақселеу әлемі» тақырыбындағы кітап көрмесінде ғалымның еңбектері ұсынылды.
Кешке қоғам қайраткерлері мен жазушы, ғалымдар және Ақселеу Сейдімбектің жұбайы мен қыздары, жақын достары қатысты.
24 ақпанда Ұлттық музейде жаңа жәдігерлерді қабылдау шарасы өтті.
«Ұлттық музейге сый тарту» акциясының жалғасы ретінде өткен шарада қабылданған жәдігерлердің қатарында Әбіш Кекілбаев, Роза Бағланова, Зейнулла Алшынбаев, Мәдина Ералиева, Александр Винокуров қатарлы тұлғалардың және тағы да басқа танымал адамдардың жеке өмірі қатысты тұтынған заттар бар.
Сонымен қатар, Тілеужан Батанов, Сембіғали Смағұлов, Ерлан Сахипұлы секілді суретші, мүсіншілер өз туындыларын музейге сый ретінде табыстады.
Еске сала кетсек, «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы 2015 жылы наурыз айында басталған. Акция Астана, Алматы, Қызылорда қалаларында да ұйымдастырылды. Нәтижесінде 1300-дей құнды жәдігер Ұлттық музей залдарынан орын алды.
24 ақпан күні Астанада қаласы әкімі Әділбек Жақсыбеков халық алдында есеп беру жиынын өткізді. 2016 жылы барынша көп халықты қамту үшін тұрғындармен есептік кездесудің форматы өзгертілді. Халықпен есеп беру кездесуінің негізгі бөлігінен кейін Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков адамдарды жеке өзі қабылдауды бастайды. Азаматтар елорда әкіміне немесе оның орынбасарларына өз сұрақтарын Конгресс-Холл ғимаратында қоя алды. Қабылдау кезекпен жүргізілді.
Халыққа есеп беру кездесуінде Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков мамыр айында елорда жол жүру ақысын төлеудің электронды жүйесіне көшетіндігін мәлім етті.
Сонымен қатар Астанада 8 көшеде автобустарға қосымша жолақтар бөлу жоспарландығы хабарланды. Есеп беру барысында Астана әкімдігі түрлі сала жұмыскерлеріне қызметтік пәтерлер салу бойынша бағдарлама әзірленіп жатқандығынан да ақпараттандырылды.
Сондай-ақ Ә.Жақсыбеков Астанада қосымша 7 экспресс-маршрут іске қосылатындығын айтты.
Астанада жеке сектордағы 22 мыңнан астам тұрғын үй газбен жылытылатындығы да әкімдіктің берген есебінде жария етілді. Әкім шаһардың экологиялық ахуалы өзін алаңдататынын айта келе, әсіресе ауаның тазалығына айрықша назар аудару керектігін атап өтті. Есептеулерге қарағанда, күн сайын қала атмосферасына 100 тоннаға тарта зиянды заттар шығарылады екен.
«Осы жағдайға байланысты шаралардың кешенді жоспары қабылданды. Екі жылдың барасында біз автономды қазандықтар мен жеке секторды, яғни 22 мыңнан астам үйді газбен жылытуға толықтай көшіреміз. Қаланың коммуналдық қызметтерінің көліктері газомоторлық отынды пайдаланатын болады»,-деді Ә. Жақсыбеков.
25 ақпан күні Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналған «Әлем ақыны» атты әдеби кеш өтті.
2016 жылы Қазақстан Республикасы және әлемдік қауымдастық қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығын атап өткен болатын. Ақын шығармашылығы жалғыз мақсатқа - туған халқының мүддесіне қызмет етуге арналып, ұлы ақын халқының жадында «ХХ ғасырдың Гомері» деген атпен мәңгі қалады.
Кеш аясында Ж.Жабаев шығармаларын мәнерлеп оқу бойынша қалалық байқауға қатысқан Астана қаласы мектептерінің оқушыларының орындауындағы Ж.Жабаев шығармаларынан құралған поэзиялық композиция, ұлы ақынның атымен аталған Ресей қалаларындағы көшелер жайлы бейнесюжеттер көрсетілді. Айта кетейік, Ресейдің көптеген қалаларында Жамбыл Жабаевтың есімі берілген көшелер бар.
25 ақпанда Астана қаласы мәслихатының хатшысы, қоғамдық кеңесті құру жөніндегі Жұмыс тобының басшысы Сансызбай Есіловтың төрағалығымен Астана қаласының қоғамдық кеңесінің бірінші отырысы өтті.
Жұмыс тобының басшысы Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына және Қоғамдық кеңестер туралы типтік ережелерге сәйкес қалалық мәслихат Астана қаласының қоғамдық кеңесін құру және бекіту бойынша қажетті іс-шараларды өткізгенін баяндады. Балама негізде Жұмыс тобы ұсынылған 61 кандидатураның 25-ін қоғамдық кеңеске мүше етіп сайлады.
Қоғамдық кеңестің қарауына үш мәселе ұсынылды. Атап айтқанда, Астана қаласының Қоғамдық кеңесінің төрағасын, хатшысын және президиумын сайлау.
26 ақпан күні Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Жанғали Жүзбайдың дәріс-концерті өтті.
Дәріс-концертті Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, күйші Жанғали Жүзбай жүргізді. Бұл іс-шараға Қазақ Ұлттық өнер университетінің «Домбыра» кафедрасының студенттері және өнер мен мәдениет өкілдері қатысты. Күйшілік өнер атадан балаға мирас болып келе жатқан қазақтың асыл мұрасы. Киелі қобыз аспабына жан бітірген Қорқыт атадан бастау алатын, ұлы жолды жалғастырушы Асан қайғы, Шыңғыс ханның жоқтауын күймен жырлаған Кетбұғадан қалған күйшілік жолдың соңына түскен жалғастырушылар қай дәуірде болсын көп болған. Өр ақын Махамбеттің адуынды күйлері, күй атасы мен анасы атанған Құрманғазы және Динаның төкпе күйлері, хан Абылайдың жанынан табыла білген Байжігіттің шерлі күйлері, шертпе күйдің атасы атанған Тәттімбеттің шоқтығы биік туындылары қазақтың бірегей мұрасына айнала білді.Бұл Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі жанында жұмыс істейтін «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының қазақ халқының дәстүрлі музыкалық өнерін жаңғырту мен насихаттауға арналған «Дәстүрлі музыкалық мұра» атты бағдарламасы аясында өткізген кезекті шарасы. Лекция-концерт бүгінгі күнге қаймағы бұзылмай жеткен қазақтың күйшілік өнерін, оның өкілдері мен шығармаларын қалың көпшілікке насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
26 ақпанда Астанада IV бүкілқазақстандық «Choreo» қазіргі заманғы хореография байқауы басталды.
«Choreo» - Астанада ең жарқын әрі талантты бишілерді жыл сайын жинайтын би байқауы. Ауқымды хореографиялық шоу өзінің көлемі мен мәртебесі жағынан елімізде ең беделді болып табылады.
Айта кетейік, ең алғашқы бүкілқазақстандық байқау 2013 жылы ұйымдастырылған болатын және осы уақытқа дейін «Luxury Dolls» деп аталып келді. Шараның жаңа деңгейге өтуіне байланысты аталмыш байқауға толығымен ребрендинг жасау туралы шешім жасалды. Енді ол алғаш рет «Choreo» атауымен өткізілді. Үш күн ішінде шоуды шамамен 400-ге тарта адам тамашалаған.
Шараны Istina би академиясы мен Logovo атты шығармашылық жоба ұйымдастырды.
Байқау мақсаты - түрлі стильдерде өнер көрсететін талантты ұжымдар мен әлеуеті зор спортшыларды анықтау және қазақстандық бишілерге халықаралық хореографтармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беру.
Алдынғы жылдарда жеңіске жеткен қатысушылар үлкен сахнаға шығуға мүмкіндік алғаны белгілі. Мысалы, теміртаулық Мария Главатских Мәскеу қаласындағы «Girls Community» би ұжымының құрамына өтсе, Мадина Бейсекеева «ТНТ» телеарнасының «Танцы» бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алды. Көптеген қатысушылар шетелде білім алуда.
Байқаудың биылғы жүлде қоры жарты миллион теңгені құрады.
«Choreo» аясында 26 ақпан айында 6 мен 11 жас аралығындағы балалар және 12 мен 15 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында CHOREO Champ атты чемпионат өтті. Ал 27 ақпан күні Istina би академиясында Қазақстан мен Ресей хореогравтарының шеберлік-сыныптары өткізілді. Байқаудың ақтық сыны 28 ақпанда Astana Mall сауда үйінде өтті. THE FINAL GRAND SHOW CHOREO жүргізушілері Иван Эрнст пен Григорий Хлыстун болды. Музыканы астаналық танымал ди-джейлер AST Production мен DJ Lustoff қамтамасыз етті.
26 ақпан күні Астанаға Мысыр Араб Республикасының Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сиси келді.
Елорданың халықаралық әуежайында Мысыр басшысын ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен ҚР Сыртқы істер вице-министрі Асқар Мусинов қарсы алды.
Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлағандай, Мысыр Президентінің елімізге ресми сапары оның Азияға турнесі аясында Қазақстан-Мысыр ынтымақтастығына серпін беруге бағытталған.
Сондай-ақ сауда-экономика, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, сондай-ақ инфрақұрылым және көлік-логистика салаларындағы өзара іс-қимыл сияқты бағыттар бойынша шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді.
26 ақпан күні ҚР Бас Прокуроры Асхат Дауылбаев Германияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гидо Херцпен кездесті.
Тараптар екіжақты құқықтық ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымды қырларын талқылады, оның ішінде, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, экстремизм мен терроризмге, киберқылмысқа, заңсыз жолмен табылған ақшаның жылыстауына қарсы әрекет жасау аясындағы әрекеттестік мәселелерін, сондай-ақ, Қазақстанның қылмыстық істер бойынша халықаралық құқықтық ынтымақтастық мәселелеріндегі Еуропа кеңесінің конвенцияларына қосылу барысы туралы талқылады.
Сұхбаттасу барысында А.Дауылбаев Қазақстан прокуратурасы қызметінің негізгі бағыттары, шарттық-құқықтық базасын кеңейту мен күшейту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтты.
Елшіні Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының қызметі туралы ақпараттандыра отырып, Германияның озық ғылыми-білім беру орындарымен өзара тиімді байланыстар орнатуға мүдделілігін танытты.
Сұхбаттасушылар екі елдің терроризмге қарсы тұру, ұлттық және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ақпаратпен және жұмыс тәжірибесімен жедел алмасу шеңберіндегі құқықтық ынтымақтастықтың маңызды әлеуетін атап өтті.
26 ақпан Астанада «Жыр алыбы - Жамбыл» атты әдеби-сазды рухани кеш өтті.
2016 жылы еліміздің түкпір-түкпірінде, әрбір қаласы мен әрбір ауылында, білім шаңырақтары мен рухани орталарда қазақ халқының мақтанышы, жыр алыбы - Жамбыл бабамыздың 170 жылдық торқалы тойы кеңінен атап өтілген болатын.
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған осы дүбірлі мереке 26 ақпан күні Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Жыр алыбы - Жамбыл» атты әдеби-сазды рухани кешке ұласты. Рухани шараның басты мақсаты - сөз мәйегін кие тұтқан абыз жыраудың шығармашылығын, рухани бай мұрасын насихаттау.
26 ақпанда Астанада «Аула жұлдыздары» фестивалі өтті, оған 11 аула клубы қатысты. «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы аталған шараны оқушылар арасында алғаш рет өткізген болатын.
Жасөспірімдер шығармашылығы фестивалі Назарбаев Интеллектуалдық мектебінде ұйымдастырылды. Шараға қатысуға өтінімдер бір ай бойы қабылданды. Жастар вокал, хореография, инструменталды музыка, спорттық-көрнекі номер және бейнелеу-қолданбалы өнер бағыттары бойынша сайысқа түсті.
«Бұл тәжірибемізде алғаш рет, балалардың барлығы өз машықтарын қолдануы керек деп ойлаймыз. Сахна - тәжірибені, оқытушылық пен білімді нығайту үшін лайықты алаң. Бүгін балалардың әлеуетін байқап отырмыз. Күн сайын өзіңді жетілдіріп отыру керек», - деген еді сол кезде «Астана Жастары» орталығының басшысы Әнуар Нұрпейісов.
26 ақпанда «#МенЕлімдіСүйемін» акциясына арналған телекөпір өтті.
Акцияның мақсаты - туған жерге деген өзінің сүйіспеншілігі мен құрметін көрсету.
Екі апта ішінде #МенЕлімдіСүйемін хэштэгімен Қазнетте еліміздің әртүрлі өңірінен 200 посттар мен роликтер жарияланғанын атап өткен жөн.
Акцияға жүргізушілер Азамат Сатыбалды, Диляра Әленова, Ирина Тен, «Қазақстаннның ММА аралас жауынгерлік жекпе-жек федерациясы РҚБ басшысы Анатолий Ким, грек-рим стиліндегі қазақстандық балуан, жаттықтырушы, Азияның екі дүркін чемпионы, әлемнің екі дүркін чемпионы, Олимпиада ойындарының чемпионы Юрий Мельниченко, ғалым-биотехнолог Дәмел Мектепбаева, блогер Виталий Перов, оператор, Валерий Задарновский, «Астана Опера» театрының танымал орындаушылары, Әнел Рүстемова және Тайыр Гатауов, танымал медиалық тұлғалар Нұрлан Қоянбаев, Қуандық Қыстықбаев, Бүркіт қатысты.
Телекөпір аясында акцияны қолдау үшін флешмоб ұйымдастырған Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласы байланыс арқылы қосылды.
Өңірлердегі шараларға қазақстандық жұлдыздар, олимпиада чемпиондары, белсенділер Ольга Рыпакова, Біржан Жақыпов, Мерсиева Диана, Әділбек Ниязымбетов, Мұсаев Ислам, «All Давай» тобы, Айдана Жұмағұлова, Мұрат Мұтырғанов, Ермахан Ибрайымов, Мәдина Сәдуақасова, Турал Эверест, Тұрар Рахымберлин қатысты.
27 ақпанда Тәуелсіздігінің 55 жылдығын мерекелеу қарсаңында Кувейт Мемлекетінің елшілігі Астанада Риксос - Астана қонақүйінде салтанатты қабылдау өткізді, олар қонақ ретінде дипломатиялық корпус өкілдері, көрнекті қазақстандық саясат, экономика, қоғам қайраткерлерін, жергілікті қоғамдық ұйымдар, компаниялар, БАҚ өкілдерін, оның ішінде құрметті қонақ - ҚР Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы, мәртебелі ханым Наталья Коржованы қабылдады.
