Астана қаласы: қазанның 15-іне дейін Мұңайтпасов көшесінде автокөлік қозғалысына шектеу қойылады

АСТАНА. Шілденің 15-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Жол жөндеу жұмыстарының басталуына орай шілденің 16-сынан қазанның 15-іне дейін елорданың Мирзоян көшесімен бір бағытта қозғалыс қалдырылып,

Абылай хан даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейін Қажымұқан Мұңайтпасов көшесінде автокөлік қозғалысы шектеледі. Бұл туралы бүгін Астана қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Рашид Аманжолов мәлім етті.

«Қазір біз Мұңайтпасов көшесін жөндеу жұмыстарын бастаймыз. Ол Азиадаға қажет әрі қала үшін өте маңызды. Уақытымыздың тығыз болуына орай біз қозғалыс режімі үшін жабық күйде саламыз. Яғни Абылай хан даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейін қозғалысқа шектеу қойылады. Ол жөндеуден өткеннен кейін 4 жолақтан 6-ы жолақты жолға айналады», деді басқарма бастығы.

Р.Аманжоловтың атап өтуінше, жөндеу жұмыстары республикалық бюджеттен қаржыландырылады және оған 3 миллиард теңгеден астам қаржы кетеді. Негізгі шығындар инженерлік желілердің ауыстырылуына байланысты болып отыр.

Жыл басынан бері Астанада ұзындығы 33 шақырымды құрайтын 15 көше жөнделді. Екінші жартыжылдықта да бірқатар көшені жөндеу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, тамыздың 20-на дейін Абай көшесінде (Пушкиннен Уәлиханов көшесіне дейін), тамыздың 30-ына дейін Мәскеу көшесінде (Потаниннен Тілендиев көшесіне дейін), тамыздың 15-іне дейін Дулатов көшесінде (Байтұрсыновтан Ушаков көшесіне дейін) қозғалысқа шектеу қойылады. Сонымен қатар Қонаев, Достық, Сығанақ және Сейфуллин көшелері жөнделетін болады.