Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ІІД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Түлебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, «Құқықтық тәртіп» жедел алдын-алу шарасы елорда аумағында үстіміздегі тамыздың 6-10 аралығында өткізілді. Оның басты мақсаты - қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау, іздеуде жүрген қылмыскерлерді қолға түсіру, қылмыстың алдын-алу, ұрланған көліктерді, қару-жарақтар мен есірткі заттарын анықтау. Оның барысында ең алдымен сотталған, бұрын істі болған және ішкі істер құрылымдарында есепте тұрған азаматтар, қалалық базарлар, ойын-сауық орындары, түнгі клубтар мен дәмханалар тексерілді.
5 күндік жұмыстың нәтижесінде 1 мың 545 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Республика аумағына келу ережесін бұзған шетелдік азаматтарға қатысты 365 факт тіркелді. Сондай-ақ 17 дана суық қару тәркіленіп алынды. Оның 6-уы мылтық, 4-уі шолақ мылтық, 6-уы газ тапаншасы. Кезбелік пен қайыршылыққа салынған 250 азамат анықталып, 12-сі елден шығарылды.
Сонымен қатар, жедел алдын-алу шарасын өткізу күндері қалада тіркелген 63 қылмыстың 57-сі ізі сумай ашылды. Іздеуде жүрген 15 күдікті қолға түсті. Оның 2-уі адам өлтіргені үшін айыпталғандар. Бұған қоса, «Мирный» гаражды қоғамдастығында 6 ұрлық жасаған үш адамнан құралған топ және 6 автокөлікті айдап әкеткен екі адам қолға түсті.