Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева елордалық кәсіподақтар активімен кездесті

АСТАНА. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Кәсіподақтар федерациясының ғимаратында Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева кәсіподақтар активімен кездесті. Конструктивті әңгіме түрінде өткен отырыста қала әкімінің орынбасары Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық және болашақтағы дамуы туралы толық ақпарат ұсынып, қаланың өткені мен болашағынан көрнекі факторлар келтіріп өтті, деп хабарлады қаланың ресми сайты.

«2013 жылдың қаңтар-шілде айларында аймақтық индустриаландыру картасы аясында Астанада 10 жоба іске қосылып, 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Әлеуметтік жағынан, қазіргі уақытта Астана өзін мықты білім беру орталығы ретінде көрсетуде. Мұнда зияткерлік мектептер мен ЖОО, әлемдік деңгейдегі білім ордасы болып табылатын Назарбаев Университеті жұмыс істейді»,- деді А.Балаева өз сөзінде.

Бұдан басқа, қала әкімінің орынбасары елорданың даму динамикасынан кейбір статистикалық мәліметтер келтіріп өтті.

«Елордада 434 мың адам экономикалық белсенділік танытса, соның ішінде 410 мың адам қызмет етеді, 24 мың адам жұмыссыз. 2013 жылдың ІІ тоқсанының қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі 5,5% құраса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 5,7% болған. Әрине, бұл жақсы көрсеткіш. Дегенмен, осы бағыттағы жұмыстарды тоқтатуға болмайды»,- деді ол.

Кездесу барысында қала әкімінің орынбасары Аида Балаева барлық өзекті тақырыптарды қамтыды: көші-қон, денсаулық сақтау, білім және өмірдің басқа да әлеуметтік маңызды салаларын.

Отырыс диалог формасында жалғасты. Кәсіподақ ұйымдарының мүшелері қала әкімінің орынбасарына өздерін мазалаған сұрақтарын қойды.

Кездесудің негізгі мақсаты - кәсіподақтар активін Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық даму жағдайымен және перспективасымен таныстыру, әлеуметтік серіктестікті одан әрі дамыту, сондай-ақ, кәсіподақтардың қоғамдағы рөлі мен орнын нығайту болып табылады.

Астанада 50 мың адам енген 300-ге жуық бастапқы кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Кәсіподақтар қала әкімдігі, Кәсіподақтар кеңесі мен Жұмыс берушілер одағы қол қойған үш жақты келісімнің негізінде мемлекеттік органдармен қарым-қатынас орнатады.