Қазақстан Республикасындағы Кувейт Мемлекеті істерінде уақытша сенімді тұлға Халид Аль-Уаззан мырза қонақтар алдында кіріспе сөз сөйледі. Ол Кувейттің қалыптасу тарихы жайлы, экономикалық даму көздері мен түрлі елдердегі көптеген сыртқы инвестициялары туралы қысқаша айтып өтті. Сондай-ақ құрметті Халид Аль-Уаззан мырза әлемнің көптеген еліне, оның ішінде Сирия халқына көрсеткен гуманитарлық жұмыстары мен көмектерінде ел мен оның басшылығының жетекшілік рөлін ерекше атап өтті. Сонымен бірге, 1997 жылы Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың Кувейт Мемлекетіне сапарына ерекше тоқталып өтіп, қазақстандық-кувейттік қатынастардың жай-күйі мен перспективаларына тоқталды. Осыған орай спикер Кувейттің ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қазіргі ғимаратын салуға 10 млн доллар және Арал маңын сумен жабдықтау жобасының ТЭН әзірлеуге 1,3 млн доллар бөлу сияқты түрлі гранттар ретінде Қазақстан экономикасына үлесін еске салды.
ҚР Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы, сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша қазақстандық-кувейттік бірлескен комиссиясының тең төрағасы Наталья Коржова, өз кезегінде, Кувейт мемлекетін ерекше мерекесімен құттықтап, 1997 жылы Кувейт Мемлекетіне ресми сапары уақытында Қазақстан мен Кувейт арасындағы қатынастарды нығайтуда Елбасының үлесін ерекше атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықтың негізгі аспектілері туралы сөз етті.
Қабылдау кезінде қонақтар кувейттік дәмнен, мерекелік торттан дәм татты, сондай-ақ кувейт халқының дәстүрлі музыкасын тыңдады.
27 ақпан күні елордада әйелдер арасында бокстан ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Жеңімпаз атанғандар қатарында Астанада өткен әлем чемпионатында ел намысын қорғаған және Рио Олимпиадасына баратын спортшылар да болды.
Бұл чемпионаттың көптен күткен жаңалығы жаңа салмақ санатына көшкен әлем чемпионы Назым Қызайбайдың байрақты бәсекеде бас жүлдеге қол жеткізу болғаны анық. Назым 48 келіден Олимпиада ойындары бағдарламасына енгізілген 51 салмаққа ауысқан болатын. Сол сәттен бері оның бапкерлері спортшының жаңа салмақ санатына бейімделіп кетуіне күдікпен қараған еді. Дегенмен, чемпионаттың финалдық кездесуінде еліміздің тағы бір мықты боксшысы Жайна Шекербековаға қарсы шыққан Назым өзінің бабында екендігін дәлелдей алды. Ендігі уақытта Н.Қызайбай Олимпиадаға жолдама алу үшін барын салатын болады. Ал Рио жолдамасы сарапқа салынатын келесі турнир наурыз айында Қытайда өтті.
Сонымен 2016 жылы әйелдер бокстан Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен спортшылар мыналар:
48 келі
I Алина Тұрлыбаева (Павлодар облысы)
II Алуа Балқыбекова (Жамбыл облысы)
III Динара Жамирова (Алматы облысы)
III Әйгерім Қасенаева (Астана)
51 келі
I Назым Қызайбай (Алматы)
II Жайна Шекербекова (ОҚО)
III Балауса Мұздиман (Алматы облысы)
III Севара Тәжіқұлова (ОҚО)
54 келі
I Дина Жоламан (Ақмола облысы)
II Рано Пархатова (Алматы)
III Аяулым Боранбаева (Астана)
III Гүлжан Әкімова (Алматы)
57 келі
I Сания Сұлтанқызы (Астана)
II Оксана Королёва (Қарағанды облысы)
III Аягөз Әбен (Астана)
III Дәметкен Келімбет (Қызылорда облысы)
60 келі
I Назым Ищанова (Атырау облысы)
II Римма Волосенко (Астана)
III Зарина Цолоева (Ақмола облысы)
III Фируза Шарипова (Жамбыл облысы)
64 келі
I Мадина Нұршаева (ОҚО)
II Әлия Әбдірайымова (Астана)
III Аида Сатыбалдинова (Астана)
III Әмина Аманқұл (Жамбыл облысы)
69 келі
I Валентина Хальзова (Астана)
II Зура Құсайынова (Павлодар облысы)
III Екатерина Братухина (Қарағанды облысы)
III Любовь Хасиева (ОҚО)
75 келі
I Дариға Шакимова (Алматы)
II Фариза Шолтай (Жамбыл облысы)
III Анастасия Рылина (Қостанай облысы)
III Анастасия Заикина (ОҚО)
81 келі
I Юлдуз Маматқұлова (Жамбыл облысы)
II Мөлдір Базарбаева (Ақмола облысы)
III Мереке Жүнісова (Астана)
III Ақбота Исағұлова (Қарағанды облысы)
+81 келі
I Ляззат Күнгейбаева (Астана)
II Умида Садықова (Алматы облысы)
III Тоғжан Сыздықова (Алматы)
III Меңсұлу Рысова (Ақтөбе облысы).
28 ақпанда Астанада Қазақстанның 25 жылдығына арналған «Қазақстан - Ұлы дала елі» фотокөрмесі ашылды. Шара Астана қаласының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Тәуелсіздік сарайында өткен болатын.
Фотокөрмеге Астана мен Шығыс Қазақстан облысы фотографтарының қырыққа жуық еңбегі қойылды. Онда еліміздің көрікті жерлері бейнеленген. Барлық туындылар шығармашылықпен және креативтілікпен орындалған.
Қазақ даласының табиғаты мен кеңдігінен шабыт алған қазақстандық фотографтар ерекше пейзаждарды фотоға түсіріп, көрермендер назарына ұсынды. Көрмеде А. Байсыдықов, Г. Куприянов және С. Аязбай сынды фотографтардың Қазақстан бойынша түсірген ерекше кадрлары қойылған еді.
29 ақпан күні 11 жасар Аружан ерлігі үшін марапатталды.
«Қазмедиа орталығының» Концерт залында 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шара кезінде ІІМ ТЖ комитетінің өкілдері 11 жастағы Аружанды марапаттады.
11 ақпанда Қызылорда қаласында орын алған өрт кезінде батыл қыз Аружан өзінің екі інісі мен кіші сіңлісін аман алып қалған.
Жасына қарамастан, ол бауырларына терезе арқылы шығуға көмектесіп, ересектерді көмекке шақырды.
Батыр қыз төтенше жағдайда адам өмірін сақтап қалуда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін ҚР Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төс белгісімен марапатталды.
Аружанға марапатты ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің Төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының орынбасары полковник А.Д. Жұманов салтанатты түрде тапсырды.
Сондай-ақ, кеш барысында елдің дамуына өзіндік үлестерін қосқан әйелдерге түрлі аталымдарда сыйлықтар табыс етілді.
29 ақпанда «Бiрлiк» партиясының мүшелері мен Астана қаласының кәсіпкерлері бірлескен кездесу өткізді.
Талқылау тақырыбының өзегі әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында Қазақстандағы экономика мен бизнесті дамыту мәселелері болды.
Дағдарыс қауіп-қатерлермен қоса, сапалы оң өзгерістер үшін де қолайлы мүмкіндік туғызатыны атап өтілді. Нарықтық экономиканың ойдағыдай дамуы үшін Қазақстанда саяси жаңғыртуды жалғастыра беру керек деген мәселеде қатысушылардың пікірлері бір жерден шықты. Алдағы парламенттік сайлау - осы жолдағы маңызды қадам. «Бiрлiк» партиясының өкілдері айтқандай: «өзегінде бәсекеге қабілетті бастау жатқан ширақ әрі табанды парламент шенеуніктердің экономикалық жобаларды жобалап, іске асыру кезінде үлкен жауапкершілікке қол жеткізуіне көмектеседі».
Сонымен қатар жеке бизнестің мүдделеріне нұқсан келтірмей, оны қосымша әлеуметтік төлемдер, салықтар және алымдар арқылы ауыртпалық салмай, әлеуметтік бағдарлы мемлекетті қалай құру қажет деген тақырып кездесудің өзекті тақырыбына айналды.
29 ақпанда «Ақ жол» партиясының үгіт-насихат шараларының аясында партия төрағасы Азат Перуашев елордадағы Қазақ технология және бизнес университетінің студенттерімен кездесті. Университеттің ұстаздары да қатысқан жиынға Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткерлер - Мақсат Раманқұлов, Қайырбек Кемеңгер, Әсет Атабаев және «Ақ жол» партиясының қалалық филиалының басшылығы қатысты.
А.Перуашев студенттермен ашық пікір алмасу үшін баяндамасын барынша қысқартып, студенттердің сұрақтарына жауап беріп, пікірлерін тыңдау үшін көп уақыт бөлді.
«Білім саласының міндеті - студентке диплом беру ғана емес. Диплом дегеніміз не? - Ол жай ғана қағаз. Сондықтан, жастарымыздың сапалы, заманға сай білім алуына жағдай жасауымыз керек», - дейді А.Перуашев.
29 ақпан. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Ауылдың өркендеуі - Қазақстанның өркендеуі» акциясы аясында «Думан» ойын-сауық орталығы алдында (автотұрақ) ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеде Астана қаласының және Ақмола облысының жақын аудан тауар өндірушілері мен жеткізушілері өз өнімдерін ұсынды. Негізгі азық-түлік өнімдерінің түр-түрі, атап айтқанда картоп, пияз және көкөністердің басқа түрлері, сонымен қатар қышқыл сүт өнімдері, кондитерлік және макарон өнімдері сатылды.
Жәрмеңкеде ұсынылған тауарлардың бағасы қалалық базарлардағы бөлшек сауда бағаларынан төмен болды.
29 ақпан күні, елордада білім саласына қатысты жақсы жаңалық орын алды. Мемлекеттік тілді дамыту қоры Астанадағы мектеп кітапханасына 300-ге жуық кітап сыйлады.
Алғыс айту күні қарсаңында Мемлекеттік тілді дамыту қоры Астана қаласының №48 мектеп-лицейінде акция өткізіп, мектеп кітапханасына 300-ге жуық қазақ тіліндегі әдеби шығармалар мен сөздіктерді тарту етті.
Шараның мақсаты - өскелең ұрпақтың мемлекеттік тілді үйренуге, тарих пен мәдениетті білуге деген қызығушылығын арттыру, оларды қазақстандық отансүйгіштікке тәрбиелеу, қазақ әдеби тілін үйренуге баулу және балалардың шығармашылық қабілетін арттыру.
Сондай-ақ, мектеп оқушылары қордың қызметі және жобаларымен танысты. Олар: қазақ тілін онлайн режимінде үйрететін Soyle.kz порталы, оның Soyle мобильдік қосымшасы, балаларға арналған Bala.soyle.kz сайты, Abaialemi.kz онлайн-энциклопедиясы, Tattialma.kz атты қазақ тіліндегі балалар әдебиеті сайты, «Менің Қазақстаным» мобильді қосымшасы, ҰБТ-ға дайындалуға болатын қазақ және орыс тілдеріндегі «Кім білгіш» мобильді ойыны.
Осыған ұқсас шара 1 наурызда өтті. ҚР Ұлттық музейінде 1 наурызда Алғыс айту күніне орай, «Музей кітапханасына кітап сыйы» акциясы өтті.
Акция Ұлттық музейдің Ғылыми кітапханасына тұрақты қолдану үшін тарих, археология, этнография, мәдениеттану, қалпына келтіру, музейтану және басқа бағыттар бойынша кітаптар, мақалалар жинағы, конференция материалдары, монографияларды табыстауға шақырды.
Акцияға қатысушы әр бір еріктінің белсенділігі музейдің ағартушылық, ғылыми-зерттеу, білім беру қызметіне қосқан үлесі болып саналады. Осы уақытқа дейін тапсырылған барлық еңбектер музейдің Ғылыми кітапханасында сақталады.
Айта кетейік, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2016 жылғы 14 қаңтарында бекіткен №173 Жарлығына сәйкес 1 наурыз - Алғыс айту күні болып жарияланды. Елімізде алғаш рет тойланғалы отырған аталмыш мереке ұлттар татулығын бекемдеп, тұрақтылықты нығайтуға негізделген.
Сонымен қатар ҚР Ұлттық музейінде наурыздың 1-інде Алғыс айту күні мерекесіне орай «Бір шаңырақ астында» атты Қазақстан халқы фестивалі өтті.
Іс-шара барысында этно-мәдени дәстүрде жасалған балалар шығармашылығы орталықтары мен мектеп оқушыларының қолөнер жұмыстарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, аталған фестиваль аясында Астана қаласының орта және музыкалық мектептерінің оқушылары мерекелік концерт ұсынды.
Айта кетейік, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2016 жылғы 14 қаңтарында бекіткен №173 Жарлығына сәйкес 1 наурыз - Алғыс айту күні болып жарияланды. Елімізде алғаш рет тойланғалы отырған бұл мереке ұлттар татулығын бекемдеп, ел бірлігін сақтау мақсатында жүзеге асырылған.
1 наурыздан бастап, Астана-Щучинск ақылы автожолында төлем қабылдау бекеттеріндегі барлық операторлар мобильді кассалық аппараттармен жабдықталып, жүргізушілерден қолма-қол төлем қабылдай бастады.
Төлем қабылданғаннан кейін көлік тоқтамастан өтуі үшін арнайы жолаққа бағытталады. Ол үшін пайдаланушы операторға өз көлігінің мемлекеттік нөмірін айтып, бекеттен бір рет немесе бірнеше мәрте өтуге қажетті төлемді жасайды.
Мамандардың сөзіне қарағанда, жаңа әдіс қалаға бағыт алған көліктер төлем қабылдау бекеттерінде көптеп жиналған кезде автокөліктер санын азайтуға мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдан бері ақылы жолда «Касса 24» және«QIWI» төлем терминалдары арқылы алдын ала төлем жүйесі іске қосылған болатын. Енді бекеттерде кезекте тұрмас үшін сапар алдында жүргізушілер көліктің мемлекеттік нөмірі бойынша аталған терминалдар мен «Мобильді кассир» қызметі көмегімен алдын ала балансты толтыра алады.
1 наурызда елордада түрлі этностардан шыққан Астана суретшілері «Алғыс айту» күніне орай Қазақстанға арнаған туындыларын экспресс-көрмеге қойды.
