Астана қаласы аумағында «Зорлық-зомбылықсыз отбасы» республикалық акциясы өткізілуде

АСТАНА. Тамыздың 9-ы. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылғы шілденің 26-сы мен тамыздың 11-і аралығында Астана қаласы аумағында «Зорлық-зомбылықсыз отбасы» республикалық акциясы өткізілуде.

Бұл орайда Астана қалалық ішкі істер департаментінің қызметкерлері мемлекеттік органдар мен қаланың қоғамдық құрылымдары өкілдерімен бірлесіп отбасы-тұрмыстық қарым-қатынаста құқық бұзушылықты болдырмау, отбасындағы сәтсіздікті анықтау, зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасы мүшелеріне психологиялық, педагогикалық, құқықтық көмек көрсету мақсатында алдын алу шараларын жүргізді, деп хабарлайды баспасөз қызметінен Әйгерім Мұқанова.

Қоғамдық қауіпсіздік қызметкерлері қоғамдық жерлерде қала тұрғындары арасында отбасылық зорлық-зомбылық кезінде қандай шаралар қолдану керектігі жөніндегі жадынамалар таратып, түрлі сұрақтардағы сауалнамалар жүргізді.

Астана қалалық Ішкі істер департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұрлан Тұрманов: «Үйдегі зорлық-зомбылықтың шегі болмайды. Ондай жағдайлар ері мен әйелі арасында, бұрынғы ерлі-зайыптар арасында, отбасының ересек мүшелері мен балалар арасында, балалар мен олардың биологиялық ата-аналарының бірінің жаңа жұбайлары арасында, бір жынысты жұптар арасында, ата-аналар мен балалар арасында, ата-аналар мен асырап алған балалар арасында, бір ауыз сөзбен айтқанда кез-келген отбасылық ортада бола береді. Алайда, әйел құқықтары адам құқықтары саласында халықаралық құқықтардың ажырамас бір бөлігі болып саналады. Әйелдерге қатысты күш көрсету адам құқықтарының бұзылуы деген сөз, сондықтан да зорлық-зомбылыққа қарсы күресу үшін, тіпті отбасылық айналада болса да үкімет пен мемлекеттік органдар тиісті шаралар қабылдауы қажет. Күйеуі әйелін ұрғаны үшін мемлекет әйелдердің шағымын тиісті дәрежеде елемегендіктен еркектер жаупкершіліктен сытылып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда әйелдердің мұқтаждығын ескермегендіктен, мемлекет те күш көрсетушіні қолдаған болып есептеледі», - дейді.

Сарыарқа аудандық Ішкі істер басқармасының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімі кейбір жағдайлары нашар отбасыларының үйлеріне барып, рейдтік шаралар жүргізді. Солардың бірі - Гауфлерлер отбасы. Осыдан 4 жыл бұрын үй иелері ішімдікке салынып, балалары балалар үйіне кететін халге жеткен болатын. Сарыарқа ауданы ІІБ Қоғамдық қауіпсіздік бөлімі № 25 полиция бөлімшесінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы полиция капитаны Людмила Лобочконың көмегімен ішімдік дертінен арылып, кіп-кішкентай үш бүлдіршінін үйге қайтарды. Бүгінде Гауфлерлер әулеті ел қатарлы өмір сүріп жатыр.

Сарыарқа ауданы ІІБ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімінің бастығы полиция капитаны Оксана Лаврикова: «Көп жағдайда құрбан болатын - әйелдер мен балалар. Жиі зорлық-зомбылыққа егде жастағы әйелдер ұшырайды. Кәмелекте толмағандар және жас әйелдер жиі зорлыққа және бұзақылық әрекеттерге тап болады. Күн сайын әр түрлі дәрежедегі денеге жарақат келтіру сияқты қылмыстың түрлері жасалады. Негізінде бұл қылмыстар қоғамға ауыр зардап келтіретін, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жасалады. Олар өзін-өзі өлтіруге, спирттік ішімдіктермен әуестенуге, есірткі құралдары мен психотроптық заттарды қолдануға әкеп соғады. Өзіне-өзі қол салуға итермелейтін себептер мен шарттарды анықтау мақсатында, өзіне-өзі қол салған тұлғаларға ауруханаға және тұрғылықты жерлеріне бару бойынша іс-шаралар өткізілуде. Әйелдерді госпитальдау орнында әңгіме өткізіледі, құқықтық кеңес көрсетіліп, әйелдердің заңды мүддесі мен құқығының бұзылуы және тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиға болған жағдайда ӘЗЗҚжБ-не баруын ұсынады. Әйелдер аса аутодеструктивтік және реактивті-психикалық күйде болған жағдайда, олар психоневрологиялық диспансеріне есепке алынады. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың көріністерімен байланысты құқыққа қарсы әрекеттердің жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және оларды жою бойынша пәрменді шаралар қабылдау мақсатында ӘЗЗҚжБ инспекторларымен зорлық-зорлықты зерделейді, зорлық-зомбылықтың нысандары, түрлері, тәсілдері, зорлық-зомбылыққа барынша бейім әйелдер және оларды жасайтын адамдар туралы мәліметтерді қорытындылайды және талдайды», - дейді.

Акция тұрмыс саласындағы, сондай-ақ қоғамдық орындардағы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында оқу орындарында, мекемелерде және ұйымдарда ақпараттық-білім беру дәрістері, әңгімелесулер өткізіледі. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ӘЗЗҚжБ қызметі мен тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері туралы жариялайды. Сондай-ақ бір жыныстың екінші жыныстан басымдығына негізделген теріс стереотиптерді өзгерту бойынша, спиртті ішімдіктерді асыра пайдаланудың, есірткі құралдарын, психотроптық және өзге де заттарды қолданудың құқықтық санаға теріс әсері туралы, қоғамға қарсы өмір салтын ұстанудың ықпалы бойынша түсіндірмелік жұмыс өткізілді.