Астана қалалық ІІД басшысы қар үстіндегі белбеу күресі бойынша алғашқы Азия чемпионын құттықтады

None
СТАНА. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қалалық ІІД бастығы, полиция полковнигі Марат Демеуов елордада өткен қар үстіндегі белбеу күресі бойынша алғашқы Азия чемпионатында бас жүлдені иемденген Жол полициясы басқармасының қызметкері Талғат Қожабаевты құттықтады. Бұл ақпаратты аталған ведомствоның тіл саясаты және ақпарат бөлімі таратып отыр.

Үстіміздегі жылы наурыздың 19-22-сі аралығында Қазақстан, Үндістан, Пәкістан, Қытай, Тәжікстан, Моңғолия, Қырғыз Республикасы сынды 12 мемлекет спортшыларының қатысуымен қар үстіндегі белбеу күресі бойынша алғашқы Азия чемпионаты өткізілген болатын. Осы жарыстар барысында 100 келіден жоғары салмақта күрескен Т.Қожабаев бас жүлдені жеңіп алып, арнайы кубокпен және дипломмен марапатталды. Бұл Қазақстанның екі мәрте чемпионы Т.Қожабаевтың халықаралық деңгейдегі алғашқы жеңісі емес. Ол 2008 жылы Африканың Того елінің Ломэ қаласында өткен белбеу күресінен әлем чемпионатында да жеңіске жеткен болатын.

Белбеу күресі - татар халқының ұлттық спорт түрі, оның негізгі қағидасы - қарсыласты 3 минуттың ішінде жығып құлату.

Спорттың қай түрін болмасын меңгеру бүгінгі полиция қызметкерінің ел алдындағы борышын атқару, қоғамдық тәртіпті қорғау, құқық бұзушылықты болдырмау, азаматтардың заңды мүдделерін қорғау кезінде аса қажет. Қырағылық, күштілік, төзімділік - осы қасиеттердің барлығы ішкі істер органдары қызметкерінің бойынан табылуы тиіс.