Астана қалалық табиғи монополияларды реттеу департаменті 36 тексеру ұйымдастырып, 9 миллион теңгеден астам айыппұл салды

АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ағымдағы жылдың басынан бері Астана қалалық табиғи монополияларды реттеу департаменті табиғи монополиялар және басқа да шаруашылық субъектілерінің қызметтеріне 36 тексеру ұйымдастырып, 9 миллион теңгеден астам айыппұл салды.

Бұл туралы бүгін Алматы аудандық әкімдігінде өткен «Табиғи монополиялар субъектілері мен шаруашылық субъектілерінің қызметтеріне тексеріс жүргізу кезіндегі құқық бұзушылықтардың алдын алу. Жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын қарастыру тәртібі» тақырыбында өткен семинар-кеңес барысында аталған ведомствоның басшысы Абзал Естаев мәлім етті.

Оның айтуынша, жоғарыда айтылған тексерулердің 3-еуі жоспарлы, ал 33-і жеке және заңды тұлғалардың шағымдары бойынша жоспарсыз жүзеге асқан. Департамент ҚР заңнамасының нормаларын бұзғаны үшін бірқатар суъектілерге 17 айыппұл салған. Мәселен, «Астанаэнергосбыт» ЖШС-іне уәкілетті органдардың келісімінсіз негізгі құралдарды қайта бағалағаны және өзге қызметтер көрсеткені үшін 5 652 мың, реттелетін қызмет төлемдерін уәкілетті органмен бекітілген көлемнен артық алғаны үшін 2,5 миллионнан астам теңге айыппұл салынған.

Сонымен қатар департамент 2009 жылы аталған субъектілердің қызметіне 13 жоспарлы және 24 жоспарсыз текеріс жүргізіп, нәтижесінде 46 миллионға жуық теңге көлемінде айыппұл кескен. Бұл айыппұлдың 35 миллионы бюджетке төленген.

Семинар-кеңес барысында субъектілердің қызметтеріне тексеру жүргізу кезінде жиі кездесетін құқық бұзушылыққа жол бермеу және жеке, заңды тұлғалардың шағымдарын қарау тәртібі қаралды.