Astana Hub қатысушыларына жаңа жеңілдік: бірқатар технологиялық жабдық ҚҚС-сыз әкелінеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда Astana Hub қатысушылары үшін тағы бір маңызды қолдау тетігі іске қосылды. Енді IT-компаниялар шетелден әкелетін бірқатар технологиялық жабдықтарға қосылған құн салығын (ҚҚС) төлемейді.

Фото: https://www.gov.kz/

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Astana Hub қатысушылары үшін ҚҚС-дан босатылатын тауарлардың жаңа тізімін бекітті. Тізімге ақпараттық технологиялар саласында кеңінен қолданылатын 41 түрлі тауар енгізілген.

Олардың қатарында ноутбуктер, деректерді өңдеу құрылғылары, жад сақтау жүйелері, микропроцессорлар, дыбыстық карталар, проекторлар, радионавигациялық жабдықтар және жартылай өткізгіштер өндірісінде қолданылатын арнайы құрылғылар т.б. өнімдер бар.

ҚҚС жеңілдігін алу үшін компания Astana Hub халықаралық технопаркінің ресми қатысушысы болуы керек. Сонымен қатар, кәсіпорынның жылдық табысының кемінде 90%-ы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы қызметтен түсуі қажет.

Бұдан бөлек, әкелінетін жабдықтар арнайы бекітілген тізімде болуы және компанияның негізгі IT қызметінде пайдаланылуы тиіс. Импорт рәсімі де қолданыстағы кеден заңнамасына сәйкес жүргізілуі қажет. Демек, ЕАЭО Кеден кодексі немесе «Қазақстан Республикасындағы Кедендік реттеу туралы» ҚР Кодексі  қолданылуы керек.

Бұйрық 19 маусымнан бастап күшіне енеді.

Айта кетейік, бұған дейін цифрландыру мен ЖИ Қазақстанның жаңа даму кезеңіне жол ашатыны жөніндегі Президент мәлімдемесін жариялағанбыз.