Astana Hub майнинг фермалар арқылы заңсыз активтерді жылыстатуға жол беріп отыр ма – заң жобасы
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Astana Hub, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, «Жасыл даму» акционерлік қоғамы сияқты мекемелердің қаржылық мониторинг аясынан тыс қалып бара жатқанына наразылық білдірді.
- Қаржылық мониторинг субъектілерінің тізімінде неге «Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі» жауапкершілігі шектеулі серіктестік жоқ? Astana Hub-та көп былық болып жатыр. Бұл ұйым неге қаржылық мониторинг субъектісіне кірмейді? «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры неге жоқ? Автоломбардтар, «Жасыл даму» акционерлік қоғамы, Бірыңғай есеп айырысу орталықтары (ЕРЦ – ред.) неге кірмейді? Қазір Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бүкіл төлемдердің қаржы айналымын бірыңғай орталықтарға беріп жатыр. Эндаумент қорлар неге жоқ, - деп сұрады Бақытжан Базарбек.
Агенттік басшысының орынбасары депутат атаған ұйымдардың бір бөлігі заң жобасы бойынша мониторинг аясына кіргенін атап өтті.
- Автоломбардтар, Astana Hub деп жатырсыз. Олардың бәрі біз ұсынып отырған заң жобасы бойынша қаржылық мониторинг субьектісіне кірген. FATF ұсынымында айтылған ұйымдардың бәрі заң жобасын кірді. Басқа аталған субъектілерді мониторинг аясына кіргізу туралы ұсыныстарыңыз болса, қарастыруға дайынбыз.
Бақытжан Базарбек Astana Hub заң жобасында кірді деген жауапты теріске шығарды.
- Сіздер заң жобасында ұсынып отырған 20 субъектінің қатарында Astana Hub жоқ. Ал цифрлық активтердің құрамында майнинг орталықтары да бар. Қазір барлық заңсыз, қылмыстық жолмен табылған активтердің көбі майнинг орталықтар арқылы жылыстатылып жатыр. Astana Hub-тың ішінде майнингпен байланысты мекемелер өте көп. Сондықтан қарастыру ғана аз, мен атаған мекемелерді үзілді-кесілді мониторинг аясына кіргізу керек, - деді депутат.
Еске салсақ, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов қазақстандықтар көлеңкелі аймақтан 15 млрд долларға криптовалюта сатып алғанын мәлім еткен болатын.