Астана қаласында 2009 жылы 644 өрт шығу оқиғасы тіркелсе, 2010 жылы оның саны 688-ге жеткен

АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат. /Айнұр Кенебаева/ - Елордамыздағы өрт қауіпсіздігі мәселесінің бүгінгі күнгі өзектілігіне орай, Астана қаласы әкімдігінде «Тұншықтырғыш газбен уланудың алдын алу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелге Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Лаура Ахметниязова, Астана қалалық өрт сөндіру және бақылау басқармасының бастығы Барат Дұзақбаев, Астана қаласы білім басқармасының бөлім бастығы Мәдина Сүлейменова қатысты.

«2009 жылы тұрғын үй кешендерінде 370 өрт тіркелсе, бұл сан 2010 жылы 407 болған және 2009 жылы өрт салдарынан қайтыс болған бала саны 4-еу болса, 2010 жылы қайғылы оқиға нәтижесінде 12 баланың өлімі тіркелген», - деп мәлімдеді Л.Ахметниязова өз сөзінде.

Астана қаласында 2009 жылы 644 өрт шығу оқиғасы тіркелсе, 2010 жылы өрт саны 688-ге жеткен. Өрт шығу оқиғалары негізінен жылыту мерзімі басталған уақытта өршіп, техника-қауіпсіздік ережелерінің дұрыс сақталмауы салдарынан туындайды.

«2010 жылы 688 өрт оқиғасы орын алып, жалпы алғанда 41 млн. 650 мың теңге көлеміндегі материалдық шығын келтірілген. Сондықтан қазіргі таңда төтенше жағдайлар департаменті өрт шығу оқиғаларының алдын алу мақсатымен өндірістегі және тұрғын үй кешендеріндегі өрт қауіпсіздігі жағдайын қамтамасыз ету шараларын қатаң бақылауға алып отыр», - деді Б.Дұзақбаев.

«2006 жылы қалалық білім беру мекемелерінің өртке қарсы автоматтандырылған жүйелермен қатмамасыз етілуі 60%-ды құраса, бұл көрсеткіш бүгінгі күні 100 пайыз болып отыр. 2010 жылы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына 29 млн. 116 мың теңге бөлінген», - деп мәлімдеді М. Сүлейменова қалалық білім беру мекемелеріндегі өрт қауіпсіздігін сақтау жағдайларына қатысты баяндамаcында.