деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әріптестеріміз кенеттен болған оқиға кезінде өздерінің кәсіби міндеттерін адал әрі мінсіз атқарып, азаматтық борыштарын өтеу үстінде өмірлерін сарп етті. Бұл олардың ағайын-туыстары мен отбасы үшін ғана емес, барлығымыз үшін де үлкен қайғы. Ақпанның 18-інде бомбапанада шыққан өрттің шығу себебін анықтау бойынша комиссия құрылды. Қазір біз үшін азаматтарды жерлеуді ұйымдастыру, олардың отбастарына моральдық және материалдық көмек көрсету маңызды. Осы ретте жергілікті атқарушы органның резервінен кезек күттірмейтін шығыстар үшін 2010 жылға қарастырылған қаражаттар есебінен, құрбан болғандардың жанұяларының әрқайсысына 1 миллион теңгеден есептегенде барлығы 3 миллион теңге көлемінде қаржы бөлуді сұраймын», - деді ол.
Қала әкімінің бұл ұсынысын мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады. Қаржыны үлестіру Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жүктелді.
Айта кетейік, елордадағы бомбапанада болған өртте мерт болған азаматтардың отбастарына материалдық көмек көрсету туралы тапсырманы кеше, ақпанның 19-ы күні өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов берген болатын.
Естеріңізге сала кетейік, Астанадағы Ықылас Дүкенұлы атындағы көшедегі технопарктің аумағында орналасқан бомбапанадағы өрт ақпанның 17-сі күні шықты. Жалынның шарпыған аумағы шамамен 500 метрді құрады (бомбапананың жалпы аумағы 1080 шаршы метр). Тілсіз жауды ауыздықтау барысында үш адам қаза тапты. Олар Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Валерий Зайцев, департаменттің алтыншы өрт сөндіру бөлімінің бастығы, майор Руслан Кәкішев, арнайы өрт сөндіру бөлімі қызметі бастығының орынбасары Саят Әбеев. Олардың денелері кеше, ақпанның 19-ы күні, таңғы сағат 7-лерде табылды.
Кеше өткен Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко бомбапана күрделі, әрі оның қабырғасы мен шатыры айтарлықтай қуатты болғандықтан өртті сөндіру қиынға соққанын айтқан болатын. Сондықтан астаналық құтқарушыларға көмекке Қарағандыдан жабық жерлердегі ауаны сорып алатын құрылғы шақырылды. «Ол құрылғы жабық жердегі кислородты сорып алып, өрт үдерісін басу үшін қолданылады. Құрылғы кеше күні бойы жұмыс істеді және өзінің рөлін атқара алды. Біз бүгін таңертең бомбапананың ішіне кіруге мүмкіндік алдық. Онда қаза тапқан адамдарды тауып, олардың денесін сыртқа шығардық», деген болатын В.Божко.
Бомбапанадағы өртті толығымен ауыздықтау екі күннен кейін ғана мүмкін болды. Ал оның шығу себебін Астана қаласы әкімінің орынбасары Василий Крылов төрағалық еткен арнайы комиссия анықтайтын болады. Бомбапана Астана қаласының мүлкі болып табылады. Онда халықты қорғауға арналған мүліктер айтарлықтай көп көлемде сақталған.
С.Әбеевпен қоштасу бүгін, ақпанның 20-сы күні сағат 10-да оның қызмет орнында (АӨБ-3) өтеді. Ал В.Зайцев және Р.Кәкішевпен қоштасу жексенбі, ақпанның 21-і күні сағат 9.00-де «Жастар» сарайында өтеді.