«Астана Innovation» басшысы «Сергек» камераларының кемшілігін атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана Innovation» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаев «Сергек» камералары арқылы адамның жеке өміріне бас сұғу жағдайы туындауы мүмкін деген әңгімеге пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Кез келген дүниенің артықшылығы мен кемшілігі болады. Біз ешбір камера жеке өмірдің сәттерін түсіріп ала алмайды деп айта алмаймыз. Бірақ, қаланың қауіпсіздігі тұрғысынан - бұл әлемдік тәжірибе. Камералар ең алдымен, адамдар көп жиналатын орындарға орнатылады», - деді «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне «Астана Innovation» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаев.

Ол сонымен қатар, жағдайдың мұндай сипатта дамуы шенеуніктердің адами қасиеттеріне байланысты болатынын атап өтті.

«Әрине, біреудің терезесіне үңілу мақсаты жоқ. Мемлекеттегі кез келген құзырлы тұлға теориялық тұрғыда оны өз мақсатына пайдалануы мүмкін. Бұл кез келген секторға байланысты. 100 пайыз олай болмайды деп айта алмаймыз, бірақ негізгі мақсат - біздің қала тұрғындарының қауіпсіздігі», - дейді Сартаев.

Еске сала кетсек, «Сергек» видеобақылау жүйесі кез келген адамның түрін тап басып тани алатын болады. Бұл жүйе Астананың адам көп жиналатын орындарына орнатылатын болады.