«Алғыс айту» күніне және ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілген көрме «Астана» Ұлттық сурет галереясында ашылды. Сонымен қатар осында «Бірлік түбі - береке» атты Астана қаласының суретшілері және студенттердің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Туындылардың тақырыбы әр түрлі, қолданған жанрларда сан алуан: портреттер, натюрморт, мүсіндер. Сурет өнерінің классикадан бастап, қазіргі заманға дейінгі техникалары қолданылған. Мұнда белгілі бір концепция жоқ, әр суретші өзін еркін тақырыпта көрсетуге тырысқан.
Айта кетейік, биыл 1 наурызда Қазақстан халқы алғаш рет «Алғыс айту» күнін мерекеледі.
2 наурыз күні елордада Бүкіләлемдік азаматтық қорғаныс күніне арналған шаралар өтті.
Астанада Бүкіләлемдік азаматтық қорғаныс күніне орай ашық есік күні ұйымдастырылды. Қалалық Орталық өңірлік аэромобильді жедел құтқару отрядының қызметкерлері «Алматы», «Сарыарқа», «Есіл» аудандары ТЖ бөлімдерімен бірге № 19, 59, 60, 66, 73 мектеп оқушылары үшін ашық есік күнін өткізді.
Құтқарушылар балаларды Азаматтық қорғаудың Халықаралық мекемесінің тарихымен таныстырып, Қазақстандағы ТЖ қызметтерінің құрылуы жайында айтты.
Сонымен қатар, экскурсия шеңберінде оқушыларға құтқару техникасы мен құрылғылары көрсетіліп, оларды қолдану аясы жайында түсінік берілді. Балалар сүңгуіршінің суға сүңгуін, жедел көліктерге мініп көріп, киналогтардың иттерімен танысты. Экскурсия балалар үшін өте қызықты өтті. Олар қызықтырған сұрақтарын қойып отырды. Іс-шара аяқталған соң, қонақтар құтқарушыларға қызықты іс-шара үшін алғыстарын білдіріп, мерекелерімен құттықтады.
3 наурызда ҚР Ұлттық музейінде жапон суретшілерінің «Бес суретші - бес құбылыс: дәстүрлер мен жаңашылдық» көрмесі ашылды.
Көрмеде Мията Рехей, Митамура Арисума, Сайто Норихико, Мизогучи Бокудо, Кавачи Кунпей секілді суретшілердің жапон ұлтының болмыс-бітімінен хабар беретін шығармашылық жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды.
Атап айтсақ, нихонг суреттері, жапон каллиграфиясы, тушьпен салынған суреттер, шағын мүсіндер мен лакталған туындылар, бас-аяғы 37 жұмыс қамтылған. Осы туындылар арқылы жапон мәдениетінде ерекше орын алатын жер, су, от, ағаш және металдың құпия мәндері таныстырылды.
3 наурызда Астана қаласының Жұмыспен қамту орталығында тұрғындарға арналған бос орындар жәрмеңкесі өтті. Шара барысында 25-ке тарта жұмыс беруші екі мыңға жуық жұмыс орнын ұсынды.
Бұл - 2016 жылы бірінші мәрте өткізіліп отырған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі. Онда «Целингидромаш» ӨК, «2Day Telecom» ЖШС, «ПИК «Ютария LTD» ЖШС, «Монолит» ЖШС, «СМЭУ Астана» ЖШС, «Rixos President Astana» қонақ үйі, «Цеснабанк» АҚ, «Алма ТВ» ЖШС, «Астана-Зеленстрой» АҚ, «Астана-Теплотранзит» АҚ, «Uniserv» ЖШС, ҚР ІІМ Астана қаласының «Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» және т.б. ұйымдар бос жұмыс орындарын ұсынды.
3 наурызда қазіргі заманның ең үздік жапон суретшілері өздерінің туындыларын қазақстандық жұртшылықтың назарына ұсынды. Астанадағы «Бес суретші - бес элемент: дәстүр және инновация» атты көрме ҚР Ұлттық музейінде наурыздың соңына дейін жалғасты.
Көрмеге әкелінген 35 туынды жапондардың дәстүрлі «нихонга» атты кескіндеме өнеріндегі, сонымен қатар «уруши» сия кескіндемесі мен шағын нысандар мүсіні өнеріндегі қазіргі заманғы суретшілердің жаңаша мақамын көре алды.
Жапонияның ең үздік бес суретшісі осындай көрмені алғаш рет ұйымдастырған болатын. Түрлі техникаларға қарамастан, бесеуінің де өнері өз елдерінің терең тарихымен астарласып жатыр.
Экспозицияда Мизогучи Бокудоның туындыларымен қатар, уруши өнерін атадан балаға қалдырып келе жатқан дәстүрлі сурет өнерінің шырақшылары әулетінің ұрпағы Митамура Арисуманың, мүсінші, Токионың өнер университетінің ректоры Мията Рехейдің, Мәдениет университетінің профессоры Дайто Кавачи Кунпей мен нихонга сурет өнерінің өкілі Сайто Норихиконың картиналары мен мүсіндері ұсынылды.
Уруши термині - ағаш деген сөзден шыққан. Уруши ағашының сөлі («лак» орысша) қару-жарақ, дулыға, ыдыс-аяқ, сандықшалар мен шәй салтанатына қажетті кеселерді әрлеу өндірісінде қолданылған.
3 наурызда Астанада «Көктем-2016» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті.
Астана қаласы ТЖ департаменті республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларын көктемгі су тасқынына дайындық шеңберінде өткізді.
Оқу-жаттығулар Астана қаласының Железнодорожный кентінде өтті. Аталмыш оқу-жаттығулардың Орталық республикалық штабы Ақмола облысында орналасқан.
Практикалық жаттығулар «Жағалау» шағын ауданында №81 мектеп-гимназиясы аумағында ұйымдастырылды. Шара барысында ТЖ департаментінде аудан әкімдерінің өкілдерімен, Астана қаласы ТЖ және АҚ қызметтерінің басшыларымен ұйымдастырушылық тапсырмалар, дайындық жоспарын талқылау бойынша кеңестер өткізілді.
Оқу-жаттығуларды өткізу барысында жедел әрекет ететін авариялық-құтқару жасақтарының, Астана қаласы АҚ қызметтерінің, ТЖД, ІІД бөлімшелерінің, ҚР Ұлттық гвардиясының 5573 әскери бөлімінің дайындығы қаралды.
«Көктем-2016» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары нақты су тасқыны болған қала қызметтерімен жедел іс-әрекетті нақыштау және опат болу мен зардап шығындарын болдырмау мақсатында өткізіледі. 2016 жылы шараға жеке құрамнан 114 адам мен 34 техника бірлігі жұмылдырылды.
4 наурыз күні ҚР Ұлттық музейінде Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай «Менің анам» балалар көркемсурет көрмесі ашылды. Музейдің педагогика және балалар шығармашылығы бөлімінің эстетикалық тәрбие беру секторы ұйымдастырып жатқан шараның басты мақсаты балалардың шығармашылық жұмыс нәтижелерін көрсету және жасөспірімдердің эстетикалық тәрбиесін қалыптастыру.
«Шебер» студиясының «Кескіндеме және графика» үйірмесі 2015 жылдың маусымында жұмыс істей бастады. Үйірмеде ҚР суретшілер Одағының мүшесі Мұхтар Байбосынов дәріс берді.
Айта кетейік, жарты жыл ішінде балалардың жұмыстары Ротари қайырымдылық қоры ұйымдастырған «Astana Art Festival» байқауының арнайы сертификаттарын жеңіп алды.
4 наурызда Халықаралық әйелдер күні қарсаңында елордадағы №72 орта мектепте «Алматы» ауданының көп балалы аналарына «Алтын алқа» және «Күміс алқа» табысталды.
«Алматы» ауданының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев әйелдерді келе жатқан мерекемен құттықтап, оларға және балаларына денсаулық, бақыт пен бар жақсылықты тіледі.
Көп балалы 21 ана марапаттарға ие болды. Салтанатты шара барысында жеті баладан артық тәрбиелеп отырған бесеуіне «Алтын алқа» табысталды. Ал 16 ана күміс алқа алды.
5 наурыз күні Астанада шаңырақ құрып жатқан жастарға «Бірлік» партиясының мүшелері ерекше сый жасады.
Атап айтқанда, партия өкілдері «Бақыт» неке сарайына неке қию рәсімен келген Еділхан Нарынбаев пен Перизат Рысмағамбетова есімді жас жұбайларды құттықтауға келіп, ақ тілектерін білдірді. Өз кезегінде жастар өздерінің қуаныштарымен бөлісуге келген партия өкілдеріне алғыстарын білдірді.
«Бірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғалиевтің айтуынша, партия тарапы арнайы бекітілген бағдарлама аясында еліміздегі жастарды қолдау негізделген шараларды жүзеге асырылды.
5 наурыз күні Астанада тек қана отандық тауар өндірушілердің азық-түлік өнімдерін сататын алғашқы дүкен ашылды. Бұл кілең отандық азық өнімдерін сататын елордадағы ғана емес Қазақстандағы тұңғыш дүкен.
Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті Жібек Әжібаеваның айтуынша, дүкендегі азық түлік тауарларының үстеме бағасы 15 пайыздан аспайды. Ал «Халық маркасы» жобасының жетекшісі Римма Тәжібаеваның сөзіне қарағанда, дүкеннен еліміздің барлық облыстарының азық-түлік тауарларын табуға болады. «Дүкеннен Қазақстанның барлық аумақтарынан, Оңтүстік Қазақстаннан бастап Маңғыстауға дейінгі барлық өңірлерінен әкелінген азық түрлері бар. Үш жүзден астам отандық тауар брендтерінің 2 мыңнан астам аталымы қойылған. Тұтастай алғанда, бұлар әрбір өңірде халықтың арасында танымал болған сүйікті тауар маркалары. Қазақстандағы бірінші дүкен Астанада ашылғандықтан «Астана Халық маркасы» деп аталып отыр.
Айта кетейік, тұңғыш отандық азық-түлік дүкені Астана қаласында Қошқарбаев көшесінде (Қошқарбаев көшесі 41) орналасқан.
5 наурызда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесіне арналған «Шын жүректен» атты мерекелік іс-шара өтті.
Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Жәкен Таймағамбетов әр салада үздік деп танылған әйел азаматтарды құттықтап, шығармашылық жұмыстарына үлкен табыстар тіледі.
Салтанатты шарада 30 жылдан астам уақыт музей саласында қызмет атқарып келе жатқан Тұрсынкүл Жайлаубаева, 40 жыл музей саласында қызмет еткен Сағымжан Садуақасова, Ұлттық музей директорының орынбасары Жазира Күлбаева, «Юнус Эмре» атындағы түрік мәдени орталығының директоры міндетін атқарушы, ф.ғ.д., профессор Алмагүл Исина, «Алтын алқа» иегерлері Ұлданай Әлімбаева, Бақыт Күзембаева секілді еңбегімен елге танылған және отбасыларының мерейін асырып жүрген әйелдер қауымына ҚР Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбайдың атынан алғыс хаттар табысталды.
Мерекелік дөңгелек үстелден кейін арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды. Отандық әншілермен қатар Ұлттық музейде қызмет етіп жүрген ер азаматтар өз өнерлерін көрсетті.
«Әзірет Сұлтан» мешіті 5 наурыз күні Астана қаласындағы Қарттар үйінде «Анаң сенің-жұмағың» атты қайырымдылық шарасын өткізді.
Бұл шара аясында Қарттар үйіндегі 310 жанға арнайы сыйлықтар үлестірілді. Сондай-ақ, қамкөңіл қарттарымызға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында арнайы концерттік бағдарлама өткізілді.
Оған елімізге белгілі Қарақат пен Қыдырәлі, Ибрагим Ескендір, Досымжан Таңатаров, Ерлан Көкеев сынды әншілер қатысты. Сондай-ақ, «Тағылым тамшылары» балалар театры сахналық қойылымдар көрсетті.
5 наурызда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Макдоналдс» корпорациясының Қазақстандағы алғашқы кәсіпорны жұмысымен танысып, еңбек ұжымымен әңгімелесті.
Мейрамхана ауданы 863 шаршы метр аумақты алып жатыр, келушілер үшін отыруға лайықталған 206 орын бар. Оны безендіруге жаңа тұжырымдарға негізделген дизайндар, сондай-ақ келушілерге қызмет көрсетудегі ең заманауи жүйелері қолданылған.
«Макдоналдстың» Қазақстандағы мейрамханаларына азық-түлік сыннан өткен өнім жеткізушілерден келетін болады. Сонымен бірге жергілікті өндірушілер базасын дамыту жұмыстары жалғасуда.
Айта кетейік, «Макдоналдс» - қоғамдық тамақтану және жылдам қызмет көрсету саласындағы әлемдік көшбасшының бірі. Әлемнің 120 елінде компанияның 36 мың кәсіпорны келушілерге қызмет көрсетеді.
6 наурызда Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков әйелдерді төл мерекелерімен құттықтады.
«Көктемнің шуақты сәті аналарымыз бен аруларымыздың мейрамынан бастау алады. Ізгі ниет пен сұлулыққа, сырбаз сезім мен сыйластыққа толы осы күн жан-дүниені жадыратып, жүректерге жылу береді. Әйел бақыты - жар сүю, ана болу, елге тұтқа, ұрпаққа пана болу.
Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеген аналар қауымы ел ертеңіне нәр, тіршілікке әр беретін айрықша күшке ие. Сіздерді мерекелеріңізбен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін! Әрдайым жадырап, гүлдей құлпырып жүре бергейсіздер!»,- деді ол сол құттықтауда.
6 наурызда «Бірлік» партиясы «Отаным менің-Моя страна» атты сурет байқауының басталғаны туралы жариялады.
Бұл байқаудың мақсаты өз еліне деген патриоттық сезім мен сүйіспеншілікті насихаттауға негізделген.
7 наурызда Астанада канадалық хоккей кеші өтті.
Қазақстан Республикасындағы Канада Елшілігі ҚР шайбалы хоккей федерациясының қолдауымен "Барыс Арена" мұз айдыны сарайында канадалық хоккей кешін өткізді.
Онда "Канада-Қазақстан" кубогі үшін екі елдің құрамалары күш сынасқан болатын. Бұл матч 2012 жылдан бері ұйымдастырылып, игі дәстүрге айналды. Ол екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға септеседі, деп отыр ұйымдастырушылар. Канада командасын Қазақстандағы Канаданың Төтенше және Өкілетті Елшісі Шон Перри Стайл басқарды. Жарыс барысында қайырымдылық лотереясы ойнатылды. Басты сыйлық NAFA аукционының (маркасының) канадалық қаракүзен тоны (құны 5500 АҚШ доллары) болды.
