Астана қаласында 83 мыңнан аса бала балабақша кезегiнде тұр (ФОТО)

АСТАНА.ҚазАқпарат - Қазiргi мәлiметке сүйенсек, Астана қаласында 83 552 бала мектепке дейінгі бiлiм беру ұйымдарынан орын алу үшiн кезекте тұр. Бұл туралы бүгiн елорданың бiлiм қызметкерлерi жиналған тамыз конференциясы барысында Астана қалалық бiлiм басқармасының жетекшiсi Эльмира Суханбердиева мәлiм еттi.

«Сөзсiз, ұстаздың тiлегi - алдымызға келген әр балаға терең бiлiм беру, оны үлкен өмiрге бiлiммен қаруландырып жiберу. Бiрақ, бұл тiлек орындалу үшiн мақсаттың iргетасы мықты болу керек. Бұл iргетасты мектепке дейiнгi бiлiм қалайды. Қазiргi сәтте, мектепке дейiнгi бiлiм - орта бiлiмнiң алғашқы сатысы болып қалыптасты,-деген қалалық бiлiм басқармасының басшысы Астана қаласындағы мектепалды бiлiм беру мәселесiнiң жай-күйiне тоқталды. «Бiздiң қаламыздағы мектепалды бiлiм орындарына баратын балалардың саны жыл сайын артып отырады. Себебi, қалаға қоныс аударатын азаматтардың саны көп және елордадағы бала туу көрсеткiшi жақсарған. Астана қаласының бiлiм басқармасы мектепке дейiнгi бiлiм берудiң әлеуметтiк қажеттiлiгiне мониторинг жүргiзiп отырады. Бүгiнгi таңда қаламыз бойынша мектепалды бiлiм беру ұйымдарына бару үшiн 83 552 бала кезекте тұр. Бiздiң қаламыздың бiлiм берудегi саясаты - балалардың барлығын балабақшамен қамту. Алайда, жасыратыны жоқ, бұл мәселе әлi де өзектi күйiнде қалып отыр»,-дедi ол.