Астана қалалық мәслихатының депутаттары «Қазақ елі» тарихи-мемориалдық кешені қосымша элементтерінің көркемдік-сәулет жобасын қарады

АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Астана қаласы мәслихатының бүгінгі отырысында Қазақстан Суретшілер одағының «Қазақ елі» монументіне енгізген толықтырулары талқыланды.

Бұл туралы елорда мәслихатының кезектен тыс 34-ші сессиясынан кейін өткен брифингте мәслихаттың хатшысы Владимир Редкокашин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Қазақ елі» монументі ірі көркемдік-сәулет, тарихи-мемориалдық кешен. Менің ойымша оның жастарды, болашақ ұрпақты отанына, халқына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуде маңызы мен мәні зор. Оның атына заты сай. Сондықтан, ҚР Суретшілер одағының ұсынып отырған өзгертулері орынды. Жаңа элементтер аталмыш кешенді одан сайын көркейте түспек», - деді В.Редкокашин. Елорда мәслихаты хатшысының айтуынша, тарихи ескерткіш жеке тұлғаға емес, жалпы халыққа, оның бірлігіне, болашаққа деген ұмтылысына, мемлекеттің дамуына арналған.Ал енді толықтыруларға тоқталатын болсақ, «Қазақ елі» тарихи-мемориалдық кешенінің жанына «Халық және Президент», «Ерлік», «Жасампаз» және «Болашақ» деген атпен қоладан жасалған 4 барельев қойылады. Жоба авторының ойынша, монументтің жалпы композициясының көркем бейнесі Қазақстанның ұлттық идеясы мағынасын береді. Оның негізінде 4 қағида жатыр. Брифингте Астанада мұндай үлкен кешенді монументтің жоқтығы, Елбасының халықпен бірге болғанының өте дұрыс екендігі атап өтілді.