Екінші сыйлық - Bauer спорттық компаниясының хоккейшінің киім-кешегі, үшінші - канадалық стильдегі хоккей күртесі. Лотереядан жиналған қаражат Қазақстандағы әуесқой хоккейдің дамуына бағытталды.
Астанада 8 наурыз қарсаңында мерекелік концерттер өтті.
Атап айтқанда, «Астана Опера» театрының Үлкен залында «Махаббат әні» атты Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік концерт өтті.
Театрдың опера солистері, хоры мен оркестрі әлемдік опера классикасынан ең жарқын да құштарлыққа толы лирикалық әрі жүректен түрлі ой салар арияларды, сонымен қатар қазақ, орыс, неаполитандық әндер мен романстарды орындайды. Концертке балет әртістері де қатысты.
Сүйкімді жандарға махаббат сезімі: Ж. Бизенің «Кармен» операсынан Эскамильо шумақтары, С. Гастольдонидің «Тыйым салынған әуені», Ж. Массненің «Севильянасы», М. Төлебаевтің «Біржан - Сара» операсынан Біржан мен Сараның және Л. Делибтің «Лакме» операсынан Лакме мен Маликаның дуэттері, сонымен қатар Ф. Легардың «Күлкі әлемі» опереттасынан Су-Чонгтың ариясы, С. Смирновтың «Бесік жыры», Естайдың «Құсни Қорлан», М. Ержановтың «Қуанамын» әндері арқылы білдіріледі.
В.А. Моцарттың «Сиқырлы флейта» операсынан Папагено мен Папагенаның әзілқой дуэті, Дж. Вердидің «Риголетто» операсынан Герцогтың әйгілі әні, көктем әндеріне және неаполитандық - «Тарантелла», «Маританна», «Скажите девушки», «Гордая прелесть осанки», «Влюблённый солдат» әндеріне жасалынған попуррилер көрермендердің көңіл-күйін әбден көтерді.
Кеш бағдарламасын балет әртістері де өз шеберлігімен әсерлендіре түсті. Олардың орындауындағы «Баядерка» балетінен Үнді биі, Дж. Вильямстың «Жоғалған жұмағы» сияқты нөмірлер көрермендерді шаттыққа бөледі.
6 наурызда «Астана Опера» театрында А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» операсы, «Жастар» сарайында Мәскеу оперетта театрының орындауындағы «Брызги шампанского» мюзиклі көпшілік назарына ұсынылды, ал М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Қар патшайымы» ертегісін көрсетті.
7 наурызда мерекелік іс-шаралар аясында «Жастар» сарайында JasArt балалар эстрада театрының таныстырылымы өтті.
Халықаралық әйелдер күні Конгресс-холлда «Көктем шақырады» атты концерт өтеді. Бұл күні М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында «Смешанные чувства» мелодрамасын және Қуыршақ театрында «Су перісі» ертегісін тамашалады.
8 наурызда «Астана Опера» театрының Үлкен залында Халықаралық әйелдер күніне арналған «Ғашықтық сезімін білдіру» атты романтикалық мерекелік концерті өтті.
Симфониялық оркестрдің шебер музыканттары, ерекше хор құрамы, балалар студиясының жас әртістері, опера және балет өнерінің үздік шеберлері елорданың сахнасынан аруларға деген ықыласты сазбен жеткізді.
Көрермендерді атақты тенор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Татарстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Бекмұхамбетов, сонымен қатар театрымыздың опера жұлдыздары: Арменияның халық әртісі Барсег Туманян, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Талғат Мұсабаев, Жанат Шыбықбаев, Жәмилә Жарқымбаева, халықаралық байқаулардың лауреаттары: Салтанат Мұратбекова, Бейімбет Таңарықов, Болат Есімханов, Нарұл Тойкенов, Галина Чеплакова, Роза Нұркей, Әсем Сембина, Елена Ганжа, Қазбек Досмұхамбетов, Мәдина Исламова сияқты әртістеріміз өнерлерімен таңқалдырды.
Тыңдаушылардың назарына опера классикасының көрнекті шығармалары: Л.Делибтің «Лакме» операсынан Лакме мен Маликаның нәзік «Цветочный» дуэті, Ж. Бизенің «Кармен» операсынан қызу қанды тореадор Эскамильоның шумақтары, П. Чайковскийдің «Иоланта» операсынан Робертоның ариясы, Р. Штраустың «Серенада», С.Гастольдонидің «Тыйым салынған әуен», Естайдың «Құсни-Қорлан», көпшілік сүйіп тыңдайтын халық әндері - «Ақбақай», «Вдоль по Питерской» және басқалары ұсынылды.
Опера нөмірлерінің кезегіне ұлттық нақышта дайындалған балет өнері келеді: ұлттық нақыштағы билер, заманауи хореографиялық нөмірлер, классикалық балет жауһарларынан сахналық көріністер қойылды.
8 наурыз күні Қазақстан футболының жаңа маусымы басталды.
8 наурызда «Астана Арена» стадионында былтырғы маусымның жеңімпазы «Астана» мен кубок иегері алматылық «Қайрат» арасында Суперкубок ойыны өтті.
Ойынды тікелей «Қазақстан» телеарнасы көрсеткен болатын. Оған өзбек рефериі Равшан Ирматов қазылық еткен.
9 наурызда Астанада тез тамақтануға арналған «Макдоналдс» мейрамханасы ашылды.
Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков Қазақстандағы алғашқы тез тамақтануға арналған «Макдоналдс» мейрамханасының ашылуына қатысты. Бұл оқиғадан кейін белгілі корпорация әлемдік нарықта 120-шы орынға шықты.
Елорда әкімі бірінші кезекте нәзік жандыларды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Ә. Жақсыбеков кәсіпорынның ашылуы қалаға жаңа инвестициялар тартып, жаңа жұмыс орындарын құрғанын атап өтті. Астанада тағы да бір әлемге әйгілі брендтің ашылуы өңірдегі бизнес климаттың қолайлы екендігінің белгісі, бұл халықаралық инвесторлар үшін жақсы сигнал болмақ.
Салтанатты шараға «Макдоналдс» корпорациясының президенті және басқару директоры Стив Истербрук та қатысты. «Біз жергілікті мәдениеттің бір бөлшегіне айналу және мейрамхана бизнесін жүргізудің озық тәжірибесін Қазақстанға үйрету үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Бұл біздің брендтің халықаралық дамуындағы маңызды қадам болмақ», - деді С. Истербрук.
«Макдоналдс» қазақстандық франшизасының иесі Қ. Боранбаевтың айтуынша, мейрамханалар желісі жергілікті кадрларды дамыту перспективасын береді, сондай-ақ, қалалық бюджетке тұрақты салық аударымдарын жасайды. Айта кетейік, Қазақстанда мейрамханалар желісін дамыту көзделген - алдағы бес жылда 15-ке жуық мейрамхана ашылмақ.
Мейрамхананың жалпы ауданы 863 шаршы метр. Орындар саны - 206. Кәсіпорында 200 астам жұмыс орны құрылды. Қазақстандық мейрамханаларға өнімдер мақұлданған жеткізушілерден ғана алынады. Болашақта оны жергілікті азық-түліктерден жасау жоспарланған. Қазіргі кезде жергілікті өндірушілердің базасын дамыту жұмыстары жүргізілуде.
Жеке меншікті балалар үйінің тәрбиеленушілері мейрамханада бірінші болып дәм татты.
10 наурызда елордалық университеттерде футзалдан Студенттік лига ойындары басталды. Студенттік лиганың алғашқы маусымы 12 мамырға дейін жалғасты. Турнир Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің спортзалында бастау алды, ал ақтық кездесулерді Назарбаев университетінде өткізілді. Жарысқа «Астана» медицина университетінің, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің, «Тұран-Астана» университетінің, Қаржы академиясының командалары, сондай-ақ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Назарбаев университетінен екі-екі командадан қатысты. Әр командада 18 жуық студент ойнады.
10 наурызда танымал шоколатье Nikolya-ның бірегей жылжымалы шоколад музейі алғаш рет Астанаға келді. Ол көрмеге арнап Қазақстанға арналған туындылар топтамасын дайындап әкелді.
Бұл - көне зергерлік бұйымдар, сондай-ақ Қазақстан аумағында тұрып жатқан халықтардың бас киімдері. Олардың барлығы Алматыда қазақстандық шоколадтан жасалған. Түпнұсқалары ҚР Орталық мемлекеттік мұражайының қорында сақталған.
Бұдан басқа, танымал шоколатье кішкентай астаналықтар үшін кәдесыйлар дайындаудан шеберлік сабағын өткізді.
Атап өтейік, елорда - республикамызда «Nikolya шоколад мұражайы» келіп отырған төртінші қала. Әлемдік тур аясында авторлық көрме төрт елдің 40-тан астам қаласына, соның ішінде Алматы, Шымкент, Атырауға барып, 500 мыңнан астам адамды тартты.
Астанадағы көрме 2016 жылдың 18 наурызы мен 13 сәуір күндері аралығында Тәуелсіздік сарайында өтеді. Экспозицияда арасында жаңа экспонаттар да болатын жалпы салмағы 700 келіні құрайтын 300 туынды ұсынылды.
10 наурызда елордалық бес оқушы халықаралық конкурста бірінші орын алды.
Алматыда Ө. Жолдасбеков атындағы математика және механикадан оқушылардың зерттеу жұмыстарының VІ халықаралық конкурсы аяқталды. Байқау нәтижесі бойынша елордалық 5 оқушы бірінші, 8 оқушы екінші және бесеуі үшінші орын алды.
Халықаралық білім додасында № 66 мектеп-лицейінің, «Көгілдір желкен», Дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатының, «Мирас» халықаралық мектебінің, № 17, № 75, № 51, № 4 мектеп-гимназияларының және т.б. мектептерден 22 оқушы бақ сынасты. Дарынды балалар алдымен қалалық іріктеу кезеңінде өз жобаларын ұсынды. Содан кейін Ө. Жолдасбеков атындағы жыл сайынғы конкурста жүлделі орындарға таласты.Конкурстың басты міндеті - оқушылар арасында зерттеу қызметін ұйымдастыру жүйесін жетілдіру, сондай-ақ математика ғылымдары саласындағы зерттеулерге қызығушылық пен қабілеттілік танытатын оқушыларды анықтау.- Турнир халықаралық деңгейде өткізіледі, оған Қазақстанның 16 өңірінен, Астана мен Алматы қалаларынан, Әзербайжан мен Қырғызстан елдерінен келген жоғары сынып оқушылары қатысады. Үздік оқушылар алдымен зерттеу жұмыстарын облыстық және қалалық деңгейде таныстырады, содан кейін мықтылары конкурсқа қатысады, - деді «Астана дарыны» республикалық ғылыми-практикалық орталығының әдіскері Раш Ермағанбетова. Турнир қорытындысы бойынша конкурс жеңімпаздарына дипломдар табысталды.
10 наурызда Астанада қырықтан астам дизайнердің өнімін біріктірген отандық киімдер дүкені ашылды. Fashion Park дүкені «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ашылып отыр.
Аталған сауда нүктесін құрудың басты мақсаты - отандық өнім шығарушыларды қолдау және қазақстандық тауарлардың нарықтағы үлесін арттыру. Fashion Park - заманауи жабдықтарда тігілген жоғары сапалы қазақстандық киім мен аксессуарлардың кең көлемін ұсынатын мультибрендтік дүкен. Дүкен аумағы бойынша Астанада ең үлкен сауда орнына болмақ. Оның жалпы аумағы 400 шаршы метрді құрайды. Тауарлардың баға саясаты да икемді, бұл жерде қалың бұқараға арналған киімдерден бастап, эксклюзивті қымбат киімдер де сатылады. «Fashion Park» дүкені отандық тауар өндірушілерге онлайн-сатылым жасауға да үлкен мүмкіндіктер ашып отыр. «fashionpark.kz» сайтында барлық киімдер интернет арқылы сатылымға шығарылады. Дүкеннің ашылу құрметіне орай, Құралай Нұрқаділова шеберлік сыныбын өткізді.
11 наурызда Астанада 2016 жылғы бюджетті нақтылау жөнінде отырыс өтті.
Елордада 2016 жылға арналған бюджетті нақтылау мәселесі бойынша Қоғамдық кеңес отырысы өтті. ҚР Бюджет кодексінің 104-бабына сәйкес нақтылау жыл басындағы бюджет қаражатының қалдықтарын үлестіруге байланысты жүргізіледі. Жергілікті бюджет қаржысын игерудің мониторингі нәтижелерінің негізінде іштей қайта үлестіру арқылы жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша жоспарлы тағайындаулар қайта қаралды, оларды әлеуметтік саладағы - білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және қаланы дамытудағы тығыз мәселелерді шешуге бағыттау ұсынылды. Атап айтқанда, қайта тапсырылған білім нысандарын ұстауға, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге, жолдарды орта және ағымдық жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шараларға жұмсалатын қаржы қарастырылды.Отырыс барысында Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнар Жүсіпова, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерік Байжүнісов, Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Виталий Силецкий, Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлжан Айтжанова және т.б. баяндама жасады.Еске салайық, азаматтардың құқықтарына, бостандығы мен міндеттеріне қатысты жобалар талқылау және ұсыныстар жасау үшін тиісті орталық мемлекеттік органдармен немесе облыстық, республикалық маңыздағы қалалық және елордалық мәслихаттармен бірлесіп құрылған Қоғамдық кеңестерге жолданды.
11-12 наурызда Кәсіптік-техникалық колледжде WorldSkills Kazakhstan қалалық чемпионаты өтті. Конкурсқа 18-22 жас аралығындағы 64 колледж студенті мен кәсіпорынның жас мамандары қатысқан болатын.
Конкурсқа қатысушылар аспаз ісі, желілік және жүйелік әкімшілік ету, веб-әзірлеме, шаштараз өнері, киім дизайны, мейрамхана сервисі, дәнекерлеу технологиясы, кондитер ісі, мектепке дейінгі тәрбие бойынша өзара сайысқа түсті.
Чемпионаттың мақсаты - мамандық мәртебесін, студенттердің және жас мамандардың кәсіби шеберлігін арттыру, білім алушылардың шығармашылық қабілеттері мен қызығушылығын қолдау, жұмыс дағдысы мен тәсілдерін жаңғырту және республикалық конкурсқа қатысушыны анықтау.
Еске салайық, Қазақстан WorldSkills International халықаралық қозғалысына 2014 жылы қосылды. Астанада қалалық чемпионат алғаш рет 2015 жылы өткізілді.
