Себебі ол жердегі әскери қарым-қатынас "винегрет" іспетті. Осы орайда ресейлік саясаттанушы Андрей Казанцев кез келген нәрсеге аса сақ болуға кеңес беріп отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Бүгінде Сириядағы оппозицияның нақты бет-бейнесі жоқ. Оған мыңдаған дала жасақтары кіреді. Олар үнемі идеологиялық ұстанымдарын өзгертіп отырады. Бүгін ұстамды болса, ертең "әл-Нусраның" атынан сөйлеуі мүмкін. Күрдтермен тіл табысуға болады. Бұдан бөлек, ДАИШ бар. Ол да өз ішінде бірнеше топқа бөлінеді. Енді, осы "винегретке" Таяу Шығыстағы сүннетер мен шейіттер арасындағы аймақтық шиеленісті қосыңыз. Ол - Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы текетірес. Оған тағы АҚШ пен Ресей сияқты державалардың мүдделерін қоссаңыз, үш деңгейлі шиеленіс болып шыға келеді. Міне, Сириядағы қазіргі жағдайдың қарапайым сипаттамасы осындай. Енді, оны белгілі бір деңгейде бейбіт жолмен шешу шаралары жоғары деңгейде тұрғандардың мүддесіне сай келмеуі де мүмкін. Мәселен, Сирияның ішкі мәселесін шешеміз деп, аймақтық державалардың текетіресін ушықтырып алуға болады. Сол сияқты Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға деген құлшыныс дала командирлері үшін тиімсіз болуы ықтимал", - деді Казанцев бүгін Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында өткен жиын барысында. Саясаттанушы өз пікірін бейнебайланыс арқылы білдірді.
Оның айтуынша, бүгінде Сириядағы шиеленістің күрделі екенін ескерсек, оны нақты біреу басқарып отыр деп айту қиын. Дегенмен, қазіргі кезде билікке Трамптың келуімен АҚШ пен Ресей сияқты әлемдік державалар деңгейіндегі қарым-қатынас жақсарып келеді. Түркия да Ресеймен ымыраға келді. "Алайда, Сауд Арабиясына Ресейдің Түркиямен, оған қоса, АҚШ-пен жақындасуы ұнамай отыр. Міне, аймақтық деңгейде осы бір мәселе бар. Ал, ең төменгі деңгейде Сирияның өз ішіндегі дала командирлерін ауыздықтау қажет", - деп атап көрсетті саясаттанушы.