Астана қалалық прокуратурасы түзеу мекемелеріндегі заңдылықты тексеруде

АСТАНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат - «Түзеу мекемелеріндегі заңдылықты қадағалау жөніндегі Астана қаласының мамандандырылған прокуратурасы «Еңбек-Аршалы» республикалық мемлекеттік кәспорнында еңбек заңнамасының сақталуын тексеру нәтижесінде осы мекемеде жұмыс істейтін 128 сотталған адамға жалақы бойынша берешек қалыптасқанын анықтады»,-

деп хабарлайды Астана қалалық прокуратурасының баспасөз қызметі.

Аталмыш мекеме Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің нормаларын бұза отырып, екі ай бойы жұмысшылардың жалақысын дер кезінде және толық төлемеген. Осының салдарынан олардың алдындағы берешек мөлшері 1 миллион 200 мың теңгені құраған.

Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты, мамандандырылған прокуратура «Еңбек-Аршалы» РМК басшылығының атына заң бұзушылықты жою ұйғарымын енгізді. Бүгінгі күнге прокурорлық қадағалау акті бойынша шара қолдану нәтижесінде мекеменің жалақы берешегі толығымен өтеліп, сотталушылардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.