Астана қаласынан Ақтауға қатаң тәртіптегі колониядан сотталушылардың қашып кетуінің жай-жапсарын тергеу үшін арнайы комиссия жүріп кетті
Бұл туралы Астана қаласында өткізілген баспасөз мәслихатында ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков хабарлады.
Еске сала кетейік, бүгін елордамызда болған кездесу кезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәмиге Ақтау қаласындағы сотталғандардың жаппай қашуына байланысты жағдайды тергеуді өзінің жеке бақылауына алу туралы тапсырма берген еді. Бүгін оқиға орын алған аймаққа Қ.Мәмидің тапсырмасымен ҚР Бас прокуратурасының арнайы өкілі жүріп кетті.
Осыған дейін хабарланғандай, ҚР Бас прокуратурасы сотталғандардың жаппай қашу оқиғасына байланысты үш қылмыстық іс қозғаған еді: қашып кеткен сотталғандарға қатысты, күзетшіге жасалған қастандық үшін және колонияның лауазымдық тұлғаларының өз ісіне салғыр қарауына байланысты.
Н.Сүйіндіков хабарлағандай, қазіргі уақытта «13 адамға іздеу салынды, олардың қай жерде жасырынып жүргені белгісіз».