Астана қалалық МКД және ҚТЖ лауазымды қызметкерлерінің үстінен іс қозғалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Пара алды деген күдік бойынша Астана қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті басшысы орынбасарының, «Әуежай Астана» кеден бекетінің басшысы және осы бекеттің бас маманының, «Қазақстан Темір жолы» ҰК» Ақ Жол және ғимараттар департаменті директорының үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының елордалық департаменті Бас көлік прокуратурасымен бірлесіп Астана қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасарын, «Әуежай Астана» кеден бекетінің басшысын және осы бекеттің бас маманын ұстады. Олар зергерлік бұйымдарды контрабандалық жолмен тасымалдау бойынша кедендік бақылауды жүзеге асырмау үшін жеке тұлғалардан пара алды деген күдікке ілініп отыр», - деді бүгінгі брифингте Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова. Сот санкциясымен күдіктілер қамауға алынған.

Сонымен бірге, Жанна Бастарова «Қазақстан Темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Жол және ғимараттар департаменті директорының заңсыз әрекетінің жолы кесілгенін айтты.

«Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамының Жол және ғимараттар дапартаменті директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ол Тобыл жол дистанциясының бастығынан пара алды деген күдікпен ұсталды. Тергеу жалғасуда», - дейді Жанна Бастарова.