Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті газ-техникалық қадағалау инспекциясын енгізу қажеттігін айтады

АСТАНА. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Тұрғын үйлердегі газдың жарылуын газ-техникалық қадағалау инспекциясын енгізу арқылы алдын алуға болады. Бұл пікірін бүгін өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жұмабай Ескендіров білдірді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз өрттердің алдын алу мәселесімен өртке қарсы қызмет қана емес, газ-техникалық инспекциясы да айналысу тиістігін бұрыннан көтеріп келеміз. Мұндай қызмет қалада, жалпы ел бойынша құрылуы тиіс. Себебі тұрмыста газдың қолданылуын ешкім бақыламайды», - деп атап өтті департамент бастығы.

Оның айтуынша, белгілі себептермен аталмыш қызмет түрі қысқартылып, бүгінгі күні олар қадағалау қызметтерін атқарып отырған жоқ.

Бұған дейін хабарланғанындай, қаңтардың 13-і күні Сарыарқа ауданы Ә.Молдағұлова көшесіндегі 24-ші үйде орналасқан көпқабатты тұрғын үйде газ баллонының жарылуы болды. Оның салдарынан үш пәтер зақымданып, төрт адам түрлі дәрежедегі күйік жарақаттарын алды. 15 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Дәрігерлердің сөзіне қарағанда, күйік шалған екі әйелдің жағдайы өте ауыр.

Ж.Ескендіров, Астана қаласында жаңадан тұрғызылған зәулім үйлерде өрт кезінде автоматты түрде қосылуы тиіс құрылғылардың көп жағдайда жұмыс істемейтіндігін де тілге тиек етті. «Адамдар зәулім ғимараттарда түтіннің таралып кетуінен қаза болады. Себебі, автоматтардың ақауынан түтін сыртқа шықпай қалады», - дейді ол.

Тағы бір проблема - аталмыш құрылғылардың жөндеу жұмысымен ешкім айналыспайтындығында. Оның пайымдауынша, бұл мәселемен мамандандырылған компаниялармен келісім-шартқа отыру арқылы Пәтер иелері кооперативтері айналысуы тиіс.