12 наурызда ұлттық премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының бірінші туры аясында елордалық стадионда «Астана» ФК мен қарағандылық «Шахтёр» ФК шеберлік байқасты. Ойын нәтижесінде алаң иелері 2:1 есебімен қарсыластарынан басым түсті.
Кездесу жағымды жаңалықтардан басталды. Алдымен қазақстандық Премьер-Лига-2015 үздік бапкердің есімі белгілі болды. «Астана» ФК жаттықтырушысына марапатты ҚР Кәсіпқой футбол лигасының президенті Олжас Абраев табыстады.
Кездесу тартысты басталды, сегізінші минутта-ақ қарағандылықтар мергендік танытып, есеп ашты. Голды орындаған - Деслей Уббинк. Бірінші бөлімнің соңына дейін негізінен «Шахтер» футболшылары басымдыққа ие болды, үзіліске дейін есеп өзгерген жоқ.
Ал екінші тайм басталғанда «Астана» командасының жаңа ойыншысы Джордже Деспотович есепті теңестіре алды. Қазіргі ел чемпионы шабуылды тоқтатпады, алайда елордалық команда капитаны Танат Нөсербаев ойынның 65-ші минутында ғана гол соға алды, есеп - 2:1.
13 наурыз. Бұл күні көрнекті қазақ композиторы Мұқан Төлебаевтың аяқталмаған «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» шығармасының тұсаукесері «Астана Опера» театрының Үлкен залында өтті.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Классиктер мен замандастар» атты концертте отандық классиктер Е.Рахмадиевтің, Т.Қажығалиевтің симфониялық музыкалары және қазіргі заманғы қазақстандық авторлардың шығармалары орындалды.
Ғ.Мүсіреповтің либреттосына жазылған М.Төлебаевтың аяқталмаған «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» операсы жас ғашықтардың трагедиялық махаббаты туралы көне аңыз желісінен алынған XIII-XIV ғасырлардағы лиро-эпостық поэмасының желісінде жазылды. Музыкалық кештің бірінші бөлімінде концерттік орындалудағы опера ұсынылды.
Өнертану ғылымдарының кандидаты, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, профессор, музыкатанушы, төлебаевтанушы Алтын Кетегенова көптеген жылдар бойы көрнекті қазақ композиторы Мұқан Төлебаевтың шығармашылығын зерттеді. Ол аяқталмаған «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» операсын тауып, бүгінгі таңда осы музыканың орындалуына бар күшін салды. Алтын Сәлімқызы ноталарды сақтап, түзетулерін жасап, композиторлардың шығарманың симфоникалық аспаптық орындалуына бастамашылық етті. Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, профессор, композитор Серік Еркімбеков осы бір қиын дүниені қолға алды. Ол туындыны оркестрлік орындауда автордың анық, әдемі, үйлесімді стилін ұстанды.
«Біз Алтын Сәлімқызына қазақ өнерінің дамуына үлес қосқаны үшін ризашылығымызды білдіреміз. А.Кетегенованың бастамасы бойынша осы бір ғажайып туынды «Астана Опера» театры Үлкен Залының сахнасында орындалатын болады», - дейді музыкатанушы Маржан Жәкенова.
Бұдан басқа, концерттің бірінші бөлімінде үлкен өнерді бағалаушыларға «Астана Опера» симфониялық оркестрінің асқан шеберлігімен орындалатын, жақында ғана Мариин театрында гастрольдік сапарда болып, петербургтік қауымның зор ықыласына ие болған «Дала аңызы» аяқталмаған балетінен сюита көрсетіледі.
Кештің екінші бөлімінде қазіргі замандастарымыздың шығармалары шырқалатын болады: Балнұр Қыдырбек, Ақтоты Райымқұлова, Серік Еркімбеков, Серікжан Әбдінұров, Абзал Мұхитдинов, Рахат-Би Әбдісағин және т.б.
«Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» операсындағы партияларды дарынды вокалистер - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жанат Шыбықбаев және Жан Тапин, халықаралық байқаулардың лауреаты Мәдина Исламова, Болат Есімханов, Рамзат Балакишиев, «Астана Опера» симфониялық оркестрі және хоры орындады, дирижері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов.
13 наурызда елордада Масленица мерекесі аталып өтілді.
Апта бойы қазақстандық славяндар халық мерекесі Масленицаны тойлауға кіріскен болатын. Осылайша, «Жастар» сарайының алдындағы алаңда елорда тұрғындары қысты шығарып салды.
Мерекелік серуенге «Лад» республикалық славяндар қозғалысының елордалық филиалы, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Жиналған қауым халықтық мерекені көңілді өткізіп, ойындарға, конкурстарға қатысты, спорттық жарыстарда күш сынасты. Алаңда ұйымдастырылатын шеберлік дәрістері барысында құймақ жасаудың құпияларымен танысу мүмкіндігі туды.
Мұнымен қоса, Масленица мерекесі елордада Успенск кафедралды соборы аумағында да аталып өтілді.
14 наурыз күні, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Ұлыстың ұлы күнін атап өтуге арналған «Наурыз-Думан» мерекелік іс-шарасы басталды.
Іс-шараның басты мақсаты - Амал мейрамын атап өту арқылы дәстүрлі рухани құндылықтарымызды кеңінен насихаттау, ата салтын ардақтай отырып, ұлт мәртебесін көтеру.
Мерекелік іс-шара аясында әз-Наурыз мерекесінің атрибуты ретінде жасалған «Жолтерек» жобасының таныстырылымы өткен болатын. Асық атудан, арқан тартудан жарыс ұйымдастырылады. Арнайы тігілген киіз үйде дастархан жайылып, қонақтар наурыз көжеден дәм тата алды.
Мерекелік іс-шараға ҚР Парламентінің сенаторлары, ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысты.
Сонымен қатар, музей қызметкерлерінің өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды.
14 наурызда Астанада Гардероб А1 атты қазақстандық киім тігушілердің өнімі сатылатын әйелдер киімі дүкені ашылды.
Мұнда әйелге тән нәзіктікті, сұлулық пен сымбатты, сәнді бағалайтын жандарға киімдер, аяқ киімдер, аксессуарлар, сәнді әшекей бұйымдар және өнер мен сәнге қатысты басылымдар ұсынылуда.
Сондай-ақ, жаңа дүкенде тұрақты түрде сәнге қатысты түрлі шеберлік сыныптары мен тренингтер ұйымдастырылып тұрмақ.
14 наурызда студенттер арасындағы «WorldSkills Kazakhstan» чемпионатының жеңімпаздары анықталды.
Екі күн бойы елордалық колледждерде жұмысшы мамандықтарды меңгеріп жүрген дарынды студенттер мен кәсіпорындардың жас жұмысшылары конкурс аясында он бағыт бойынша шеберлік байқасты. Конкурс қорытындысы бойынша әрбір санатта мамыр айында өтетін республикалық жарыста Астананың намысын қорғайтын үздіктердің есімдері белгілі болды.
Чемпионат Кәсіптік-техникалық және Политехникалық колледждерде өтті. Жалпы, конкурсқа жұмысшы мамандық иелері арасынан 72 адам қатысты. Елордалық студенттер үшін бұл турнир өз машықтары мен дарындылығын көрсетудің бірден-бір мүмкіндігі. Қазылар алқасы дауыс беру арқылы жеңіске лайықты тұлғаларды анықтады. Олар алдымен республикалық жарысқа, ал онда сәтті өнер көрсеткен жағдайда ТМД елдері арасындағы WorldSkills конкурсында бағын сынайтын болады. Чемпионат қорытындысы бойынша Экономика, технология және тағам өнімдерін стандарттау колледжінің студенті Бауыржан Аусақ үздік аспазшы атанды, Кәсіптік-техникалық колледж студенті Азамат Сабырқұлов ең дәмді кондитерлік өнімдер әзірлеген. «Мейрамхана сервисі» санатында Қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің студенті Олжас Жүсіпназар топ жарды.Конкурста жаңа бастап жатқан құрылысшылар да сайысқа түсті. «Құрғақ құрылыс және сылау жұмыстары» біліктілігі бойынша Политехникалық колледждің өкілдері Әміржан Қыздарбеков пен Константин Новиков бірінші орын алды.Дәнекерлеушілер арасында да жарыс тартысты өтті. Қазылар алқасының пікірінше, бұл салада «Туран-профи» колледжінің студенті Алмас Матаев жеңіске лайық болды.Желілік және жүйелік әкімшілендіру саласында Владислав Шлагерь жеңімпаз атанды, Юрий Апретов - ең дарынды веб-әзірлеуші. Бұл екеуі де Политехникалық колледжде оқиды.Менеджмент және бизнес колледжінің студенті Зарина Нурхалиева шаштараздар арасында ерекше көзге түсті, осы колледждің тағы да бір өкілі Гүлмира Рузматова үздік модельер атанды. Жарыс балабақша тәрбиешілерінің арасында да өтті. Бұл санатта Гуманитарлық колледж студенті Альмира Тұяқова жеңіске жетті.Айта кетейік, алтын, күміс және қола жүлде иегерлеріне чемпионат демеушілерінен бағалы сыйлықтар табысталды.
14 наурызда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Ұлыстың ұлы күніне орай бастауыш және орта сынып оқушыларына арналған «Армысың, әз Наурыз!» атты мерекелік іс-шарасы басталды.
Шара аясында мектеп оқушылары театрландырылған қойылым тамашалады. Аңыз кейіпкерлері Қыдыр ата мен Ұмай ана балаларға бата берді, Алдар көсе мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, әжелерден құралған топ әннен шашу шашты.
Мерекелік жиында қол күресінен, асық атудан, арқан тартудан жарыс өткізіліп, жеңімпаздарға сыйлықтар үлестірілді.
«Армысың, әз Наурыз» мерекелік іс-шарасын өткізудегі басты мақсат - Ұлыстың ұлы күнін тәрбие тетігі ретінде пайдалана отырып, жас ұрпаққа қазақ халқының бай мәдени мұрасын танытуға, салт-дәстүрін құрметтеуге баулу.
Айта кетейік, Ұлттық музейде Ұлыстың ұлы күніне орай балаларға арналған ертеңгіліктер 14-24 наурыз аралығында өтті.
15 наурызда Астана қаласының әкімдігінде Дүнижүзілік тұтынушылардың құқығын қорғау күніне арналған кездесу өтті.
Кездесу барысында «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының төрағасы Қабыкен Закарьянов қозғалыстың соңғы жылдары атқарған жұмыстарының қорытындысын шығарып, астаналықтардың пікірінше үздік деп танылған дәрігерлерді, кондукторларды, көлік қызметкерлерін, слесарь және т.б. маман иелерін марапаттады.- Біз тұтынушылардың құқықтарын қорғап, үлкен іс атқарамыз, адамдардың алғысы - біз үшін ең жоғары марапат. 1991 жылы КСРО-да Тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық қозғалыс құрылды, ал ыдырағаннан кейін біз Қазақстанда алғаш рет «Әділет» қоғамдық қозғалысын ұйымдастырдық, ол 23 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыттың ішінде біз тұтынушылардың нағыз құқық қорғаушыларына айналдық, елордада түрлі мәселелер бойынша 100 мыңнан астам адамға көмек көрсеттік, - деді К. Закарьянов.Оның айтуынша, соңғы жылы көмек сұраған азаматтар саны айтарлықтай азайды. 2014 жылы шағым білдіргендер саны 4 мыңнан асса, өткен жылы 2 мыңға жуық болған. Бұл ретте бұзушылықтар санының азаймағанын айта кеткеніміз жөн. Халықтың сауаттылығы артып, адамдардың көбі өз құқықтарын біледі, көп жағдайда мәселелер сол жерде шешіледі.Жыл сайын кәсіпқойлар азаматтардың оң пікірлерінің нәтижесінде іріктеледі. Кездесу соңында ең үздік мамандар марапатталды. Белсенділер арасында дәрігерлер, автобус жүргізушілері, кондукторлар, кәсіпкерлер, слесарьлар бар. Сонымен қатар, ең үлгілі кәсіпорындар - ауруханалар, ПИК және т.б. марапаттарға ие болды.
15 наурызда Ұлттық музейде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған сәбилердің тұсауын кесу рәсімі өтті.
Сәбилердің тұсауын кесуге Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы Майра Мұхамедқызы, «Астана ақшамы» ЖШС директорының орынбасары, белгілі журналист Зейін Әліпбек, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, ақын Қалқаман Сарин, «Балапан» телеарнасының директоры, тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы, белгілі саясаттанушы-журналист Жарқын Түсіпбекұлы тәрізді танымал тұлғалар шақырылды.
«Тұсаукесер» рәсімі» жобасының жетекшісі, музейтанушы Нұрсерік Жолбарыс журналистерге берген сұхбатында аталған шараның маңызына тоқталып өтті.
«Қариясын «қазынам», ұлын «ұрпақ жалғастырарым», қызын «өрісімді кеңейтерім» деп білген халқымыз үшін әр салт-дәстүрдің орны ерекше болған. Дүниеге келген сәтінен бастап сәбиін елі мен жерін сүюге, халқының мұрасын қастерлеуге тәрбиелейтін асыл дәстүрлеріміз Ұлттық музейдің қайырымдылық жобасында өз жалғасын тауып отыр. Бұл жоба мемлекеттік деңгейде басталған «Жақсылық Жаса» атты халықтық жобасының аясында өткізілді. Осыдан біраз уақыт бұрын басталған бұл жобаға бүкіл қазақстандықтар атсалысты. Жоба өз жалғасын тауып келеді. Ұлттық музей ұжымы да бұл жобадан қалыс қалмай ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін «Тұсаукесер» рәсімі» жобасын қолға алды. Жоба алдағы уақытта дәстүрлі түрде өтіп тұратын болады. Жетімін жылатпаған бабаларымыздың асыл қасиетінің осындай жоба арқылы көрініс тапқанына қуаныштымыз, - деді Н.Жолбарыс.
Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісіМайра Мұхамедқызыбалалардың болашағына ақ жол тілеп, өзінің аналық лебізін білдірді.
«Өзім ана болған соң, осы іс-шараға арнайы келдім. Наурыз мерекесіне орай өткізіліп жатқан «Тұсаукесер» рәсіміне қатысқаным үшін де өте қуаныштымын. Мұндай іс-шаралар дәстүрлі түрде жолға қойылса нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ біздің қазақ жастары бала мәселесіне жеңіл қарамаса екен деймін. Ол үлкен жауапкершілікті қажет ететін дүние. Сонымен қатар, жетімдер үйі болмаса екен деймін. Бұл бүлдіршіндер махаббатқа, мейірімге зәру келеді. Сондықтан да оларды сүйіспеншілікке бөлеу бәріміздің адамдық борышымыз», - деді М.Мұхамедқызы.
