«Astana hub» арқылы жеңілдік алған майнинг фермалар: Бағдат Мусин пікір білдірді
14:54, 31 Наурыз 2022
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Astana hub» технопаркіне тіркелу арқылы жеңілдіктер алған майнинг фермалар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Astana hub» бойынша айтсам, бұл технопаркке 574 қатысушы тіркелген. Оның ішінде тек бесеуінің майинингпен айналысып жүргеніне көз жеткіздік. Ол бесеудің біреуі ғана өзінің майнингпен айналысатынын мойындады. Қалған төртеуі деректерді өңдеу орталығына ақпат жиынтығын өңдеу бойынша қызмет көрсетеміз деп отыр. Олармен соттасса, іс оңайға соқпауы мүмкін. Өйткені олар заң өлшемімен алғанда расымен де деректерді өңдеумен айналысқан болып шығады», - деді Бағдат Мусин «Цифрлық Қазқастан» бағдарламасының аралық нәтижесі талқыланған жиында.
Оның пайымынша, бұл проблемаларды цифрлық активтер туралы заң аясында реттеуге болады.
«Бүгін депутат Е. Смышляева цифрлық активтер туралы заң жобасын бастама етіп көтерді. Депутатпен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Қазір құжат Президент Әкімшілігінің қарауында жатыр. Ол құжатта да бақылауға қатысты көптеген мәселе бар. Мемлекет басшысы тиісті салығын төлеп отырған «ақ майнерлерге» тиіспеңдер деп отыр», - деді министр.
Еске салсақ, майнинг фермалар «Astana hub» арқылы 8,5 млрд теңгенің жеңілдігін алғаны белгілі болды.