Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі: «Елбасы Астанаға инвестиция тарту мәселесіне база назар аударып келеді. Содан да болса керек, елордамыз қысқа мерзімде өзін-өзі қамтамасыз ете алатын қалаға айналды. Осы уақыт ішінде қала тұрғындарының саны үш есеге өсті. ЖІӨ-нің көлемі 54 есеге артса, ЖІӨ-дегі елорданың үлесі 6 еселенді. Инвестиция 28 есе артты».
Шетелдік инвесторлар үшін елордада барлық жағдай жасалған. Басқасын айтпағанда, салық төлемі мен кедендік бақылаудың жеңілдетілген түрі бар. Арнайы экономикалық аймақ та жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, Астанада отырып-ақ, Кедендік одаққа кіретін елдерге қызмет көрсетуге болады.
Филиберто Нтутуму Нгема, Ресей Федерациясындағы Экваторлы Гвинея Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі: «Астананың инфрақұрылымы жолға қойылыпты. Бұл инвесторлар үшін басты қажеттілік. Байқауымша, инвесторлар Астанаға келіп, жұмыс істеуге зор қызығушылық білдіріп отыр. Мен де екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытып, қарым-қатынасты мықтап жолға қойсам деймін».
Медер Мәселов, «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы әкімшілігінің басшысы: «Қазір Индустриалдық паркте 50 жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде 20-сы іске қосылды. Қала әкімдігі 2017 жылға 50 жуық зауытты пайдалануға беріп, 8500 техникалық маман иесін жұмыспен қамтымақ. Бұл қаланың кірісін арттыруға өз септігін тигізеді».
Форум аясында жалпы сомасы 500 млн.доллар болатын 11 меморандумға қол қойылды. Астананы «Ақылды қалалар» рейтингіне енгізу мен қала инфрақұрылымын «EXPO-2017» көрмесіне дайындау мәселесі кеңінен қаралды.