Сонымен қатар, Қалқаман Сарин, Ләйлә Сұлтанқызы, Зейін Әліпбек, Жарқын Түсіпбекұлы балалардың тұсауын кесіп, ақ тілектерін арнады. Жоба аясында Астанадағы сәбилер үйінің 5 тәрбиеленушісінің тұсауы кесілді. Тұсаукесер рәсіміндегі фотосуреттер мен тапсырылатын сертификаттар балалардың жеке іс-парағына тігіліп, болашақта өздерінің тұсауын кескен тұлғаларды біліп жүруі үшін сақталатын болады.
15 наурыз. Бұл күні Дэджон қаласында өткен «Жас ғалым» халықаралық байқауына қатысқан жоғары сыныптардың 32 оқушысы елордаға оралды. Турнир қорытындысы бойынша екі оқушы бірінші орын, жетеуі екінші, сегіз оқушы үшінші орын алды.
Конкурсқа бес секция бойынша 16 қалалық мектеп оқушылары қатысты. Олар математика, физика, химия, биология, география, тарих, тіл білімі, экономикадан өз жобаларын орыс және ағылшын тілдерінде ұсынды.
№17 мектеп-гимназиясының оқушысы Аида Қасымова химиядан «Қоршаған ортаны қорғау және адам денсаулығы» санаты бойынша және № 51 мектеп-гимназиясының оқушысы Дана Исмағұлова физикадан «Жаңартылатын энергетика - болашақ энергиясы» секциясында бірінші орын алды.
«Фундаментальды математика және қазіргі заманғы экономикадағы математикалық әдістер» санатында Дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің өкілі Абылай Ақылбек, №17 мектеп-гимназиясының оқушысы Аделаида Аллахвердиева мен №75 мектеп-гимназиясының оқушысы Мира Шауали күміс жүлде иеленді. Дарынды балаларға арналған ҚТЛ оқушысы Ақыл Зайділбек қола жүлдеге қол жеткізді.
Оқушылар химия мен биологиядан жобаларды «Қоршаған ортаны қорғау және адам денсаулығы» секциясында қорғады. Бұл салада «күміс» № 60 мектеп-лицейінің оқушысы Жания Баймағамбетова және Дарынды балаларға арналған ҚТЛ оқушысы Әлібек Даркембаевқа бұйырды. № 73 мектеп-лицейінің оқушысы Санжар Ахметов пен Дарынды балаларға арналған ҚТЛ оқушысы Ільяс Ахмурзин үшінші орын алды.
«ХХІ ғасырдағы тіл, мәдениет және құқық: тану сатылары» санатында тарихтан № 3 мектеп-гимназиясының оқушысы Әділ Зейнелғаби және №1 мектеп-лицейінің өкілі Тоты Нұртай «күміс» олжалады, «қола» №59 мектеп-лицейінің оқушысы Аяла Оразбаеваның еншісінде. Дарынды қыздарға арналған ҚТЛ өкілі Данелия Мұсабекова тіл білімі бойынша жобасын қорғап үшінші орын алды, №60 мектеп-лицейінің оқушысы Аңсар Рахметов ағылшын тілінен қола алды. №60 мектеп-лицейінің оқушысы Асан Советқалиев пен №38 мектеп-лицейінің оқушысы Саян Кемеңгер де үшінші орын алды. Бұл екеуі де «Жаңартылатын энергетика - болашақ энергиясы» секциясында физикадан өз жобаларын қорғады.
17 наурыз «Қазақ аруы-2016» байқауында атыраулық бойжеткен жеңіске жетті. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені атыраулық Альмира Ахатова иеленді.
Ол Астанадағы медициналық университеттің ІІІ курс студенті. Жалпы, байқауға 21 үміткер қатысып, бақ сынаған еді. Үміткерлерге қойылған басты талап ана тілі мен тарихын жетік білуі болатын.
Сондай-ақ сыртқы сұлулық пен ішкі әдеміліктің үйлесімділігі де негізгі қағиданың бірі. Жалпы, бастапқыда байқауға 600-ге жуық ару қатысуға ниет білдірген.
17 наурызда Назарбаев Университетінде АҚШ-тың жетекші компанияларының көшбасшы әйелдерімен кездесу өтті.
Қазақстандағы АҚШ Елшілігі біздің елімізге ғылым, технологилар, инженерия және математика саласындағы көшбасшы әйелдердің үлкен делегациясын ұйымдастырды.
TechWomen делегациясына қатысушылар Астана және Алматы қалаларында мектептердің оқушы қыздары үшін шеберлік сабақтарын өткізеді, жас кәсіпкер әйелдер үшін «speed geek» нетворкинг кездесулеріне, студенттер мен әйелдерге арналған бейресми нетворкинг кездесулері үшін бос орындар жәрмеңкесіне қатысты.
Оларда мансап ретінде жоғары технологиялар саласы қаралды.
TechWomen мақсаты - STEM саласында қол жетімділік пен мүмкіндіктер ұсыну арқылы көшбасшы-әйелдердің келесі ұрпағына қолдау көрсету, байланыс орнатып, оларды жігерлендіру.
Бүгін Астанада TechWoman делегаттарының «Назарбаев Университетінің» студенттерімен және оқытушылармен кездесуі өтті. Әйелдер АҚШ-тың көшбасшы tech компанияларында: Apple, LinkedIn, Mozilla, Symantec және Yahoo кәсіпорындарында жұмыс жасайтындықтарын айтты. Делегация құрамында Орталық Азиядан, соның ішінде Қазақстаннан ақпараттық техологиялар саласындағы жеке компаниялардан және техникалық университеттерден төрт қыз бар. Олар АҚШ-тағы 2015 жылғы TechWomen алмасу және менторлық бағдарламаларының түлектері. Бұлар осы компанияларда тағылымдамалық жобаларға және кәсіби даму семинарларына қатысты.
Оған қатысқан қазақстандықтардың бірі Диана Цой бағдарлама Қазақстанның жас қыздарының әртүрлі салаларда мансаптық өсуіне жол ашуға жігерлендіретінін айтты.
18-20 наурызда Астана қаласында «Дәулет» СК-де грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша Азиялық Олимпиадалық іріктеу турнирі өтті.
Турнирге қатысқан Азияның 168 балуаны Рио Олимпиадасына 36 жолдаманы сарапқа салды.
18 наурызда елордада жұмыссыз жүрген жастарға, ЖОО студенттері мен түлектеріне арналған алғашқы салалық бос орындар жәрмеңкесі өткізілді. Жұмыс берушілер техникалық саладағы 200 артық мамандық бойынша бос жұмыс орындарын ұсынды.
Елордалық жұмыссыз жүрген жастар мен техникалық мамандықтар бойынша бітірген түлектер «Теплотранзит» ЖШС, «Транстелеком» АҚ, «Базис-А» ЖШС, «КазТрансГаз» АҚ, «АстанаЭнергоСбыт» ЖШС, «ArabTec» ЖШС және т.б. компаниялардың өкілдерімен кездесті. Жұмыс берушілер жұмыс іздеушілерді ұсынылған бос орындар тізімімен таныстырып, өз ұйымдары мен кәсіпорындары туралы толық ақпарат ұсынды.
Жәрмеңке қорытындысы бойынша 200 астам адам әңгімелесуге шақырылды.
18 наурызда ТүркПА сайлауды бақылаушылар миссиясы Қазақстанға келді.
Миссия құрамына Әзербайжан Милли Мәжлисінің депутаты Низами Жафаров, Қырғызстан Жоғорку Кеңешінің депутаты Әбілқайыр Ұзақпаев, Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінің депутаты, ТүркПА Құқықтық істер мен халықаралық қатынастар комиссиясының төрағасы, Түркия-Қазақстан парламенттік достық тобының төрағасы Халүк Ипек және Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінің депутаты Еркан Айдын енді.
18 наурызда көктемнің Наурыз мейрамы қарсаңында Астанадағы «Конгресс-Холл» сарайында Астана мемлекеттік академиялық филормониясының қазақ халық аспаптары оркестрінің «Ғасырлар үні» атты концерті өтті. Ең бастысы, бұл концерт бірнеше жаңа туындылардың алғаш рет орындалуымен ерекше болды.
Атап айтқанда, Мағжан Жұмабайұлының «Батыр Баян» поэмасы бойынша жазылған композитор Дулат Әбілдиновтың «Батыр Баян» музыкалық шығармасы алғаш рет көрермендер назарына ұсынылды.
Сол секілді композитор Тоғжан Жахиннің «Еділ патша», «Жаңа заман» атты музыкалық поэмаларын елордалықтар жылы қабыл алды.
Композитор Мәдина Тұрсынбаеваның «Самға, Астана» әні де халықаралық байқаулардың лауреаты Күнсұлу Тұрлыбекованың орындауында алғаш рет шырқалды. Бұдан кейін оркестр композитор Ардақ Тәңірбергенұлының «Жорықта» шығармасын да алғаш рет тыңдармандарға таныстырды. Дирижерлік жасаған Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов.
Бұдан бір-екі жыл бұрын композитор Нұрлан Бекенов қазақтың өр рухты ақыны, батыры Махамбет Өтемісұлына арнап «Қызғыш құс» деген күй шығарған болатын. Міне, осы күйді аталған оркестр алғаш рет көрермендерге тарту етті. Жеке домбырада Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Анар Мұздаханова орындады. Оркестр мен жеке орындаушы арасындағы үйлесім күрделі күйдің көркін аша түсті.
Әнші, республикалық байқаулардың лауреаты Данияр Мұқан композитор Базаралы Түсіпжановтың «Домбыра» әнін нақышына келтіре шырқап, ән сүйер қауымның қошеметіне бөленді.
Сонымен қатар композитор Жанар Жүсіпованың «Гүлсім ханымға» әні тұңғыш рет шырқалды. Бұл ән Мағжан Жұмабайұлының сөзіне жазылған.
Келесі кезекте композитор Арман Жайымның «Әз-Тәуке», Төле би кантатасынан «Қарлығаштың әні», Бибарыс операсынан «Айдананың ариясы» сияқты бірқатар музыкалық шығармалары орындалды. Бұл шығармалардағы терең тебіреніске толы әндердің сөздерін оркестрдің сүйемелдеуімен әнші, республикалық байқаулардың лауреаты Шахризада Тыныштық көрермендерге жеткізді.
Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымовтың дирижерлік етуімен бірнеше шығармалар орындалды. Соның бірі - Арман Жайымның фортепиано мен оркестрге арналған «Махамбет» атты № 2 концерттен финал. Бұл туындыны оркестрдің қолдауымен автор Арман Жайымның өзі орындап берді. Осы шығарма да көрермендер назарына алғаш рет ұсынылғанын айта кеткеніміз жөн.
Әр көрерменнің жанына шабыт беріп, көңілін күйге бөлеген концертте басқа да әндер шырқалды, күйлер тартылды.
18 наурызда Астанада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын бақылау жөніндегі Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы (ЕКПА) миссиясының басшысы, испан парламентінің депутаты Жорди Чукламен кездесті.
Кездесу барысында Е. Ыдырысов 2004 жылы қол қойылған Ынтымақтастық туралы келісімге негізделген, Қазақстан Республикасы мен Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы арасындағы табысты және жемісті ынтымақтастықты атады.
Министр Қазақстанның сайлауды халықаралық үлгілерге сай ашық, айқын және шын өтетініне үлкен назар аударытынын жариялай отырып, еліміздегі кезектен тыс парламенттік сайлауды бақылауда Еуропа парламенті депутаттарының қатысуының маңыздылығын атап өтті.
ЕКПА миссиясының басшысы, өз кезегінде Қазақстанда өтетін алдағы сайлауды бақылауға шақырғаны үшін алғысын айтып, алдағы мезгілде өзара тығыз және үйлесімді әрекеттесуге дайындығын білдірді.
Сонымен қатар, тараптар Қазақстан мен ЕКПА және Еуропа Кеңесі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі мәселелерді талқылады. Ж. Чукла ЕКПА мен қазақстандық заң шығарушылармен табысты жұмысын атап, 20 наурыздағы сайлау нәтижесінде сайланатын ҚР Парламенті Мәжілісінің жаңа шақырылымының депутаттарымен үйлесімді ынтымақтастықты орнатуға дайын екенін білдірді.
Еске сала кетсек, Қазақстан Республикасы мен Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім негізінде Қазақстан парламенттік делегациялары Страсбургтағы ЕКПА пленарлық сессияларына тұрақты түрде (жылына 4 рет) қатысады. ЕКПА өкілдері, өз кезегінде тұрақты түрде Қазақстанға келіп, сайлау миссияларына және Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысына қатысады.
18 наурызда «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында 1-7 сынып оқушыларының арасында ХІ «Зерде» республикалық конкурсы өтті.
Елордалық 40 оқушы 8 секция бойынша өз жобаларын қорғады. Балалар тағы да жалпы командалық есепте бірінші орын алып «Үздік команда» атанды.
Конкурс нәтижесінде, 19 астаналық оқушы алтын, 13-і күміс, жетеуі қола алды.
Конкурс қазақ тілі және әдебиеті, орыс тілі және әдебиеті, математика-информатика, физика-техника, медицина, психология, тарих, өлкетану, этномәдениеттану; биология, химия; валеология, экология пәндерінен өтті.
18 наурызда әлемдік тур аясында елордада «Nikolya» шоколад музейі» танымал авторлық көрмесінің ашылуы өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары шоколад тарихымен және танымал шебер-шоколатье Николай Поповтың шоколадтан жасалған заттарымен танысып, өз қолдарымен шоколадтан түрлі бірегей заттар жасау мүмкіндігіне ие болды.
Әйгілі көрме әлемнің 40-тан астам қаласында болып, оны жарты миллионға жуық адам тамашалаған.Астанада өте жоғары сападағы шоколадтан жасалған 300 астам өнер туындысы көпшілік назарына ұсынылды. Жалпы салмағы 700 кг артық шоколад пен марципан мүсіндер, шоколад багеттермен жиектелген картиналар, шоколад миниатюралар, инсталляциялар, композициялар және т.б. бұйымдар болды. Басты ерекшелік - Қазақстанға, соның ішінде Астанаға арналған шоколад заттардың арнайы сериясы жасалды. Сондай-ақ, келушілер шеберлік дәрістеріне қатысып, өз қолымен тәтті-дәмділер әзірлеуді үйренді. Шоколад тарихы туралы қызықты фильм көрсетілді.
18 наурызда Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде Діни бірлестіктер өкілдері жиналысының кезекті отырысы өтті.
