Астана қаласында осы күзде ҚР Қарулы күштерінің қатарына 600 адам шақырылады - подполковник Ғ. Артықов

АСТАНА. 7 қыркүйек. ҚазАқпарат - Биыл 16 ақпанда қабылданған «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі» туралы ҚР Заңы негізінде Үкіметтің қаулысы қайта қаралып, 15 мамырда «ҚР азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және өткізу ережесiн бекiту туралы» № 620 қаулысы қабылданды.

Аталмыш заңнамалардың талабы бойынша, ҚР Қарулы күштері қатарына алдын ала белгіленген талаптардан өтіп, денсаулығы, білімі, психологиясы бойынша тапсырмаларды орындаған азаматтар іріктеліп алынады.  Бұл шаралардың маңыздылығы - әскерге шақырылғандардың Қарулы күштердің нақты қай саласына бейімі бар екендігін анықтау. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, еліміздің қарулы күштері санымен емес, сапасымен ерекшеленуі керек. Әрбір жауынгер кәсіби шеберлігімен, мобильділігімен, кез келген жағдайға сақадай сайлығымен қызмет атқару қажет.

Бұл туралы журналистерге сұхбат берген Астана қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Ғани Артықов «Күз-2012» жедел әскери қызмет атқару науқанына алдын ала зерттеу және іріктеу жұмыстарына арналған шара барысында айтты.

«Әскери міндеттілерді алдын ала зерттеу және іріктеу жұмыстары 10 шілдеде басталған болатын. Қазіргі кезде 3 мыңнан астам жігіттер бізге келіп, арнайы тексерістен өтті, олардың көпшілігі әскерге жарамды болып отыр. Әскерге шақыру комиссиясы өз жұмысын 1 қазанда бастайды. Сол кезде іріктеліп алынған әскери міндеттілер нақты қандай әскери бөлімдерге бөлінетіні нақтыланатын болады», - деп атап өтті ол.

«ҚР Қарулы күштерінің қатарына шақырылатын адамдардың саны шектеулі. Сондықтан біз Астана қаласынан 18 бен 27 жас аралығындағы 60 мыңға жуық әскери міндеттілердің ішінен биыл күзгі шақыртуға 600 адамды іріктеп аламыз», - деді подполковник.