Астана қалалық қаржы полициясының өкілдері өткен жылы 654 қылмыстың бетін ашты
Бұл туралы бүгін 2010 жылы атқарылған жұмыстарға байланысты журналистермен кездескен аталмыш департаменттің баспасөз хатшысы Толқын Нәбиева мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің өкілдері өткен жылы Мемлекет басшысы алдыға қойған міндеттерді орындау мақсатында басты күшті «көлеңкелі» экономиканы ауыздықтауға жұмсаған. Сонымен қатар департамент өкілдері азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау, мемлекетке келген шығынды барынша толық қайтару, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру сияқты міндеттерді басым бағыт етіп алған.
«Өткен жылы анықталған 654 қылмыспен бірге тағы экономика мен қаржы саласында 425, сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында 92 қылмыс анықталды. Олардың 285-і аса қауіпті қылмыстардың қатарында. Қылмыстық әрекеттер бойынша қолға алынған шаралардың нәтижесінде 9,3 миллиард теңге мемлекет қоржынына қайтты. Бізде сотқа жолданған қылмыстық істер саны 475-тен 534-ке дейін артты. Бұл қылмыстық істерді анықтау мен оларды тексеру жұмыстарының сапасының өскендігінің көрінісі», - деді баспасөз хатшысы.