Іс-шараға Қазақстанда тіркелген діни бірлестіктердің, Қазақстан дінтанушылар Конгресінің, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы және ҚР МСМ Дін істері комитетінің басшылары мен өкілдері қатысты.
Жиналыс жұмысының аясында мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы ынтымақтастықтың, рухани келісімді нығайтудың өзекті мәселелері талқыланды, сонымен қатар Қазақстанның діни бірлестік өкілдерінің атынан Наурыз мейрамына байланысты Қазақстан халқына құттықтау хаты бекітілді.
Ресми бағдарлама аяқталғаннан кейін Жиналыстың мүшелері мен қонақтары үшін «Әзірет Сұлтан» мешітіне экскурсия ұйымдастырылды. Іс-шараның ресми бөлігінен кейін оған қатысушыларға ыстық шәй, «Наурыз көже» дәстүрлі тағамы, шығыс тамақтары ұсынылды.
Сондай-ақ түрлі конфессия өкілдері «Асық ату», «Арқан тарту» ұлттық ойындарына белсене қатысты.
19 наурызда Астанада Ұлыстың Ұлы күні - Әз-Наурыз мейрамына арналған мерекелік шаралар өтті.
Атап айтқанда, Интернациональный елдімекені бұқаралық шара, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Е.Шварцтың «Қызыл телпек» ертегісі,
«Жастар» театрында С.Қасымбектің «Наурыз ару» ертегісі, Астана қаласының қуыршақтар театрында А.Салаева «Армысың, әз-Наурыз!» атты қойылым, Астаналық циркте «Жыртқыштар империясы» бағдарламасы, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Н.Гоголь «Мұнда бәріміз де өзіміз», «Ревизор» пьесасы бойынша импровизация, Конгресс-холлда ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Стамғазиевтің «Айттым сәлем, сағынып!» концерті, «Қобыз» сарайында «Армысың, Әз Наурыз!» байқауының гала концерті
өтті.
19 наурызда Астана «Жер сағаты» дүниежүзілік экологиялық акциясына қатысты.
Барша әлемде миллиардтаған адам планетамыздың болашағына немқұрайлы қарамаудың белгісі ретінде өз үйлері мен пәтерлерінде жарық пен электр құралдарын бір сағатқа өшірді. Сонымен қатар, басты объектілер мен туристік көрікті жерлерде де жарық сөндірілді.Астанада сағат 20.30 - 21.30 аралығында 300 астам ғимараттың сыртқы жарықтандырылуы тоқтатылды, соның ішінде «Бәйтерек» монументінде, «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығында, Бейбітшілік және келісім сарайында, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында. Шараға «Қазақстан» спорт кешені, «Астана Арена» стадионы, «Алау» мұз айдын сарайы, «Барыс Арена» сияқты спорттық нысандар да қосылды. М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Елордалық цирк, Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры, «Жастар» сарайы, Қуыршақ театры мен «Наз» би театры да акцияға қолдау көрсетті.«Жер сағаты» - Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) барша әлемде жүздеген мемлекетті қамтыған және табиғатты сақтаудың, планетамыздың шектеулі ресурстарына қамқор болудың белгісі болып табылатын ауқымды акциясы. Өткен жылы акцияға 172 мемлекет пен 2 миллиардтан астам адам қатысқан. 2016 жылы елімізде «Жер сағаты» 16 сәуір - 16 мамыр аралығында өткен «Ұлттық орман отырғызу күні» республикалық акциясының қамқорлығымен ұйымдастырылды. Акцияға Қазақстаннан 80 қала қатысты. Елорда аталған халықаралық шараны бірнеше жылдан бері қолдап келеді.Акция қоғам назары баламалы энергия көздерін пайдалануға бағытталған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында аса маңызды болып табылады. Мемлекет энергия үнемдегіш технологияларды пайдаланып, «жасыл экономиканы» дамытуда, осы мақсатта жасалған алғашқы қадам - ресурстарды пайдалануды оңтайландыру және табиғат қорғау қызметінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ, «жасыл» инфрақұрылымды құру.
20 наурыз. Астана қаласында «Наурыз мейрамы - 2016» тойы аясында М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында О.Розум «Марғаудың жаңа жылды құтқару хикаясы, Астана қаласының Қуыршақтар театрында А.Саламованың «Армысың, әз-Наурыз!» қойылымы, Астаналық циркте «Жыртқыштар империясы» бағдарламасы өткен болатын.
20 наурызда Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков ҚР Парламенті Мәжілісінің және Астана қаласы мәслихаты депутаттарын сайлауға қатысты. Қала басшысы Оқушылар сарайында орналасқан №81 сайлау учаскесінде дауыс берді.
21 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордада Наурыз тойланып жатқан алаңға келіп, халықпен бірге осында мейрамдық көріністерді тамашалады.
«Астана Арена» маңындағы алаңда орналасқан этноауылда елорда тұрғындары мен қала қонақтары назарына концерттік бағдарлама ұсынылып, спорттық жарыстар өткен еді. Тайқазан жанында театрландырылған қойылым көрсетіліп, жиналған жұртшылық «Наурыз көженің» дәмін татты.
Осында «Тұсау кесер», «Бесікке салу», «Сырға салу», «Қыз ұзату», «Құда түсу» салт-дәстүрі көрсетілді, сондай-ақ «Тоғыз құмалақ» және басқа ұлттық ойындардан сайыс өтті.
Спорт алаңында жиналған қауым қазақша күрестен, арқан тарту, гір спорты және армрестлинг жарыстарына қатысты.
Мұнымен қоса, Шығыс базарында шеберлер қыштан жасалған бұйымдарды, зергерлік, киізден, ағаштан жасалған өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Орнатылған алтыбақандарда қыз-жігіттер арасында ән-айтыс ұйымдастырылды.
21 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқын Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтады.
«Әз-Наурыз барша халқымызға құтты болсын! Осы жерге жиналған халыққа, барлық қазақстандықтарға шын жүрегіммен бақ-береке тілеймін. Ұлыстың Ұлы күні кешегі сайлаудағы ұлы жеңісімізбен қатар келді. Сондықтан Қазақстан халқы бір үйдің баласындай аман-есен жүріп жатқан жағдайымыз бар. Осы бірліктен Жаратқан бізді әр уақытта ажыратпасын. Барлық істеп жатқан жұмыс - келер ұрпақтың қамы. Келер ұрпаққа беретін аманатымыз елдің бірлігін сақтап, Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай қорғап, болашаққа жол салатын болсын», - деді Президент.
Осы орайда Елбасы Қазақстан тыныштық жағдайында өркендеп өсіп жатқандығын атап өтті.
«Осы күні адамдар бір-біріне қандай да бір реніштерін кешіріп, көшет отырғызып, бұлақтардың көзін ашқан, мұқтаждар мен кедейлерге көмек көрсеткен. Сонымен қатар мейірімділікке шақырып, жақсы тілектер айтқан. Мен баршамызға амандық, әр отбасыға, әр адамға бақыт пен барлық жақсылықты тілеймін», - деді Мемлекет басшысы.
21 наурызда Астанада Наурыз мерекесінде жедел жәрдем дәрігерлері баспаналы болды.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев Жедел медициналық жәрдемнің 30 дәрігеріне пәтер кілтін табыстады. Салтанатты шара Наурыз мейрамын мерекелеу аясында өтті.
Мерекелік шара жедел медициналық жәрдем стансасы аумағында ұйымдастырылды.
21 наурызда елордада мерекелік халықтық серуен өтті.
Басты шаралардың бірі «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда өтті. Әдеттегідей, киіз үйлер тігіліп, спорт жарыстары ұйымдастырылды, алтыбақан орнатылып, концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды.
22 наурыз күні «Астана Опера» театрында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, П. Чайковский атындағы ХI халықаралық байқаудың лауреаты, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызының «Шырқар әнім - Астана көктемі» атты жеке концерті өтті.
Наурызға арналған концерт «Астана Опера» театрының балет әртістері, симфониялық оркестрі мен хорының қатысуымен өткен еді.
Концертті жүргізушілер - Дана Нұржігіт, Евгений Чайников.
Бағдарламаның бірінші бөлімінде - Дж. Верди, Ж. Массне, Г. Доницетти, С. Франк, И. Кальман, Ж. Оффенбахтың классикалық опера және оперетталарынан ариялар мен дуэттер орындалды.
Екінші бөлімде қазақ халық әндері мен заманауи әндер, сондай-ақ А. Жұбанов пен Л. Хамиди, Е. Рахмадиев, С. Мұхамеджанов, А. Мұхитдиновтың операларынан ариялар мен дуэттер орындалды.
Дирижер - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов. Бас хормейстер - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.
22 наурызда елорда тұрғындары мен қонақтары Наурыз мейрамын халықтық серуенмен, ән айтып, би билеп дәстүрлі тағамдармен қарсы алды.
Қаланың бірнеше алаңдарында мерекелік шаралар өтті. Басты шаралардың бірі «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда болды. Мұнда әдеттегідей, киіз үйлер тігіліп, спорт жарыстары ұйымдастырылды, алтыбақан орнатылып, концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды.
Халық арасында күрес, гір спорты, армрестлинг, арқан тарту, асық ату жарыстары өткізілді. Қалалық мәдениет мекемелері болса, адамдарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда. Ашық аспан аясында өтіп жатқан мерекеге еліміздің басқа өңірлерінен және шет елдерден келген қонақтар да қатысуда.
Айта кетер жайт, мерекелік шаралар «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда, сондай-ақ қалалық алаңда да өтткен болатын.
22 наурызда Астана қалалық сотында «Ең үздік киіз үй» бәсекесі ұйымдастырылды.
Сот маңына Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Мәңгілік Алаш елі және Есіл ауылы атанған 5 киіз үй құрылып, думанды кеш әсем сазды ән мен күмбірлеген тәтті күйге ұласты.
Салтанатты шараны ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми ашып, Ұлыстың Ұлы күні әз Наурыз мейрамымен құттықтады.
Астана қалалық сотының төрағасы Тілектес Бәрпібаев Наурыз береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың, риясыз шаттықтың, көтеріңкі көңілдің бастауы болып, елге құт-береке дарытатын, рухани тазартатын, адамзатты бақытқа, қуанышқа бөлейтін тамаша мереке екенін айтып, барша қауымды Ұлыс мейрамымен құттықтады.
Шара аясында «Ең үздік киі үй» сайысынан жарыс ұйымдастырылып, бірінші орын «Мәңгілік ел», екіншіні Әйтеке би, ал үшінші орынды Есіл ауылы еншіледі. «Арқан тартудан» Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты үздік шықты.
Думанды шараға қатысқан Жоғарғы Сот төрағасы қызметін атқарған, ардагер судья Михаил Федорович, Парламент Сенатының депутаты Б.Бекназаров өздерінің жүрекжарды тілектерін арнады.
22 наурызда елорда әкімі Ә. Жақсыбеков қала тұрғындары мен қонақтарын Наурыз мейрамымен құттықтады.
«Құрметті астаналықтар және қала қонақтары!
Сіздерді Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Әз Наурыз халқымызда жаңа жылдың бастауын, табиғат ананың қайта жаңғыруын білдіреді. Көктемнің осынау ғажайып мерекесі ежелден ырыс пен берекенің, молшылық пен жаңашылдықтың жаршысы саналған. Күн мен түннің теңесіп, дүниенің жайнайтын сәті Қазақ еліне жақсылығын ала келсін. Ұлыс оң, ақ мол болсын! Наурыз мейрамы баршамызға құтты болсын!
Сіздерге зор денсаулық, шаңырақтарыңызға ырыс пен береке, еңбектеріңізге мол табыс тілеймін!», делінген қала әкімінің құттықтауында.
24 наурызда ҚР Ұлттық музейінде «Дарын-2008» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Айдар Жамхан мен Астана қаласы Қазақ суретшілер қауымдастығының мүшесі Шахмардан Айдостың «Жамбыл Жабаев» картинасының тұсаукесері өтті.
Картинада қолында домбырасы бар, басына қара-қоңыр түсті бөрік, үстіне ұлттық шапан киген ақын бейнеленген. Сонымен қатар, туындыдан қызыл жолбарыстың бейнесін және басқұр, кілем, түскиіздің элементтерін көруге болады. Композицияның оң жағында қазақтың кең даласы мен аспаны, асқар таудың бейнесі бар.
24 наурызда елордада КСРО және Қазақ КСР халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор еркеғали Рахмадиев атындағы І халықаралық байқауы өтті.
Бұл шараны ҚР Мәденеиет және спорт министрлігі мен «Қазақ ұлттық өнер университеті ұйымдастырған болатын.
Байқау вокалдық өнер және хорды дирижерлеу деген екі аталым бойынша жүргізілді.
25 наурызда Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде мемлекеттік «Дарын-2008» жастар сыйлығының лауреаты Айдар Жамхан мен Астана қаласы Қазақ суретшілер қауымдастығының мүшесі Шахмардан Айдостың «Жамбыл Жабаев» картинасының тұсаукесері өтті.
25 наурыз күні Астанада көркем гимнастикадан Қазақстан Кубогы өтті. Жарысқа еліміздің 13 өңірінен 230 спортшы қатысты. Елордалық спортшылар 39 медаль еншіледі: 18 алтын, 12 күміс және 9 қола.
27 наурызда елордадағы Жастар театрында Халықаралық театр күніне орай мерекелік шаралар ұйымдастырылды.
Оған Жастар театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ академиялық музыкалық-драма театры, М.Горький атындағы орыс академиялық театры, Астана қаласы Көңілді тапқырлар театры, Қуыршақ театры және «Наз» мемлекеттік би театрлары қатысты.
Театр күнін тойлау - бас қаланың мәдени өмірінде дәстүрге айналған. Бұл күні Астана қаласының театрлары сахна мен сахна сыртындағы қызықты сәттер, әдемі әуен мен көңілді миниатюралар көрсетеді.
26 наурызда Астанада Оқушылар сарайы ғимаратында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілген «Наурыз мейрамы - 2016» қалалық байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Наурыз мейрамын мерекелеген күндері мемлекеттік органдар, кәсіпорындар мен ұйымдар арасында, жалпы 40-тан астам мекеме арасында қалалық байқау өткізілді.
27 наурызда Дүниежүзілік театр күніне орай елорданың үздік әртістері «Жастар» театрында бас қосты. Аталған шараны өткізу дәстүрге айналған.
27 наурызда Елордалық аспаздар Даун синдромына шалдыққан балаларға шеберлік сабағын өткізді.
