Астана қаласында ауыз су барлық санитарлық және мемлекеттік талаптарға сай

АСТАНА. 25 ақпан. ҚазАқпарат - «Астана су арнасы» МКК суық сумен қамту жүйесінде орталықтандырылған желілерге жататын сумен қамту және үйішілік сумен қамту балансы шегінде судың сапасына бақылау жасайды.

Астана қаласының ресми сайты ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап, хабарлауынша, судың сапасын бақылау үшін сараптауды «Астана су арнасы» МКК сынақ зертханасының қызметкерлері Астана қаласының санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментімен бірлесіп жүргізеді.

Тұрғындардың өтініштері бойынша, суға сынақ тұтынушылар су алатын шүмектерден (мектеп, дәріхана, аурухана, тағы басқа мемлекеттік мекемелерден) алынады. Талдау қорытындысы бойынша, тұрғындардың үйіне берілетін ауыз су сапасы бағаланады.

Сумен жабдықтау көзі Астана су қоймасы болып табылады. Су арнасы қызметкерлері күшімен күн сайын сапасын тексеру үшін су тарататын құдықтардан, су айдайтын стансалардан, (Көктал, Ильинка кенттеріндегі) су сорғылары сияқты 60 нысаннан су алынады.

Жүргізілген зертханалық сараптаулардың қорытындысы бойынша, Астана қаласындағы ауыз су СанПиН 3.02.002.04 және ГОСТ 2874 талаптары қойған «Ауыз су» стандарты сапасына толық сәйкес келеді.