Елорда басшысының тұрғындардан келіп түскен өтініш-тілектерді жеке бақылауына алғандығы туралы осыған дейін хабарланған болатын. Өтініш-тілектердің басым бөлігі қала аумағындағы ашық жатқан құдықтар мен жол қозғалыс бөліктерінің сапасына қатысты. Қала басшысы бұл жағдайды тез арада қалыпқа келтіруді тапсырғанымен тиісті шаралар атқарылмаған. Осыған байланысты бүгін қала әкімі Алматы және Сарыарқа аудандарының әкімдеріне, сонымен қатар қаланың коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысына ескерту жасады. Ә.Жақсыбеков қаланы азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аударып, азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу бойынша кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлеуді және қаланың азық-түлік инфрақұрылымын салуды тапсырды. Аудан әкімдерінің коммуналдық қызметтердің дайындығы туралы баяндамасын тыңдап, қыс кезінде кәсіпорындардың жұмыс істеу кестесін бақылауды күшейтуді, сонымен қатар, қала аумағында қар жинауды уақытылы қамтамасыз етуді тапсырды. Қала басшысы барлық қалалық қызметтерден сеніп тапсырылған нысандардың техникалық жағдайын және қыста жұмыс істеу кестелерін сақтауын бақылауды күшейтуді, қар жинау және уақытылы қар шығару бойынша механизацияланған бригадалардың технологиялық сұлбалары мен жұмыс кестесін оңтайландыруды талап етті. - Бүгін қаралған мәселелер өте маңызды және бақылауды, жедел шешім қабылдауды қажет етеді. Қалалық ведомстволар мен кәсіпорындардың барлық басшылары менің тапсырмаларымды сапалы және уақытылы орындамағаны үшін жеке жауап беретін болады, - деп атап өтті Ә.Жақсыбеков. Қала басшысы Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға ерекше назар аударды. Онда Астанаға инфрақұрылымды жақсарту және қаланың индустриалды әлеуетін дамыту жөніндегі ауқымды міндеттер қойылды.
18:13, 17 Қараша 2014
Астана қаласының әкімі Алматы және Сарыарқа аудандарының әкімдеріне ескерту жасады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласы әкімдігінде қала басшысы Әділбек Жақсыбековтің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті, деп хабарлады astana.kz.