Айта кетерлігі, шеберлік сабақтары балаларға тегін өткізілді. Мұнан бөлек, олар бірегей тағамнан дәм татып, торт жасаудың қыр-сырын да үйренді.
Бүгінде елордада Даун синдромына шалдыққан шамамен 300 бала бар. Жыл сайын Астанада дәл осындай диагнозбен 30 сәби дүниеге келеді. 2015 жылдың желтоқсанында ата-аналардың күшімен «Солнечный мир» қоғамдық қоры құрылды. Оның басты мақсаты - Даун синдромына шалдыққан балаларды оңалту және оларға көмек көрсету.
27 наурызда Қазақ Ұлттық өнер университетінің күйшілері күй апталығын өткізуді бастады. Айта кету керек, үш күнде алты бірдей күй кеші өтті.
28 наурызда The Exchange заманауи американдық акапэлла тобы сәуірдің 3-іне дейін Қазақстанның 3 қаласына - Астана, Қызылорда, Алматыға гастрольдік сапар жасады.
2012 жылы жігіттерден құралған топ ерекше қайталанбас стилімен және рок, опера, R&B, хип-хоп бағытында акапэлла репертуарларымен көзге түсті. Топтың бес мүшесінің әрқайсысы - Аарон Спербер, Альфредо Остин, Кристофер Диаз, Джамал Мур, Ричард Штайнер - өздеріне тән анық түсті дауыстарымен музыканы әрлендіре түседі. The Exchange тобы бір сахнада танымал Olly Murs, Flo Rida, Sara Bareilles, Wynton Marsalis, Boyz II Menмен бірге өнер көрсетті; McDonalds, Kraft, және NY Giantsпен бірігіп жұмыс жасады; сондай-ақ, The Daily Show, Rolling Stone, Ryan Seacrest, Perez Hilton, және Entertainment Weekly атты танымал түсірілімдерге қатысты. Көп ұзамай the Backstreet Boys тобымен әлемнің 32 қаласын шарлап, бірге өнерлерін сомдады.
28 наурызда Астанада әйелдер мен ерлер арасында конькимен жүгіру көпсайысы бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаты және жасөспірімдер арасында жеке қашықтық бойынша ҚР-ның чемпионаты басталды. Жарыс 30 наурызға дейін жалғасты.
Чемпионаттың нәтижесі бойынша, ұлттық құрамаға жеңіске жеткен 10-ға тарта спортшы алынады. Танымал спортшылардан бүгінгі жарысқа Александр Жигин, Денис Кузин, Федор Мезенцев, Екатерина Айдова қатысып жатқандығын да айта кеткен жөн.
28 наурызда Астанада М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған балалар шығармашылығы мен бейнелеу өнерінің «Тұмар-2016» қалалық көрмесінің қорытындысы шығарылды. Көрмеге 250 оқушы қатысқан болатын. Жас шеберлер коллаждар, аппликациялар, ою-өрнектер, мүсіндер, ас үй заттарын және т.б. жасаған.
Байқау қорытындысы бойынша «Арт-инсталляция» номинациясында «Нұр Орда» мектебінің өкілі сегіз жасар Ахмет Қабдолла үздік атанды. «Сәндік-қолданбалы өнер» санатында №2 мектеп-гимназиясының оқушысы Айым Қайорғазинова көш бастады. «Макеттер, коллаждар, қағазбастылық» номинациясында №27 мектеп-лицейінің шәкірті Камилл Камаловтың және Елена Кирпичеваның еңбектері ерекше деп танылды. Ең креативті мүсіннің авторы №1 математикалық-экономикалық лицейдің оқушысы он алты жасар Ермек Тұрғымбаев болып шықты.
29 наурызда Астанада «Өнеркәсіпқұрылыс - Астана» және «ЭкспоЖылжымайтын мүлік - 2016» атты құрылыс саласындағы екі халықаралық көрме ашылды. Көрмеге қатысу үшін Қазақстанға 10 елдің компаниялары келді.
«Өнеркәсіпқұрылыс - Астана» көрмесінде жұртшылық назарына құрылыс материалдарын, тау-кен өндіріс өнеркәсібіне арналған техниканы және басқа да өнімдер ұсынды. Иран компаниялары көрмеге алғаш рет қатысты.
Көп жылдар бойы осы көрме барысында көптеген іскерлік бағдарламалар іске асырылып келеді.
«ЭкспоЖылжымайтын мүлік - 2016» көрмесіне тоқталатын болсақ, бұл шара Қазақстан мен шетелдің жылжымайтын мүлігі нарығы жайында ақпарат ұсынудың бірегей мүмкіндігі. Көрмеге келушілер тұрғын үй және коммерциялық жылжымайтын мүлікті, жер телімдерін сатып алу, бизнесті шетелде жүргізу мәселелері бойынша кеңес алды.
29 наурызда Астанада «Жас ұлан» республикалық мектебінде ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің боксынан ІІІ ашық турнир басталды. Турнирге офицерлер, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер қатысты.
Турнир AIBA халықаралық бокс федерациясының халықаралық ережелері бойынша өткізілді. Команданың құрамы - 10 адам (8 спортшы, 1 өкіл және 1 төреші). Сайысқа 56, 60, 64, 69, 75, 81, 91 келіге дейінгі және 91 келіден жоғары салмақтағы қатысушылар қатыса алды.
29 наурыз күні РФ Пенза облысының губернаторы Иван Белозерцев бастаған делегация Астанаға үш күндік ресми сапармен келді.
Сапардың басты мақсаты - экономикалық және гуманитарлық екіжақты қарым-қатынасты нығайту.
Бүгін ресейлік делегация Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековпен кездесті. Елорда басшысы аймақтар арасындағы сауда-экономикалық және әлеуметтік-мәдени өзара қарым-қатынастың негізі дәстүрлі тарихи байланыстар ғана емес, сондай-ақ, нақты іс жүзіндегі байланыста болатынын атап өтті.
«Біз Пенза облысымен серіктестік қарым-қатынасты тереңдетуге және жүйелі түрде кеңейтуге көп мән береміз», - деді Ә. Жақсыбеков. Елорда әкімі аймақ басшысының сапары көрші мемлекеттердің аймақтары арасындағы достықты нығайтуға және оны одан әрі дамытуға қосымша серпін беретініне сенім білдірді.
Төрт жылдан бері Астана мен Пенза облысының арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы екі жақты келісім әрекет етуде. Атап айтқанда, аймақтар арасында азық-түліктік және ауыл шаруашылық салаларда белсенді сауда жүргізіледі.
Пенза облысының губернаторыАстана қаласының әкіміне қонақжайлылығы мен Қазақстанның жас астанасының дамуымен танысуға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтты.
«Бүгінде Астана жетістікке қол жеткізді. Қазіргі заманғы тұрғын үй, мәдениет және спорт нысандары құрылысының қарқыны таң қалдырады. Бұған кеше қаланы аралаған кезде тағы да көз жеткіздік. Бұл қонақжай жер, адам капиталын тартатын орталық, қарқынды экономикалық даму аумағы болып табылатыны сөзсіз», - деді И. Белозерцев. Губернатор Пенза облысы үшін аймақтар арасындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды екендігін атап өтті.
Бүгін Астана әкімдігі мен Пенза облысы Үкіметінің денсаулық сақтау, білім, мәдениет және туризм салаларындағы профильді құрылымдарының өкілдері жұмыс кездсулерін өткізеді. Сонымен қатар, делегация EXPO-2017 көрме кешенінің аумағында болады.
Пенза облысының губернаторыАстана қаласы әкімінің келер жылы кеңейтілген делегациямен Астанаға келуге шақыруын қабыл алды. И.Белозерцев аймақ тұрғындарының алдағы жылы өтетін көрмеге қуана келетінін жеткізді. Сондай-ақ, тараптар ЕХРО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі барысында Пенза облысының Астанадағы күндерін өткізу туралы уағдаласты.
30 наурызда ҚР Ұлттық музейінде «National Geographic Қазақстан» журналының жарық көруіне орай Қазақстан және АҚШ ғалымдарының қатысуымен кездесу өтті.
Кездесуге екі дүркін Пулицер сыйлығының иегері Пол Салопек пен танымал АҚШ ғалымы Александр Моен қатысты. П.Салопек - бүкіл әлемді жеті жыл ішінде жаяу шарлап өтуді мақсат етіп келе жатқан зерттеуші, жиһангез-жазушы. Сол сапары аясында ол қазір Қазақстанға келіп жетті. Ал, А.Моен «Out of Eden Walk», яғни «Эденнен басталған саяхат» немесе «Әлемдік серуен» және «Genography» жобаларына жетекшілік етіп келе жатқан ғалым.
30 наурызда Астанада конькимен жүгіру көпсайысы бойынша Қазақстан чемпионаты аяқталды. Жарыс қорытындысы бойынша ерлер арасында Денис Кузин, әйелдер арасында - Екатерина Айдова чемпион атанды.
Үш күн бойы «Алау» мұзайдыны сарайында өткен чемпионатқа сегіз аймақтан келген спортшылар қатысты. Жарыстар ересектер арасында да, жасөспірімдер арасында да ұйымдастырылды. Жалпы, 13 медаль жиынтығы сарапқа салынды. 500, 1500, 1000 және 3000 метрге жүгіруде жиналған ұпай саны бойынша Екатерина Айдова көш бастады, Татьяна Климчук екінші, Мария Сизова үшінші орында.Ерлер арасында барлық қашықтықтар бойынша жарыстарда Денис Кузин үздік болды, Дмитрий Морозов күміс, Александр Кленко қола медаль еншіледі.Жасөспірімдер арасында классикалық көпсайыстан Демьян Гаврилов, қыздар арасында Александра Примак топ жарды.
30 наурыз күні Американдық «The Exchange» тобының Астанадағы шоуы аса әсерлі болды.
Қазақстандағы АҚШ елшілігі Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнауына 25 жыл толуына арналған шаралар өткізілген болатын.
Бұл шаралар негізінен: инновация, достық және әріптестік тақырыптарын қамтыды. Осынау атаулы күнге орай Астанада АҚШ елшілігінің American Music Abroad» бағдарламасы бойынша қаржылай қолдауымен американдық «The Exchange» тобы өнер көрсетті. Сондай-ақ бұл концертке қазақстандық әртістер: «Акапелло Априори» тобы, қобызшы Ләйлә Тәжибаева және әнші Ардана ( Артемис тобы) қатысты.
31 наурызда ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаушы әрі көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жасқа толған мерейтойына байланысты «Әлихан Бөкейханов және ұлт руханияты» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
ЮНЕСКО Бас конференциясының 38-ші сессиясының шешіміне сәйкес, Әлихан Бөкейхановтың мерейтойы 2016 жылғы ЮНЕСКО-ның Атаулы күндер күнтізбесіне енгізілді.
Дөңгелек үстел барысында Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Алаш» ғылыми-зерттеу институты (директоры Сұлтан Хан Аққұлұлы). тарапынан қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде дайындалған «Әлихан Бөкейхан. Alikhan Bukeikhan. Алихан Букейхан» атты зерттеулер, публицистикалық мақалалар, сұхбаттар және дөңгелек үстел материалдарының жинағы кітапханаға сыйға тартылды. Дөңгелек үстел жұмысына «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай, Мемлекеттік тарих институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяған, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессорлары Зиябек Қабылдинов, Данагүл Махат қатысты.
«Алаш қозғалысының көсемі» атты кітап көрмесі Әлихан Бөкейхановтың қоғамдық-саяси, мемлекеттік, ғылыми, публицистикалық және журналистік қызметі және оның бай мұрасына арналды.
31 наурызда ҚР Ұлттық музейіне жапондық бес суретші өздерінің тоғыз картинасын сыйға тартты.
Бұл сый-сияпат 3-31 наурыз аралығында «Бес суретші - бес құбылыс: дәстүрлер мен жаңашылдық» көрмесі ұйымдастырылуына орай, жапондық тараптың ризашылығымен табысталды.
Мията Рёхэй, Митамура Арисума, Сайто Норихико, Мизогучи Бодуко және Кавачи Кунпей секілді суретшілер елорданың өнер сүйер қауымының назарына 35 туындысын ұсынды.
Бұл көрмеде каллиграфия, нихонг көркем суреттерін, тушьпен салынған туындыларды, шағын мүсіндерді, сондай-ақ өзге де жапондық өнердің жетістіктерін байқауға болады.
ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай көрмеге Жапонияның өнердегі үздік шеберлерінің туындылары ұсынылған атап өтті.
Сыйға тартылған 9 картинаның арасында жапондық ЖОО ректоры Мията Рёхэйдің де еңбегі бар. Айта кетейік, бұл көрмені ұйымдастыруға Жапон қоры, Суретшілердің Азия-Тынық мұхиттық қауымдастығы, Жапонияның Қазақстандағы Елшілігі қолдау жасады.
1 сәуірде Конгресс-холлда қазақ елінің біртуар перзенті, халқымыздың мәдениеті, музыка өнерінде композитор, дирижер ретінде өшпес із қалдырған, күйші, Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына арналған «Нұр аға» гала-концерті өтті.
Нұрғиса Тілендиев көзінің тірісінде-ақ қазақ музыкасының сайыпқыраны атанған еді. Оның талай сазы тыңдарманның жүрегінен орын тауып, қазақ киносын әсем әуенмен әрлеген болатын. Ол 500-ден астам музыкалық төл туындының авторы. Оның «Аққу», «Аңсау», «Арман», «Көш керуен», «Махамбет», «Саржайлау» сияқты әндері мен күйлері халқының сүйіп тыңдайтын рухани қазынасына айналған.
Нұрғиса Тілендиевке арналған концерттің ерекшелігі - автордың халық ұжымдарына арнап жазған шығармаларын Астана қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрінің орындайтынында. Дирижері - Ернар Нұртазин және Берік Батырхан.
Ән-жыр кешіне КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова, ҚР халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов пен Майра Мұхамедқызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Үлкенбаева, Алтынай Жорабаева, Айгүл Қосанова, Азамат Жылтыркөзов, Бибігүл Жанұзақ, Қазақстанның жастар сыйлығының иегері Нұрғали Тұрлыбеков, сондай-ақ, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Айзада Капонова, Нұрбол Балапанов, Шахризада Тыныштық қатысты.
***
Елордамызда түрлі салаға қатысты, түрлі деңгейдегі сан-алуан шаралар өтеді. Бұл 1 қаңтар мен 1 сәуір аралығындағы Астана жылнамасына енген оқиғалардың бір бөлігі ғана. «ҚазАқпарат» алдағы уақытта да Астананың тыныс-тіршілігіне қатысты жаңалықтармен бөлісіп отыратын болады.