Астана қалалық Ішкі істер департаментінің басшылығы ішкі істер органдарының қоғамдық өкілдерін марапаттады
11:20, 20 Қаңтар 2009
АСТАНА. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астана қалалық Ішкі істер департаментінің бастығы Марат Демеуов құқық қорғау саласының қызметіне өз үлестерін қосып жүрген қоғамдық өкілдерді марапаттады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Сіздер елорданың тәртіп сақшыларымен бірге қоғам тыныштығын күзетіп, ішкі істер саласы қызметінің жандануына өзіндік үлес қосып келесіздер. Сіздердің көмектеріңізбен өткен жылы қалада 158 қылмыс, 12 мың 27 әкімшілік құқық бұзу фактілері әшкереленді. Сіздердің қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында атқарған істеріңізді құқық қорғау саласының қызметкерлері жоғары бағалайды. Осы істеріңіз үшін мен қалалық департамент бастығы ретінде зор алғысымды білдіремін»,- деді М.Демеуов. Осыған байланысты департамент бастығы тәртіп сақшыларының қоғамдық өкілдеріне арнайы «Алғыс хаттар» мен ақшалай сыйлықтар табыс етті. Бүгінде Астана қалалық Ішкі істер департаменті ішкі істер саласының қызметіне жоғары оқу орындарының студенттері мен полиция ардагерлерінен және мемлекеттік емес ұйымдардан қоғамдық өкілдерді тарту бағытында белсенді жұмыстар жүргізуде. Қазіргі таңда елордада 300 адамнан тұратын 30 жедел жастар отряды бар. Сондай-ақ қаладағы барлық полиция бөлімшелерінде ішкі істер қызметінің ардагерлерінен құрылған Қоғамдық кеңес қызмет етеді. Ал 2004 жылдан бастап, ішкі істер органдарына консьерж институты енгізілген. Бұған қоса 2006 жылдың қазан айынан бастап, полиция қызметіне мемлекеттік емес мекеме қызметкерлері тартылып, олардың саны қала бойынша 271 адамға жетті. Департамент мәліметтеріне қарағанда, еліміздің басты шаһарында жасалған қылмыстардың алдын алу мен оларды ізін суытпай ашу
және жедел сауықтыру шараларының нәтижелі жүргізілуіне осы қоғам өкілдерінен түскен ақпараттар зор септігін тигізуде. Сол себепті полицияға қызмет ететін қоғам өкілдерін ынталандыру мақсатында арнайы ақшалай сыйақы да беріліп тұрады. 2006 жылы бұл мақсатқа бөлінген қаржы көлемі 4 миллион теңгені құраса, 2007 жылы ол 3 есеге көбейіп, 13 миллион теңгеге жетіпті. «Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Астанадағы тәртіп сақшыларының әрбір қоғамдық өкілі 10 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы алады», дейді департамент қызметкерлері.