Астана қаласының әкімі Бөгенбай батыр даңғылында орналасқан көпірдің толықтай іске қосылу салтанатына қатысты

sp;АСТАНА. Қарашаның 16-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қатысуымен Бөгенбай батыр даңғылында орналасқан  көпір толықтай іске қосылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 И.Тасмағамбетов алдымен құрылыс жұмыстарын жүргізген жұмысшыларға алғысын білдіріп: «Көпір Астанада автокөліктердің емін-еркін жүріп-тұруына үлкен септігін тигізетінін және алда талай жол айырықтары мен көпірлер салынатынын»,   атап өтті.

 Қала әкімінің айтуынша, құрылысы 4 жылға созылған көпірдің жалпы ұзындығы 1825 метрді құрайды және онда 13 мыңнан астам металл және 8 мыңға жуық бетон құрылымдары пайдаланылған. Сондай-ақ эстакадаға 1361 діңгек қосымша қағылды. «Біздің қалада мұндай ұзындықтағы көпірлер әлі салынған жоқ және ол тәулігіне 100 мыңнан астам автокөлікті өткізуге қабілетті»,  деді ол.

 Бұл көпірмен Бөгенбай даңғылы мен Уәлиханов көшелері арқылы Ақжол көшесіне, Павлодар күре жолына және Ағаш зауыты   шағынауданына түсуге болады. Көлік-жол айырығы жобасын жүзеге асыру аясында бас мердігер «Джейлан Лимитед» ЖШС  темір жол және Угольный көшесі арқылы өтетін ұзындығы 138 және 78 метр болатын темірбетонды жол өткелдерін, Бөгенбай даңғылы мен Угольный көшелерінің қиылысына жол айырығын салды. Сондай-ақ 1825 метр учаскедегі жол жабындарына қайта жөндеу жұмыстарын жүргізді.

 Айта кетейік, түрік компаниясы «Джейлан Лимитед» ЖШС 2006 жылғы ақпанның 6-да мемлекеттік сатып алулар аясында жасалған келісімшартқа сәйкес жұрт арасынды «бүкір көпір» аталып кеткен осы нысанды 2008 жылғы тамыздың 20-на дейін пайдалануға беруі тиіс болатын. Алайда құрылыс барысында бас мердігердің жобалық құжаттарында нысанның сапасына әсер ететін кемшіліктер анықталып, құрылыс тоқтатылды. Сот органдарының араласуымен 2008 жылдың қарашасында «Джейлан Лимитед» ЖШС-ға келесі жылы көпір құрылысын толығымен аяқтау міндеті жүктелді. Ал 2009 жылдың шілдесінде эстакаданың сол жақ бөлігі іске қосылған болатын.