Астана: Ильинкадағы жалғыз спорт мектебінің тәрбиеленушілері артуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдың қыркүйек айында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана іргесіндегі «Үркер» тұрғын үй алабында «Нұрал» спорт мектебі ашылды. Жалпы аумағы 1 мың шаршы метрді құрайтын спорт мектебі қазіргі таңда толыққанды жұмыс жасап тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Нұрал» спорт мектебінде шығыс жекпе-жегі залы, күрес залы және жаттығу залы бар. Мектепте киокушинкай каратэ, дзюдо, бокс, қазақша күрес секілді спорттың жеті түрінен үйірмелер жұмыс істеуде. Болашақта шахмат және тоғызқұмалақ үйірмелері ашылмақ.

«Спорт мектебі 2017 жылдың қыркүйек айында ашылды. Бұл Ильинка тұрғын алабындағы балаларға арналған жалғыз спорт кешені. Қазіргі кезде мектебімізде үш жүзге жуық бала спорттың жеті түрімен айналысады. Аз қамтылған отбасылардың балалары үйірмелерге тегін қатысады. Қазіргі күні 15 балаға сондай мүмкіндік жасап отырмыз. Оның өзіндік тәртібі бар. Ашылғанымызға көп уақыт болмаса да, жақсы жетістік көрсетіп келе жатқан спортшыларымыз да бар», - дейді «Нұрал» спорт мектебінің директоры Сайрамбек Әбілқайыров.