Астана қалалық прокуратурасы «Альянсқұрылысинвест» компаниясының басшысына қатысты қозғалған қылмыстық істі толық тоқтатуы мүмкін

АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астана қалалық прокуратурасы «Альянсқұрылысинвест» компаниясының басшысы Ринат Наймановқа қатысты қозғалған қылмыстық істі толық жабуы мүмкін.

Бұл туралы бүгін Астана қаласы прокуратурасының 2009 жылғы жұмысын қорытындылауға арналған жиын барысында қаланың бас прокуроры Виктор Корчагин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол үшін құрылыс нысандарының жұмысын уақытында аяқтап, үлескерлердің пәтерлерін тезірек пайдалануға берілуі қамтамасыз етілсе болғаны.

«Барлық құрылыс нысандары салынып бітсе, барлық адамдар риза болса, онда тергеу органдары қазіргі заңнама талаптарына сай, тергеу барысында жағдайдың өзгеруіне байланысты процессуалдық шешім арқылы істі толық тоқтатуы мүмкін. Ал егер оның алдына қойылған міндеттер мен талаптар орындалмайтын болса, ол қамауға алынып, іс сотқа жіберіледі», деді В. Корчагин.

Қазіргі кезде ол өзіне алынған міндеттерді орындауды сәтті атқаруда. Астанада әкімдікте өткен кеңесте «Альянсқұрылысинвест» ЖШС-не тиесілі құрылыс нысандарын «АТФ» банкі арқылы «Самұрық-Қазына» қорымен қаржыландыру бекітілгендігі мәлімделген болатын. Биыл компанияның бірқатар тұрғын үйлері пайдалануға берілмек. Оның 1 мыңнан асатын үлескерлері жақын арада баспаналы болады. Кеңес отырысы барысында компания басшысы Р.Найманов «Альянсқұрылысинвест» ЖШС-нің 2400 үлескері биыл баспаналарына ие болатынын» атап көрсетті.

Естеріңізге сала кетейік, қазанның 18-і күні Р.Наймановқа «Лесная поляна» тұрғын үй кешені үлескерлерінің 3,462 миллиард теңге көлеміндегі қаржысын жымқырды деген айып тағылып, оны тұтқындау жөнінде соттың шешімі шыққан. Ал қараша айының 9-ы күні Астана қаласының құрылыс салушылары қауымдастығының өкілдері Р.Наймановтың жазасын өзгертіп, оны үйқамаққа алу жөнінде өтініш түскен. Осылайша прокуратура да, үлескерлер де, қала басшылығы да құрылыс нысандарының пайдалануға берілуін тездетуге ұйғарған.