Астана қалалық Ішкі істер департаментінің ұжымы қарияларға арнап мерекелік түскі ас әзірлеп, концерт ұйымдастырды

АСТАНА. 30 қыркүйек. ҚазАқпарат. 1 қазан - Дүниежүзілік қарттар күні. Қарттары бар жұрттың қазынасы бар. Олар бізге өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа үлгі боларлық данагөй тұлға, саялы бәйтерек. Адам ұрпағымен мәңгі жасайды. Бүгінгі күн - кешегінің жемісі, ертеңгінің өркені.

Олардың бізге көрсеткен мол ғибрат, әрбір жастың жүректерінен орын алып, ертеңгі өмір таңдарын сәулелендіріп тұратындай. Біздің міндет «үлкен алдында жас қарызы, ата алдында бала қарызы - әдеп пен сый демекші» оларға көмек көрсету. Бұл орайда Астана қалалық Ішкі істер департаментінің ұжымы қарияларға арнап мерекелік түскі ас әзірлеп, концерт ұйымдастырды. Концертте Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген әртістері Жанат Шыбықбаев және Қияқбай Асанбаев ән шырқаса, ІІД Патрульік полиция полкінің хоры мен «Жігер» фольклорлық ансамбльдері өз өнерлерін көрсетті.

Бұл шарада Астана қ. ІІД Ардагерлер кеңесінің төрағасы Есім Танабергенов өз кезегінде құттықтау сөз сөйлеп, елімізде аға ұрпақ өкілдерін қорғау басты назарда тұрғанын айтты.

Елордалық Департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Бақытжан Бейсеев: «Қарттарын ардақтай білген елдің босағасы берік, рухы үстем» демекші сіздер еліміздің өркендеуі мен дамуы үшін өз қажыр-қайраттарыңыз бен ақыл-кеңестеріңізді аямадыңыздар. Сіздерді өмірде әрқашан азаматтық пен адамгершіліктің үлгісі, үлкенге құрмет, кішіге қамқор бола білген азамат ретінде білеміз. Ақылы - дария, білімі - теңіз, өмірлік тәжірибесі мол сіздерден тәлім-тәрбие алған бүгінгі ұрпақ өздеріңіз бастаған игі істеріңізді жалғастыруда. Сол ізбасарларыңыз сіздер салған сара жолмен еліміздің өркендеп, гүлденуіне ат салысып келеді. Сіздерді бұдан әрі де арамызда ақылшы, кеңесші бола жүріп, еліміздің игілігі үшін қоғам өміріне белсене араласы деген сенімдеміз» - деп қарияларымызды құттықтай отырып, жаңадан құрылған «Елорда» вокалдық-эстрадалық ансамбльдің қолдауымен «Старики» әнін тарту етті.

Елорда сақшыларымен қатар олардың отбасы мүшелері де, соның ішінде «Айгөлек» байқауының жеңімпазы Мерует Ісләмова және А.Иващенко Т.Мұсахметов, Қ.Төлеуов сияқты қарияларымыздың өздері де ән салды.

Үлкенді ұлықтау - адамзат баласына тән қасиет. Полиция қызметкерлерінің бір күндік жалақысынан жиналған қаражаттан ішкі істер органдарының, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, оларға теңестірілген тұлғаларға, тыл еңбеккерлеріне материалдық көмек көрсетілді.

Қариялар елордалық сақшылардың көрсетіп жатқан құрметіне алғыстары шексіз екенін білдірді.