Кеңесте елордалық Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіров баяндама оқып, Елбасының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты тақырыбындағы Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген міндеттер туралы сөз етті. Сонымен қатар департамент бастығы Жолдаудағы полиция қызметкерлерінің алдына құқық қорғау органдарын жаңғырту, соның ішінде сапалы кадрлық жаңғырту мәселелері бойынша тапсырмалар беріп, жаңа механизмдер мен ақпараттық мүмкіндіктерді пайдаланып, сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу мен оның алдын алу ісіне қоғам өкілдерін тарту бағытында нақты міндеттер жүктеді.
Департамент бастығының айтуынша, елордалық тәртіп сақшылары Президент Жолдауында атап көрсетілген 10 бағытты басты назарда ұстаулары керек. Өйткені ол Қазақстандағы өмір сүру деңгейін дамыған елдердегі деңгейге жеткізуге мүмкіндік беретін келелі маңызды мәселелер.
Жиын барысында сыбайлас жемқорлықпен күрес, азаматтардың мемлекеттік орган өкілдеріне деген сенімдерін нығайту, сот органдарын жаңғырту мен мемлекеттік қызмет сапасын арттыру бағытындағы мәселелер де сөз болды. Ішкі істер департаментінің жеке құрамы Жолдауды талқылауға белсенді қатысты. Оның негізгі бағыттарын іске асыру бойынша өз ұсыныстарын білдіріп, олар бойынша өзара пікір алмасылды. Осылайша Астана қалалық Ішкі істер департаментінде басшылықтың жеке бақылауымен Елбасының қойған тапсырмаларын іске асыру жұмысы басталып кетті.