Астана қалалық соттарында жаңа төрағалар мен судьялар тағайындалды.

АСТАНА. 6 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы соттарының төрағалары мен судьяларын қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы» Жарлығына сәйкес Ақмола облысы Целиноград аудандық сотының төрағасы қызметінен босатылған Насырдинов Ғалымжан Патшаханұлы Астана қаласы Алматы аудандық сотының төрағасы болып және Қарағанды облысы Жезқазған қалалық сотының төрағасы қызметінен босатылған Сыздықов Бақытбек Қапанұлы Астана қаласының Алматы ауданының № 2 аудандық сотының төрағасы болып тағайындалды.

Бұл туралы Астана қалалық сотының баспасөз қызметінен хабарлады.

Сонымен қатар, Сүйіндікова Лаура Қанатқызы Астана қаласының Алматы аудандық сотының судьясы болып тағайындалды.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына Архабаева Құралай Жақанқызы мен Иманәлиев Қанат Серікұлы тағайындалды.

Астана қалалық сотының судьясы Айсина Сәулеш Демеубайқызы отставкаға кетуіне байланысты қызметінен босатылды.