Астана қалалық Ішкі істер департаментінің қызметкерлері елордада қару қолдану арқылы топтасып төбелесу әрекетінің алдын алды

АСТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астана қалалық Ішкі істер департаментінің қызметкерлері елордада қару қолдану арқылы топтасып төбелесу әрекетінің алдын алды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қалалық Ішкі істер департаментінің Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Хасан Чунчалиновтың айтуынша, сәуірдің 15-і күні полиция органдарына бір топ жастар арасында қару қолдану арқылы төбелес болғалы жатқаны жөнінде жедел ақпарат келіп түскен. Осыған байланысты тиісті шаралар жүргізген тәртіп сақшылары «Қару-2010» жедел-сауықтыру шарасының барысында «Мерседес-140» көлігін тоқтатқан. Көлік ішінде Оңтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының тұрғындары болып табылатын 4 адам отырады. Ал көлікті тексеру кезінде ондағы спорт киімдеріне арналған сөмкеден 16-шы калибрлі 1963 жылы шығарылған екіұңғылы «Иж» мылтығы мен екі бейсбол ойынына арналған таяқтар табылған.

Сондай-ақ көліктен 4 рет оқталатын «ПБ-41» маркілі және «ОСА-лазер» тапаншасы табылды. Сонымен қатар көліктегі азаматтардан 16-шы калибрлі мылтыққа арналған екі оқ алынды. «Осы мәселе бойынша тергеуге алынған көлік ішіндегі жастардың бірі қарулардың көлікте қайдан пайда болғанын білмейміз деп жалтарса, екіншілері оларды тауып алғандықтарын айтқан. Осы уақытта аталмыш іс бойынша қосымша тексеру жұмыстары жүргізіліп, қылмыстық іс қозғау мәселесі қарастырылуда.