Шағымның мазмұнына сәйкес өтініш берушінің әкімшілік жауапкершілікке тартылуына байланысты оны мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартылған. Бұл туралы Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Қала прокуратурасы өтініште көрсетілген уәждер бойынша тексеру жүргізіп, нәтижесінде 2011 жылдың 14 ақпаны күні Астана қ. «Алматы» аудандық ІІБ учаскелік инспекторы тұрғылықты жерінде тіркелмегені үшін С.Б. Тұрғанбековке қатысты ҚР ӘҚтК 377-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырып, «ескерту» түріндегі әкімшілік жаза қолданғаны анықталды.
Ал С.Б. Тұрғанбеков хаттама толтырылған кезеңде Оңтүстік Қазақстан облысында болғанын және ешқандай әкімшілік құқық бұзушылық жасамағанын айтады.
Сот-жазутану сараптамасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама мен қаулыдағы С.Б. Тұрғанбековтің қолын басқа адамның қойғанын көрсетті.
С.Б. Тұрғанбековтің іс-әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан, қала прокуратурасы заңсыз актінің күшін жою туралы наразылық енгізді және ол толығымен қанағаттандырылды.
Сонымен қатар тексеру материалдары полиция инспекторына қатысты іс жүргізу шешімін қабылдау үшін Астана қаласы ІІД ӨҚБ-ге жолданды.
Осылайша, пәрменді прокурорлық мән беру шаралары азаматтың конституциялық құқығын қалпына келтіруге ықпал етті.