Астана қалалық ІІД мұражайында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жеке құраммен кездесуі өтті
«Бұндай шаралар біздің департаментте тұрақты өтіп келеді. Қатары сиреп бара жатқан соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетіп, батасын алу - астаналық тәртіп сақшыларының жыл сайынғы әдеті. Себебі, департамент басшылығы, «тірі тарихқа» айналған ардагерлеріміздің естеліктері, ерлік туралы әңгімелері, отан үшін ажалмен арпалысып, жаумен тірескен сәттері кез-келген қызметкердің еліне деген сүйіспеншілігін оятып, рухын көтеретініне сенімді», дейді Астана қалалық ІІД тіл саясаты және ақпарат бөлімінің бастығы Н.Ораз.
Кездесуді ашқан Астана қалалық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бақытжан Бейсеев ардагерлердің уақыт тауып бүгінгі басқосуға келгеніне алғысын білдіріп, олардың ерлігі туралы естеліктер жас буынға әскери рух беретінін жеткізді. «Қан майданда қасық қаны қалғанша жаумен күресіп, елі, жері үшін кеудесін оққа тосқан азаматтар есімі ешқашан ұмытылмайды. Олардың ерлігі құқық қорғау саласында еңбек етіп жүрген азаматтарды отансүйгіштікке баулып, қылмыс атаулымен күресте қайсарлығын шыңдай түсетініне кәміл сенемін», деді ол өз сөзінде.
Ұлы Отан соғысының ардагерлері Казис Жолымбетов, Хасен Кариев, Федор Тюваев өздерінің естеліктерімен бөлісіп, соғыс жылдарында бастарынан өткен оқиғаларын айтты және жиылғандардың сұрақтарына жауап берді. Зұлмат соғысты көзбен көрген, бастан өткерген майдангерлер сол заманның запыранын ой елегінен өткізіп, қазіргі бейбіт уақыттың қадірін жоғалтпау қажеттігін баса айтты. Х.Кариев соғыстың соңғы жылдарында Берлин бекінісіне дейін барып, Рейхстагқа ту тіккендегі жеңістің «тәтті» дәмін сезінгенін айтса, К.Жолымбетов пен Ф.Тюваев фашизмнің соңғы демі - Жапонияны талқандауға дейін барып қайтқанымен бөлісті.
Жиын соңында департаменті ұжымы ардагерлерге Бауыржан Момышұлының кітабы мен гүл шоқтарын сыйлап, естелік суретке түсті.